Basty bet

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арналған дәстүрлі Жолдауларында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес-идеяларды қолдау шаралары туралы кеңінен айтты.
«Еңбек еткеннің – еңсесі биік» демекші, ниеттенгеннің екі қолына бір күрек табылары анық. Кәсіп ашып, еңбек ету, бұл – бүгінгі күннің талабы. Бұл заман «алма піс, ауызға түс» деп керіліп жататын кез емес. Мемлекет кәсіп ашып, ырзық табуға ниеттілерді қашанда қолдап келді. Оны күнделікті көзімізбен көріп те, естіп те жүрміз. Біздің ауданымызда да жеке кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып кәсібін бастауда.
«Жас келсе, іске!» демекші, кәсіптің көзін тауып, ісін дөңгелетіп отырған жастардың да қатары жыл сайын артып келеді. Жас кәсіпкер Дастан Аязбек та сондай жастардың бірі.
2022 жылы шағын және орта кәсіпті қолдау бағдарламасы негізінде «Даму» қоры арқылы 4% пайызбен 3 миллион жеңілдетілген несие алып, өз ісін бастады.
Кәсіпкерлікпен айналысу Дастанның бала күнгі арманы екен. Талай мәрте ашқысы келетін кәсібін арнайы бағдарлама арқылы анықтап, бизнес жоспар құрыпты. Оны жүзеге асыру үшін қаржы тетіктерін қалай тарту керектігі жөнінде ізденген көрінеді.
2021 жылы нар тәуекел деп «As`salam» фаст-фуд өнімдерін даярлайтын дәмхана ашқан. «Ассалам алейкум» бұл әлемнің сәлемі ғана емес, сонымен бірге жұмақ тұрғындарының сәлемі деген мағына. Дәмхананың ерекше атауын мақсатты түрде осылай атаған екен. Онда бара қалсаңыз, азғантай уақыттың ішінде суши, донер, гамбургерді дайындап береді.
Бір қызығы дәл осындай фаст-фудқа жастар жағы үйір болып алған. Соңғы кездері адамның тәбетін ашатын бұл ас түрлері үлкендерді де өзіне баурап бара жатқанын көзіміз көріп жүргенін несіне жасырайық. Кәсіпкер көбінесе пицца, донер, суши сынды тез даярланатын тағамдарға тапсырыс қабылдайды. Телефон арқылы түскен тапсырысты да уақтылы жеткізіп отырады.
Бүгінде суши, ролды білмейтін адам кем шығар. Өйткені аз ғана уақыттың ішінде жапон асханасының бұл тағамы қалада ғана емес, ауыл-аймақта да дами бастады. Күріш, күріш сіркесуы, шикі балық, васаби, теңіз балдыры, жанжабіл мен соя соусынан жасалатын сушиды қазіргі кезде сүйіп жейтіндер арамызда көбейе түскен. Аталған тағамға қажетті өнімдерді «Асдекор» кондитерлік дүкенінен алдыртады. Студенттік кезде Тараз қаласында танымал фастфудтарда даяшы, администратор болып жұмыс істеп, аталған тағам түрлерінің қыр-сырын үйренген. Ол бүгінде төрт ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 2023 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығының қолдауымен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша алғашқы жұмыс орны бағдарламасы негізінде даяшы қыздардың айлықақысы субсидияланды.
– Ауданда суши жасайтын орынның жоқтығын және жастар арасында сушидың танымалдығын ескере отырып, ауданда аталған тағамға тапсырыс беретін орынды бірінші болып ашқым келді, – дейді жас кәсіпкер Дастан Аязбек.
Кейіпкеріміздің айтуынша, екі бірдей дипломы бар. Колледжді – «электрлік және электротехникалық пайдалану, қызмет көрсету, жөндеу» мамандығы бойынша университетті «ақпарат қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген.
Бүгінде отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Жас кәсіпкер, сан түрлі қиындықтарды да, жетістіктерді де басынан өткеріп, істеген ісінің нәтижесінен сабақ алуды жақсы меңгерген. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді көздейді.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close