Basty bet

Алкоголь ішкенде не байқалады?

«Арақпен достастым дегенше,
адамдықпен қоштастым дей бер»
Халық мәтелі

Адамның организміне түскен этил спирті асқазан мен ішектің қабырғалары арқылы диффузияланады (сіңіріледі және таралады), бауырға тез жетіп, қанға беріледі. Масаю дәрежесі спирттің қандағы мөлшеріне (концентрациясына) байланысты болады. Қанда 0,5 г/л дейін спирттің болуы бірден байқалатын өзгерістер туғызбайды.
Спирттің 0,5-1 г/л концентрациясы кезінде елеулі масаңдық әлі байқалмайды, бірақ жүйке орталықтары қалыпты қызмет етуден қалады. Бұл әсіресе, автомәшине жүргізушілері үшін өте қауіпті жағдай. Көптеген медициналық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, бұл жағдайда апаттардың ықтималдылығы 14 есе артады. Қанда спирт 2 г/л шоғырланғанда мастық дәрежесі күшейе түседі: адам жүрісінен жаңылып, сөзі байланыссыз шығады.
Ішкіштік жыныс жүйесіндегі терең өзгерістермен қат-қабат жүреді. Ішкіш ерлер секілді әйелдердің де жыныс жасушаларының пісіп-жетілмеуі байқалады.
Алкогольмен масаюдың жеңіл дәрежесі әуелі көңіл-күйдің өзгеруінен байқалады. Бұл кезде адам себепсізден көңілді болып, қазіргісі мен ертеңі оған бейнебір жарқын түстегідей көрінеді, ол өз күшін, мүмкіндіктері мен қабілетін асыра бағалауға бейім тұрады. Жағымсыз жайлар мен қиындықтар оңай еңсерілетін, назар аударуды қажет етпейтін мәнсіз, бос әурешіліктей көрінеді. Мас адамға бұл жағдайда өз қалауын мүмкін болатын және жүзеге асатын нәрседен шектеу қабілетінің әлсіреуі тән.
Мас адамда мынадай ауытқулар сезіледі:
• назарын жіті тігу қабілеті нашарлайды.
• шұғылданып отырған ісінен көңілі оңай бөлініп, кездейсоқ мәні аз нәрселерге жиі назар аударады.
• есте сақтау қабілеті нашарлап, үстірт сезімдер басып кетеді.
Адамның мастық дәрежесі артқан кезде мыналар жалғасады:
• көру және есту талдауыштарының функционалдық қабілеті төмендейді.
• берілген белгілерді ажыратуға, шешімдер қабылдау мен қозғалыс реакциясын жүзеге асыруға қажетті уақыт ұлғаяды.
• көп ретте қозғалысын үйлестіруі бұзылады.
• қандай да бір міндеттерді шешерде, үйреншікті жұмыс операцияларын атқаруда қателіктер саны артады.
Осылайша бір жағынан мас адам алкогольдің уақытша әсерімен жеке басының мүмкіндіктерін асыра бағалап, қоршаған жағдайдың маңыздылығын жете бағаламауға бейім тұрса, басқа жағынан оның жұмысты атқару қабілеті төмендейді. Бұл өзіндік «қайшылар» өндірістік қызметте жаңсақ әрекеттерге, апатқа ұрындырады. Масаюдың күшеюімен импульсивтік мінез-құлқы мен жұмыс қызметіндегі қателіктер саны арта береді.
Мастық күйі әдетте бірнеше сағатқа созылады, одан соң көңіл-күйі біртіндеп қалыпқа түседі, ал сергектік сезімін әдеттегідей босаңдық пен ұйқышылдық басады.
Психикалық функциялардың өзгеруі, мінез-құлық пен қозғалыстарды үйлестірудің бұзылуы спиртті ішімдікті ішкеннен кейін (шамамен бір сағаттан соң) қандағы алкоголдің шоғырланымы белгілі бір деңгейге жеткен кезде пайда болып, ол төмендегенде жоғалып кетеді. Алайда, масаюдың айқын белгілері жоғалғаннан кейін де организм-нің физикалық және психикалық жұмыс қабілеттілігін айқындайтын бірқатар функционалдық жүйелердің қабілеті едәуір төмен болып қала береді. Олар көптеген сағаттар, күндер, айлар бойы біртіндеп, тек ішінара қалпына келеді.
