Basty bet

Әке ұлағаты ұрпақтар жадынан өшпейді…

Сөз басы немесе майдангер Қуаныш Рахметұлының өмір жолы туралы

«Біз майданда болдық. Белуардан қан кешіп, тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн-түн демей еңбек етіп, Жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды ақтау үшін істедік. Сөйтіп, оны абыроймен ақтадық. Бұл Жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары да аз емес. Қол-аяғын беріп, елге мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес. Ұлы Отан, туған елім, туған жерім. Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бірде-бір семья жоқ. Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың басымыздан өтті».
Даңқты қолбасшы, Отан соғысының басты қаһармандарының бірі, қазақ халқының аймаңдай перзенті Бауыржан Момышұлы соғыс туралы осылай толғайды. Қан майданды өз көзімен көріп, от пен оқтың ортасынан аман келген хас Батырдың бұл сөзі соғыстың қалай болғанын, тылдағылардың ауыр еңбегін түсінікті етіп суреттеп тұр емес пе?!
Ұлы Отан үшін болған сұрапыл соғыстың бел ортасында болып, елге тірі келгендердің бірі Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы Қуаныш Рахметұлы болатын. Ол да соғыс қайғысын көрудей-ақ көрді. Елге, туған ауылына өзінің бірен-саран қатарластарымен бірге аман оралып, кейінгі жылдары Сыр өңірінің дамуына, жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына аянбай еңбек етті…
Иә, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Қуаныш Рахметов кім, оның өңір дамуына сіңірген қандай еңбегі бар еді? Алдымен осыған тоқталайықшы…
Ол 1922 жылы Сыр өңіріндегі Қазалы ауданына қарасты қазіргі Алға ауылдық округіндегі Үрмаш Түктібаев ауылында дүниеге келген. Алғаш 1934 жылы Арал, Қазалы қалаларынан 6 кластық білім алған, 1937 жылы Қызылорда қаласындағы жұмысшылар факультетіне (РАБФАК) оқуға түсіп, оны 1941 жылы бітірген. Кейіннен Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітірген.
1941 жылдың қыркүйегінде Қазалы ауданындағы Майлыбаш бастауыш мектебіне мұғалім болып орналасып, сол жылдың қазанында Кеңес Армиясының қатарына шақырылады. Қ.Рахметов Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, белуардан қан кешкен жандардың бірі болды. 1942 жылдан 1943 жылдың 11 қаңтарына дейін Сталинград майданында, 1943 жылдан 1944 жылдың 1 шілдесіне дейін Прибалтика майданында атқыштар ротасында әскер шебінде болған. 1945 жылы сәуірде әскерден босатылған. 1946 жылғы 8 сәуірде №50 атқыштар ротасы командирінің қолы қойылған «1941-1945ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Әскер қатарынан босаған соң Қуаныш Рахметұлы бейбіт өмірдің майданында алдыңғы қатарда аянбай еңбек етті. Бейбіт өмірдегі еңбек жолын лайықты жалғастырған ол 1946-1952 жылдары Қазалы ауданындағы Бозкөл мектебінің директоры, №88 қазақ орта мектебінде қазақ тілі және орыс тілі пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Сонымен қатар, түрлі себептермен ауылда орта білім ала алмаған жастар үшін жұмысшы жастар мектебінің (кешкі мектептің) ұйымдастырылуына атсалысып, өмірінің соңына дейін сол мектептің директоры қызметін атқарады.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп ұрпағына ұлағат қалдырған біздің халқымыз үшін ұлттың болашағын, жас ұрпақтың келешек өмірін тереңнен ойлаған азаматтардың орны әрине, бөлек. Тұтас бір ауданның дамуына атсалыса жүріп, ауылдастарының арасынан білімге ұмтылған азаматтардың қатарында Қуаныш Рахметовтың болғанын ауылдастары әлі күнге дейін аңыз етіп айтады.
Ұстаздық қызмет пен шәкірт тәрбиелеуде қажырлы еңбек етіп, шәкірттерінің терең білім алуына ықпал ете білген ол жанашыр ұстаз да бола білді. Бойындағы биік адамгершілік, парасаттылыққа толы қасиетімен қарапайым еңбек адамы ретінде де ауылдастарының арасында үлкен беделге ие болды. Адам ұрпағымен мың жасайтын болса, ұстаздың да есімі шәкірттері арқылы танылады емес пе? Ұлағатты ұстаздың алдын көріп, тәлімін алған шәкірттер бүгінде кең-байтақ Қазақстанның әр қиырында әр салада ел дамуына қалтқысыз қызмет етіп жүргені де зор мақтаныш.
«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»,- дейді Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов. Қуаныш Рахметов те бар саналы ғұмырында туған-туыстармен қатар, өзгеге де қолдан келген көмегін аямаған абзал жан болды. Тәлімдік, тағылымдық қасиеттерді бойына жинақтаған ол өз замандастарының, дос-жарандары мен әріптестерінің, ағайын-туыстарының арасында, шәкірттеріне де сыйлы бола білді. Өз кіндігінен тараған балаларының да өмірлік ұстанымдарына бағыт-бағдар беріп, ізгілікке баулығаны өз алдына өр төбе.
Соғыс және еңбек ардагері Қ.Рахметов 1977 жылы 55 жасында қайтыс болады. Балаларының өсіп, олардың қанатының қатайғанын, өмірде өз орындарын тапқанын көру – әрбір әкенің арманы болса, тағдырдың жазуымен ол бұл бақытты көре алмады…

