Basty bet
Сергіткіш сусындар кімге керек?
Жастар арасында кеңінен танымал осы бір сусын төңірегінде дау көп. Бірі оны зиян десе, бірі керісінше айтарлықтай қауіпті емес дейді. Қалай десек те, ағзаға қуат беретін энергетикалық сусынға деген тәуелділік көпшілік арасында белең алып барады.
Жарнамасы жер жаратын энергетикалық сусынды шаршағанды басу, бойға күш жинау үшін пайдаланатыны белгілі. Алайда оны жиі тұтыну оған деген тәуелділікті арттырып, денсаулыққа кері әсерін тигізеді деген болжам бар.
Құрамы қандай?
Мамандардың айтуынша, сусынның құрамы бірнеше қоспалардан тұрады. Мәселен, глюкоза, матеин, мелатонин, таурин, гуарана, карнитин, кофеин, женьшень, рибоза, инозит сынды қоспалар болады. Сондай-ақ В тобының дәрумендері де кездеседі екен. Аталған қоспалардың бірі шаршағанды басса, екіншісі тоқтық сезімін тудырады, ендігісі энергия береді. Соның нәтижесінде сусын ішкен адам 3-4 сағат көлемінде сергек жүретін көрінеді. Бірақ оның барлығы адам ағзасына зиян дегенді білдірмейді екен.
Әлемнің 170-тен аса елінде қолданылатын сусынның зияны туралы тұтынушы елдің ғалымдары дабыл қағуда. Оларды алаңдататын басты нәрсе – құрамындағы қант қоспасының мөлшерден тыс болуы. Сонымен бірге кофеиннің де жүрек қызметіне кері әсері барын алға тартады. Бұл орталық ойлау жүйесінің жұмысын арттырғанымен, тахикардияға соқтырады-мыс.
– Көпшілік энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деп ішеді. Шындығында, бұл тек энергия қоздырушы ғана. Энергия адам бойында болғандықтан, оны өзіміз өндіруіміз керек. Ол үшін спортпен шұғылдану, саламатты өмір салтын ұстану қажет. Дегенмен қазір көбі кеңседе жұмыс істейді. Азаннан кешке дейін компьютер алдында отыратындықтан энергия азаяды. Мұндай өмір салты денсаулыққа кері әсер береді. Адамдардағы шаршағыштық, әлсіздік осындай біліне бермейтін дүниелерден туындайды. Ал энергетикалық сусындар бойға қосымша күш беретіндіктен қажеттілікті туындатады. Бұл уақыт өте ұйқыны бұзып, жүйкені тоздырады. Адам кофеинге тез әуестенеді. Сусынға тәуелділік те осыдан пайда болады, – дейді облыстық медицина орталығының кардиологы Гүлнұр Оспанова.
Шегін білген жөн
Дәрумендердің ағзаға пайдалы екенін бәріміз білеміз. Тұтынушылар арасында энергетикалық сусындар да сол пайдалы дәруменнен құралған деген пікір бар. Бұл тұрғыда мамандар мұндай сусындардың екі түрі барын айтады. Оның бірі кофеиннен құралса, ендігісі дәрумендер мен көмірсулардан тұрады. Құрамында кофеин бар сусын ағзаға зиян. Мұны көбіне студенттер мен кеңсе қызметкерлері ішеді. Ал екінші түрін уақытының көп бөлігін спорт залда өткізетіндер пайдалануға болады.
Денсаулық саласының мамандары әр нәрсенің өз шегі болатынын, мөлшерден тыс дүние кесірін тигізетінін жасырмайды. Тіпті қара судың өзін артық ішсең ағзаға зиян келеді екен. Сол сияқты мұндай сусындарды қанша күш жинағың келсе де күніне 2 құтыдан артық ішуге болмайды. Оған қоса онымен бірге алкогольді сусынды қолдануға болмайды.