Орташа дәрежелі масаю аса айқын бұзылыстың пайда болуымен сипатталады. Көтеріңкі көңіл күй, қамсыздық, жомарттық ренішпен, жақтырмаушылықпен, ызақорлықпен жеңіл алмасып, наразылық айту, ұрыс-керіс, озбырлық іс-әрекеттерге ұласады. Мас адам өз сезімдері мен қалауына ие бола алмайды.
Орташа масаю күйінде мыналар болады:
• тағдыршешті қылықтарды жиі жасайды.
• мас адам өз денесін әрең меңгереді.
• қозғалыстарды үйлестірудің бұзылғаны соншалық, ол түзу жолмен жүре алмай қалады.
• тілі икемге келмей, күрмеліп, дауысы бірде шектен тыс қатты, бірде бәсең шығады, бұл осы шақтағы есту қабілетінің нашарлауына байланысты.
• мас адам сөздерді іріктеуде қиындықтар сезінеді, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бірнеше мәртеден қайталай береді.
• орташа дәрежелі масаюда басы айналып, құлақ шуылын жиі сезінеді.
• қоршаған жағдайды иллюзиялық тұрғыда қабылдап, заттардың шамасын, олардың арақашықтығын бағалауда өрескел қателіктер жіберуі мүмкін.
• көңілділік пен сергектік айналасына қызығушы-лықтың төмендеуі, шаршау, әлсіздік сезімімен ауысып, біртіндеп ұйқышылдық басады.
• орташа дәрежелі масаю біртіндеп ұйқыға ауысады.
Орташа дәрежелі масаю күйіндегі жұмыс қабілетінің өзгеруі туралы сөз етуге келмейді, өйткені бұл күй жұмыстың кез келген түрін атқарумен сыйыспайды. Мас адам тек сындыруға, бүлдіруге бейім, бақытсыздыққа, апаттар мен өртке кінәлы болуы мүмкін.
Мастықтан кейін де жұмыс қабілетінің төмендеуі ұзақ уақыт байқалады. Жүйке және жүрек-қан тамырлары жүйелері, бұлшық ет күші мен төзімділік функциясының толық қалпына келуі үшін әдетте бір тәулік, бір ай емес, тіптен бір жылдың да аз болуы мүмкін.
Ішінара физиологиялық қалпына келу – бірнеше күннің (сағаттың емес) ісі. Бұл алкоголдің организмнің тіндерінде жүретін тотығу-қалпына келу процесіне өзгерістер әкелетіндігімен түсіндіріледі. Алкогольді организмнен шығарғаннан кейін қанда әлі де едәуір уақыт қант деңгейінің төмен деуі мен оның қышқылдық қасиеттерінің артуы байқалады. Организмнің ішкі ортасының бұл өзгерістері бірқатар субъективтік және объективтік симптомдардың: бас ауруы, аса шаршаңқылық, шөл қысу, тұрақсыз депрессивті көңіл-күй, тершеңдік, аяқ-қолдарының қалтырауы, жүректің қатты соғуы, артериялық қысымның ауытқуы, бұлшық ет әлсіздігі, қозғалысты үйлестірудің бұзылуы және т.т. пайда болуымен қабат жүреді.
Ауыр дәрежелі масаю алкогольмен терең улану симптомдарының пайда болуымен сипатталады: бас айналу, лоқсу, құсу, құлақ шуылы, дененің түрлі бөліктерінің жансыздану сезімі, қозғалысты үйлестірудің қатты бұзылуы, бұлшық еттер тонусының төмендеуіне әкеп соқтыратын ес-түссіз халге жиі түседі.
Ессіздік халі – алкоголь комасы үнемі сәтті аяқталмайды. Масаңдықтың бұл кезеңі үшін аурудың сыртқы пішіні тән. Ол тіптен айғайға да емес, аурудың маза бермеуіне де мән бермейді, оның жүзі алдымен қызыл қошқыл, кейіннен ақсұр тартады.
Маскүнемдік – созылмалы ауыр дерт, көбінше қиын емделеді. Ол алкогольді ұдайы ішу негізінде дамиды және организмнің айрықша патологиялық күйімен: спиртті ішімдікке қатты құмарлықпен, оған төзімділік дәрежесінің өзгеруімен және жеке басының азғындауымен сипатталады.
Маскүнемге мастық ең тәуір психикалық күй болып көрінеді. Бұл әуестік ішуді доғарудың саналы шешіміне бағынбайды. Ішкіш бар қуатын, күші мен ақылын спиртті ішімдікті табуға жұмсайды, ол шынайы жағдаймен санаспайды (үйде ақшаның бар-жоғы, жұмысқа шығу қажеттігі және т.т.). Бір ішкен соң толық масайғанша, есінен айырылғанша ішуге тырысады.