Орнында бар оңалар немесе Қазалы мен Жуалының арасы…

Иә, сұрапыл соғысты өз көзімен көріп, елге келгеннен кейінгі аз ғана өмірін өңірдің дамуына арнаған Қуаныш Рахметұлы құдай қосқан асыл жары Сәлима Махамбетқызы екеуі құрған отбасында өнегелі ұрпақтар тәрбиелеп өсірген ұлағатты ата-аналар болатын. Марқұм Сәлима әжейдің де балғын балалық шағы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңімен тұспа-тұс келіп, соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнына тылда тер төгіп, жастайынан ауыр бейнетті кешіп өсті. Ол барлығы үйелмелі-сүйелмелі тоғыз баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген алтын құрсақты ана болатын.
«Алтын алқа» алқасының иегері. Отағасы дүниеден өткен соң тұрмыс- тауқыметін мойымай көтеріп, өмірдің ащы-тұщысын көрген аяулы ана Сәлима әжей балаларын ел қатарына қосып, жеткізді. 2017 жылы 87 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қазалы өңіріне танымал осындай ата мен ананың отбасында тәлім алған ұл-қыздары бүгінде үйлі-баранды. Барлығы да орта арнаулы және жоғары білімді мамандар. Бірі мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарса, бірі заман ағымына қарай жеке кәсіптермен айналысуда.
Үлкен ұлы – Мұратқали зейнет жасында. Бүгінде қасиетті Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында отбасымен бірге түтін түтетіп отырған Мұратқали Қуанышұлы осы өңірдегі ел ағаларымен бірге қызмет етуде. Өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып, ел құрметіне бөленіп жүр. Дәлірек айтқанда, ол аудандық билер кеңесінің төрағасы. Бірқатар марапаттардың иегері.
Осы тұста М.Рахметовтың өмір жолына да аз-кем тоқталып өткенді де жөн көріп отырмыз. 1971 жылы орта мектепті бітірген ол алғашқы еңбек жолын туған ауылында жұмысшы болып бастайды. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін комсомолдық жолдамамен ҚазМУ-дің қалашығында республикалық екпінді комсомол құрылыс отрядының құрамында «Университетқұрылыс» арнайы құрылыс монтаж басқармасына 1-ші разрядты жұмысшы ретінде орналасқан. Ол үздік құрылысшы М.Сейдахметовтың бригадасымен ҚазМУ қалашығындағы биология факультеті ғимаратын және студенттер тамақтанатын орталықтың құрылыс нысандарында өнімді еңбек еткен.
Биыл ҚазМУ қалашығының салынғанына 50 жыл толуына байланысты өткізілген іс-шараға арнайы шақырылып, «ҚазГУ ГРАД ардагері» аталатын мерекелік медальмен марапатталып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Құрмет грамотасына ие болды.
Дәм-тұз бұйырса, адам қай жерге барып тұрақтамайды?! Әулеттің үлкені, ерлі-зайыптылар Мұратқали Рахметов пен Бағдат Тілеужанованың отбасы 1997 жылы Қазалы ауданынан Жуалы ауданына біржолата қоныс аударады. Олар отбасында алтын асықтай бес ұл тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы осында орта мектепті үздік бітіріп, жоғары білім алған білікті мамандар. Бүгінде Қазақстанның әр өңірінде өз мамандықтарымен қызмет ету үстінде. Айта кету керек, бұл әулеттің кенже ұлы Өмірбек те отбасымен бірге Жуалы ауданында тұрып жатыр.
М.Рахметов осында қоныс аударғаннан кейін қасиетті өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген азаматтың бірі. Бұл ең алдымен кімге болсын, құшағы ашық, қонақжай жуалылық жұртшылықтың жақсылығы десек, екінші жағынан ешкімді жатсынбайтын азаматтың да ерекше қасиеті болса керек. Жаңа қонысты жатсынбаған Мәкеңдей азамат бес жылдан бері аудандық билер кеңесінің жұмысына араласып, өз әріптестерімен бірге медиация тәртібімен дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей шешуге, араздасқан тараптарды татуластыруға барынша күш салуда. М.Рахметов жұртшылықтың қолдауымен 2022 жылдың басынан аудандық билер кеңесінің төрағасы болып сайланды.
«Елге бай құт емес, би құт» демекші, ауданға қарасты 14 ауылдық округтегі билер кеңесі мүшелерінің басын біріктіріп отырған аудандық билер кеңесінде жыл басынан 80 іс қаралды. Оның 37-сі сотқа дейінгі істер. Оның ішінде, азаматтық, отбасылық дау-жанжалдар, неке бұзу (ерлі-зайыптылар арасында) туралы істер бар. Міне, билер кеңесінің мүшелері көп ретте азаматтар арасында туындаған осындай мәселелер мен дау-жанжалдарды медиация тәртібімен реттеуге, көп жағдайда дауласқан тараптарды өзара татуластырып, бітістіруге күш салу үстінде. Бұл – әрине, ең алдымен ел іргесінің бүтіндігі үшін, жергілікті тұрғындар арасындағы татулықты сақтау, ынтымақ-бірлікті арттыру үшін қажет.

