Basty bet
«Ұлттық ономастика – Ел айнасы»
Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет. Мемлекеттік қызметшілердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету, ұлттық құндылықтарымызды қорғай білу. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтау. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек.
Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері ұлт мәртебесін көтеріп тұлғаларымыыз бен ауданымыздағы ұмыт болған байырғы, дәстүрлі атаулар қайтарылды. Барлық елді мекендер толығымен қазақшаланды. Кеңес дәуірінен қалған ескі атаулар жаңартылды.
Аудан әкімі аппараты мен аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ауылдық округі әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілері арасында «Ұлттық ономастика – Ел айнасы» аудандық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік тіл саясаты барысындағы жұмыстарын күшейту, ономастика саласына жауапты мамандарының атау беру және қайта атау жұмыстарын жетілдіру және дамыту, еліміздің топонимикасына құрметпен қарауын дәріптеу.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші команданы таныстыру кезеңінде командалар өздерін слайд арқылы, бірі қара сөзбен, бірі өлеңмен өздерін таныстырды.
Бұл кезеңде Билікөл, Қошқарата және Қызыларық командаларының таныстыруы сәтті шықты.
Екінші “Атаулар сыр шертеді” сайысында командалар еліміз тәуелсіздік алғалы бері өз аймақтарында өзгертілген атаулардың нақты статистикасын слайд, бейнеролик арқылы көрсетті. Бұл кезеңге барлық қатысушы команда жақсы дайындалған.
Үшінші кезең “Жер-судың аты – тарихтың хаты” деп аталды. Бұл кезеңде LED экраннан ауданымыздың танымал жерлерінің суреті көрсетіледі. Командаралар ол жердің атауын, оның ауданымыздың қай аумағында орналасқанын және қысқаша тарихын айтты.
Төртінші “Ономастика” сайысында әр командаға екі сұрақтан қойылды. Бірі ономастика саласын реттейтін заңнамаларға негізделген сұрақ, екіншісі викториналық сұрақтар.
Жалпы байқауға барлық команда жақсы дайындықпен келген. Команда мүшелері белсене атсалысты. Байқау нәтижесінде І орынды Билікөл ауылдық округі әкімі аппаратының «Бастау» командасы, ІІ орынды Қызыларық ауылдық округі әкімі аппаратының «Алатау» командасы, ІІІ орын Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының «Мыңбұлақ» командасы мен Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратының «Нұрлыкент» командасы иеленді.
Сонымен бірге «Тарихи атаулар – ұлт болмысы» номинациясымен Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының «Ақсай»командасы марапатталады. Жеңімпаз командалар арнайы Диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”