Әдетте, ішкіштерде құсу рефлексі жоғалады, сондықтан ішкенінің бәрі организмінде қалады. Осыған байланысты алкогольдің аса дес бермейтіндігі туралы айтылады. Бірақ, іс жүзінде бұл организмнің құсу және басқа да қорғаныш тетіктері арқылы алкогольмен уланумен күресу қабілетін жоғалтқан кездегі патологиялық күйі.
Кейбір ішкіштер өз жолдастарының алкоголге аса табандылығын мақтаныш етеді, мұны физикалық денсаулықпен байланысты деп есептейді. Ал шынында араққа аса төзімділік – басталып келе жатқан маскүнемдіктің алғашқы нышаны, қауіпті аурудың белгісі.
Маскүнемдіктің соңғы кезеңдерінде спиртке төзімділік күрт төмендеп, әккі маскүнемде тіптен шараптың аз мөлшері өткендегі арақтың көп мөлшеріндей әсер туғызады. Маскүнемдіктің бұл кезеңі үшін алкоголь ішкеннен кейінгі қатты масаю: өзін нашар сезіну, күйгелектік, ашушаңдық тән. Адам күн сайын, көп күн, тіпті апта бойы ішкілікке салыну кезінде патологиялық құбылыстар айқын байқалатын болады, оларды жою үшін медициналық көмек қажет.
«Спирт анатомиялық препараттарды қалбырлағаны секілді маскүнемнің де бүкіл жан дүниесі мен ойын түйіндеп тастайды», деп жазды Л.Толстой. Мұндай қалбырлаудың соңғы кезеңі қос көріну – ішкілікке салыну уақытындағы сипатты асқынудың бірі.
Міне, медицина ғылымдарының докторы Г.Энтин сипаттаған шынайы оқиғаның бірі мынадай. 26 жастағы науқас ішкеннен кейін бөтелкелестерінің «Ақшаны қарызға алдың, бізге бермедің, өзің іштің, бізді сыйламадың, сені өлтіреміз» деген үрейлі дауыстарын «естіген». Науқас өзіне қос көрінетінін, бөтелкелестерінің бұл бөлмеде жоқ екенін түсінетін секілді, дегенмен күшті үрейді бастан өткерді. Үйінен шығып, троллейбусқа мінді. Мұнда тағы да «Енді осы жерде сен бізден кете алмайсың. Есіктер жабық, қазір біз сені өлтіреміз!» дегенді естиді. Ауру есікке қарай жүгіріп, жүріп бара жатқан троллейбустан секіріп, қашып кетеді. «Дауыстар» соңынан айқайлап жатыр: «Ешқайда қашып құтылмайсың, бәрібір ұсталасың!».
Ауру дүкенге кіріп, сатушыдан өзіне өткір ұстараны беруді өтінеді. Оны ашып жіберіп, «қуғыншылардан» қорғануға қамдалады. Дауыстарына қарағанда олар дәл қасына төніп қалғандай, ауру есікке қарай тұра ұмтылады. «Біз сені осында өлтіреміз!» деген қатты дауыс пен кекесінді мысқылды естиді. Шығарға тесік таппаған ауру жанталаса беріп, ұстарамен өз тамағын орып жібереді. Осылайша, алкоголь ішкіштің өзіне қол жұмсауының кезекті актісіне себепкер болды.
Қос көріну – аса жиі кездесетін алкоголь психозы. Ол әдетте мастықтан кейінгі күйде болады, ішкішті есепсіз үрей, ұйқысыздық, қолдарының қалтырауы, қорқыныштар (қуғындау, тарпа бас салу және т.б.) шуылдар, шырылдар, көлеңкелердің қозғалуы түріндегі жалған көріністер мен күбірлер мазалайды. Бұл – қос көрінудің алғашқы белгілері. Оның симптомдары әсіресе, түнде айрықша білінеді.
Ауруда үрей сипатындағы ашық күйзелістер пайда болады. Ол айналасында жорғалап жүрген құбыжықтарға тап берген шіркейлерді, атжалмандарды көріп, әлдененің шаққанынан, соққанынан ауырсынуды сезінеді, үрейді естиді. Ол өзінің елестеріне (галлюцинация) аса қатты мән беріп, қуғыннан құтылу үшін қорғанады немесе қашады.