Сөз соңы немесе жақсының аты өлмейді…

Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, ұрпақтарына ұлағатты әке, талантты шәкірттерді түлете білген білікті ұстаз – Қуаныш Рахметұлының туғанына 100 жыл толмақ. Осынау мерейтойдың қарсаңында соғыстан кейінгі 30 жылдан астам уақытын қасиетті Сыр өңіріндегі Қазалы ауданының білім саласының дамуына арнап, осындағы ел-жұртқа ұстаздық еңбегін сіңірген, тиісінше, туған жер түлектерінің танымал азамат болуына қомақты үлес қосқан ғибратты ғұмыр иесі Қуаныш Рахметұлының рухына арналып бірқатар іс-шаралар жасалады деп жоспарлануда.
Ердің еңбегі қашанда көп жасағанынан емес, елге сіңірген көп еңбегімен бағаланады емес пе?! Жарты ғасырдан сәл астам ғана саналы ғұмырында жас ұрпаққа үлгі-өнеге болған Қуаныш Рахметұлындай азаматтың атын жаңғыртып, ардагер ұстаздың қиындыққа толы өмір және еңбек жолдарын бедерлеген барлық құнды құжаттарды әулеттің үлкен ұлы Мұратқали Рахметов Ұлттық архив қорына өткізді.
Туған жерінде, дәлірек айтқанда, Қазалы ауданындағы өзі туып-өскен Алға ауылдық округіндегі Үрмаш Түктібаев ауылында соғыс және еңбек ардагері – Қуаныш Рахметұлының атын ұлықтап, жас ұрпақтың есінде қалдыру жайы да пысықталып жатқанға ұқсайды. Сәтті болсын дейік!
«Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас»,- деген сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың өлең өнегесіне жүгінсек, ел есіндегі аға ұрпақтың көрнекті өкілі – Қуаныш Рахметұлының сондағы жергілікті жұртшылық жадындағы асыл бейнесі жаңа заман тұрғысынан жаңғыртылмақ…
Елге еңбек сіңірген ерлерін ұмытпаған ел қашанда бақытты емес пе?

Сейітхан ЖҰМАШЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның
Жуалы аудандық филиалының төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жуалы ауданы

Таңдаулы материалдар

Close