– Қанша дәруменді қоспасы бар сусын болса да мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Жастар не нәрсеге де тез бейімделгіш, ерме келеді ғой. Сусынға деген тәуелділіктің өзі зиян екенін аңғартады. Осыны ескеру қажет. Шектен тыс ішуге, алкогольді өніммен бірге тұтынуға болмайды. Біраз жыл бұрын бір жағдай болған. Демалыс күнін пайдаланып алкогольді ішімдік ішіп, ертесі жұмысқа шаршаңқы күйде келген жас жігіт ұйқысын ашу үшін энергетикалық сусын ішкен. Салдарынан жүрек соғысы жиілеп, есінен танған. Ауруханаға жеткізілгенде жағдайы ауыр болды. Бүйрек қызметінің бұзылысы пайда болды. Мұның салдары өлімге әкелуі де әбден мүмкін. Жастар денсаулығын өз қолымен улап жатқанын білуі керек, – дейді кардиолог маман.
Жалпы спортпен шұғылданатындар үшін де энергетикалық сусындар қауіпті саналады. Сондықтан оларға жаттығудан кейін мұндай сусынды ішуге болмайды екен. Жоғары да саламатты өмір салтын ұстанатындар үшін энергетикалық сусынның дәруменді түрі бар екенін айтқанбыз. Дегенмен бұл оның пайдалы екендігін білдірмейді.
Тыйым бар ма?
Сергіткіш сусынды пайдалануға кейбір шет елдерде тыйым салынған. Олар сусынды жиі тұтынған адам бойында қорқыныш, ашушаңдық, үрей пайда болатынын, сондай-ақ құрамында есірткі заты бар деп болжаған. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мұндай сусынды балаларға сатуға тыйым салған. Мәселен, Австралия, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясы елі бұл сусынды сатуға да, ішуге де тыйым салған. Ал Дания, Норвегия мемлекетінде тек дәріханада сатылатын көрінеді.
Бұған қатысты тыйым елімізде де болған екен. Еліміздің мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 2013 жылы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды орта және арнаулы орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік шараларда сатуға» тыйым салынған. Содан бері он жылға жуық уақыт өтсе де, сергіткіш сусын саудасы тыйылған жоқ. Есесіне жарнамасы жер жарып, күннен-күнге тұтынушы қатары артып келеді десек артық болмас.
Кеш болмасын…
Сусыннан бұрын көзге түсетін сыртқы суреті «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» болатыныңды меңзеп тұрады емес пе? Қайсыбір сауда желісін алсақ та өндірушілер алдымен оның сыртқы келбетіне баса мән беретіні анық. Одан соң қолға ұстауға қолайлы, кез келген жерде алып жүруге болатындығы тағы бар. Ал дәмін татқаннан кейінгі жағдайды айтудың қажеті жоқ шығар. Осындай артықшылықтарымен озып тұрған сусындар тек жасөспірімдердің ғана емес ересектердің де сүйікті сусынына айналған.
– Студент болған соң энергетикалық сусынды жиі тұтынамын. Бойыңа қуат береді, ұйқыңды ашады. Ішсең сергіп қаласың. Кейде түнімен сабақ оқитын кездер болады. Ұйқылы ояу отырғаннан гөрі осындай сусынды ішіп, сергіп алсаң жақсы ғой. Зиян деп жатады. Біздегі қалыптасқан қасаң көзқарас қой. Кез келген өнімді біраз уақыт тұтынған соң зиян екен деп шығады. Оның да қадағалауы бар деп ойлаймын дейді, – қала тұрғыны Бекзат Қайратұлы.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасөспірімдерге энергетикалық сусындар, электронды темекіні сатуға тыйым салу керектігі туралы Үкіметке тапсырма берді.
– Бұл өскелең ұрпақтың және бүкіл халықтың денсаулығы үшін өте маңызды. Біз жастардың зиянды әдеттерге баруына жол бермеуіміз керек. Қазір көптеген жасөспірімдер мен мектеп оқушылары кез келген жерден оңай сатып алуға болатын электронды темекіні пайдалана бастады. Бұл өте қауіпті жағдай. Біздің елде 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Алайда бұл жағдай іс жүзінде байқалмайды.
«Ел бесіктен басталады» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, жас ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесін бүгіннен бастап ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.
Иә, денсаулық алдымен өзімізге керек. Кім қалай тамақтанатынын, нені тұтынып, неден бас тартатынын өзі шешеді. Тіршілікте табиғи өнімнен басқасының пайдалысы жоғын қазір бүкіл әлем мойындап отыр. Мүмкін жеңіл жолды іздегеннен гөрі, табиғи өнімді тұтынып, саламатты өмір салтын ұстанған жөн болар.
aqmeshit-aptalygy.kz