Тек спиртті ішімдікті асыра сілтеуден пайда болатын қояншықтың (эпилепсия) түрі анықталған. Қалтырау ұстамасы (талмасы) көбіне мастықтан кейінгі күйде пайда болады және спиртті ішімдіктен бас тартқанда тоқталады. Ұстаманың кезінде аурудың жүзі ақсұрланып, есінен айырылып құлайды. Ауру басымен еденге соғылып, түрлі жарақат алуы мүмкін. Шағын алкогольді қояншықта іс мынамен шектеледі: ауру бірнеше мезетке есін жоғалтады, кенеттен сөйлеуі тыйылып, тыншып қалады, бірақ құлап үлгермей жатып өзіне қайта келеді.
Осылайша ішкіліктің түріне қарамастан алкогольді әрбір ішу организмде айқын өзгерістер туғызады, ал кейінгі спиртті ішімдіктің көп дозасы жеке тұлғаның психикалық азғындауы мен жалпы ауруына әкеп соқтырады.
Алкоголь және ұрпақ өрбіту қызметі
«Отағасы ішсе жарты үй жанады,
ал әйелі ішсе бүкіл үй өртенеді»
Орта статистикалық есеппен алғанда ішкіш әйелдердің өмірі ішпейтіндерге қарағанда 10 пайызға, ал ішкіш еркектердікі 15 пайызға аз. Бірақ бұл алкогольден келетін залалдың сырт белгілері ғана.
Әйелдерде маскүнемдіктің етене салдарының бірі – балаларын емшектен емізе алмауы. Мамандардың бақылауынша, бұл қасірет алкогольді тұрақты ішетін әйелдердің 30-40 пайызында кездеседі. Спиртті ішімдіктер әсіресе бала туу қызметіне елеулі кесірін тигізеді. Біріншіден, маскүнемдік ерте қартаюға әкеп соқтырады. 30 жастағы ішкіш әйел әдетте, өз жасынан ересек көрінеді, ал 40 жасында ол кемпірге айналады.
Шараптың ұрпаққа тигізетін теріс әсері ежелден белгілі. Біздің кезімізден біраз бұрын ішкіш адамдарда балалардың өлі тууы мен түсік тастауы жиі кездесетін. Егер бала тірі туғанымен ол көбіне дамуында артта қалып, ақыл-ойы толыққұнды жетілмейді.
Ежелгі Грекия мен Римнің заңдары жас адамдарға спиртті ішуге тегіннен тыйым салмаған. Мас күйеудің әйелімен жақындасуына тыйым салынған. Жас жұбайлардың шарап ішуіне жол бермеу туралы заң шығарылған.
Русьте де бағзы заманнан өз тойында шарап ішу жамандықтың нышаны саналған. Балалар денсаулығының ата-аналардың хал-күйімен байланыстылығы басқа елдерде де маңызды мәселелер қатарында атап көрсетілген.
Шараптың шарана дамуына әсер ету механизмі
Жаңа туған нәрестенің денсаулығы ата-аналардың жыныс жасушаларының түзілу жағдайына, құрсақ ішіндегі дамуына, жүктіліктің өтуіне және түптеп келгенде туғаннан кейінгі дамуына байланысты болады. Осы кезеңдердің бәрінде шарана мен нәрестенің алкогольмен қауышуы өзінің физикалық және психикалық салдарымен қауіпті, өйткені кемтарлық (уродство) тәуекелі мен ауыру алкогольдің тірі организмге ықпал ету дәрежесіне қарағанда әлдеқайда артық. Зақымданудың нақты нысандары сондай-ақ алкогольмен улану дамудың қай кезеңінде жүргенімен де анықталады.
Құрсақ ішіндегі даму кезеңінде алкоголдің кесірінен ұрық немесе оның жеке ағзалары жетілмей қалып (кемтарлық), жас нәрестелердің шетінеуіне жиі әкеп соқтырады.
Ана сүтімен бала организміне түсетін алкоголь жүйке күйзелістерін (соның ішінде жүйке бұзылысын, ақыл-ойының артта қалушылығын), ас қорыту органдарының ауруларын (негізінен бауырдың), жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларын туғызады.
Аналары шарап пен сыра ішуі салдарынан емізулі балалардың алкогольмен улануының көптеген оқиғалары мәлім. Мұны не үшін істейді? Бұл сауалға зардап шеккен балалардың аналары көп жағдайда сүттің көбірек болуы үшін деп жауап береді. Сүт өнімін осылайша «ынталандыру» аса аянышты аяқталады: балаларда тырысу ұстамасы пайда болып, кейде тіптен нағыз қояншық талмасы дамыған.
Өткен ғасырдың соңында француз ғалымы Демме ішкіштер әулетінің үрім-бұтағын зерделей келе олардың тең жартысының балалары ерте бала жасында қайтыс болатынын, ал қалған 10 % қояншықпен және су мимен ауыратынын, 12 %-ның нақұрыс болып өсетінін, тек 10 %-ның ғана сау жетілетінін анықтаған.
Спиртті ішімдік ішетін әйел … бұл өзінен-өзі қасірет. «Отағасы ішсе жарты үй жанады, ал әйелі ішсе бүкіл үй өртенеді» деп халық текке айтпаса керек-ті. Баласының өз кінәсынан сау болып тумағанын білген ана қандай күй кешеді? Ана одан кейінгі бүкіл ғұмырында қиналады.
Мәселен, бір әйел (үмітсіз ішкіш емес) психикасы ауыр бұзылған бала туады. Дәрігерлер себебін анықтағанда жүктіліктің бүкіл кезеңінде болашақ ана алкоголь қосылған коктейль ішкені белгілі болады. Сергітетін сусынға ерітілген алкогольдің тек бірнеше грамы жеткілікті, нәрестенің психикасы ауыр бұзылады, бұл өмірінің соңына дейін оның пешенесіне сол ауыр тағдыр жазылған!
Әйелдің спиртті ішімдікті мүлдем аузына алуына болмайды. Мұнда ерекше жағдайдың болуы мүмкін емес! Бұл – заң! Ана болуға дайындалып жүрген әйел ұрықтың бастапқы даму кезеңінде дербес қан айналымының болмайтынын және алкогольдің кез келген дозасын ішкенде оның концентрациясының ана мен ұрықтың қанында бірдей болатынын білмеуі әсте мүмкін емес.
Маскүнемдіктің тұқым қуалауы
Ішкіш ата-анадан психикалық ауруды «еншілеу» ешқандай күмән туғызбайды. Маскүнемдікке алдын ала бейім тұру ұрпақтан ұрпаққа беріледі ме деген сұрақ та өте күрделі. Ежелгі грек жазушысы Плутарх «ішкіштен ішкіш туады» деп жазған. Алайда тек қазіргі заманғы генетиканың табысты дамуымен осы бейімділікті тексеру мүмкіндігі пайда болды.
Медициналық генетика сол немесе басқа белгінің пайда болуындағы тұқым қуалаушылықты дәлелдеу үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Бірақ кез келген жағдайда отбасылардың ата-бабалары мен жұрағаттарын қосқанда ата тегі туралы мәлімет жинақталады. Бұл мәліметтер жүйеленіп, талданады, соның негізінде сол немесе басқа тұжырым жасалады. Егер қандай да бір ауру тұқым қуалау себептеріне байланысты болса, онда науқастың туыстары ішінде патологиялық өзгерістер бүкіл тұрғындар арасында қарағанда аса көп болады (статистикамен дәлелденген айырмашылықтар).
Егіздердің тұқым қуалаушылығын зерделеуде тәжірибенің аса «ашық» шарттары туады. Егер егіздің бір сыңарына салауатты өмір сүруге тура келіп, ал екіншісі ішкіштер ортасына тап болса, онда алғашқысы әдетте ішкіш болмайды, ал кейінгісінің маскүнемдік тәуекелі күрт артады.
Статистикалық-генетикалық зерттеулер маскүнемдіктің өзі генетикалық жолмен берілмейтінін, тек ата-аналардан алынатын мінез-құлық ерекшеліктерінен туындайтын оған бейімділіктің ғана берілетінін дәлелдеген. Ал адамның маскүнем болуы не болмауы нақты өмір жағдайымен, яғни сыртқы орта ықпалымен шешілетін мәселе. Ішкіш балаларда маскүнемдіктің дамуында ата-аналардың теріс өнегесі, үйдегі, отбасындағы ішкіштік жағдай шешуші рөл атқарады. Әулеттің белді мүшесі, айталық, атасы маскүнем ұлын сенімді түрде жазғырса, немересінің салауатты болу мүмкіндігі бірден артады.
Сонымен, маскүнемдік тұқым қуаламайды, онымен күресу ішкіш адамның еркі мен мінез-құлқына байланысты. Маскүнемдіктің пайда болуында тұқым қуалаудың рөлі жанама болуы мүмкін: генетикалық жолмен «ішкіштік тұрмысқа» төмен төзімділікке ықпал ететін мінез-құлықтың немесе аурудың қайсыбір сипаты берілуі мүмкін.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»
(Мақала профессор Владимир Ждановтың «Ақылдың жауы – арақ» кітабынан
ықшамдалып алынды)

Таңдаулы материалдар

Close