Basty bet

Экологиялық мәдениет отбасынан бастау алады

Табиғат! Осы бір жүрекке жылы, көңілге көтеріңкі сезім сыйлайтын салиқалы да салмақты сөзде қаншама терең тұжырым, ұлағаты мол ұғым, мағыналы да мазмұны ауқымды ой жатыр десеңізші! Табиғат – тіршілік көзі. Табиғатты аялау, оған үнемі жанашырлық сезіммен қамқорлық жасап отыру ата-бабаларымыздың ұрпақтарына ұран етіп қалдырған аманаты екендігін ешқашан да естен шығармауға тиіспіз. Өйткені, табиғатты қорғау, табиғатты аялау – әр адамның міндеті.

Қоршаған ортаға жанашырлық әркімнің бойынан табыла білуі тиіс. Адам табиғаттың бір бөлшегі. Адам қашан да Табиғат әсемдігіне, сұлулығына тамсанған, таңдаған, қуанып, оған қамқорлық жасаған. Қазіргі таңда табиғат аясына демалуға шығып, бір күндерін отбасына арнауды әдетке айналдырған. Осындай сәттерде әттеген-ай деген жағдайлар, яғни, көпшіліктің айналасына, қоршаған ортаға деген немқұрайдылығы көрініс табады. Демалған орындарды шашып, қоқыстарды тастап кетеді. Ал, ол табиғат-Анаға қаншама зиянын тигізеді.
Бұл ойымызды “Жуалы аудандық ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау” мекемесі директорының орынбасары Азамат Зият пен орман өрт сөндіру станциясының басшысы Нұржан Әбіхаев та құптайды. Мамандардың айтуынша, көпшілік Көксай, Берікқара, Тау самалы, Жүріндісай секілді демалыс орындарына көптеп шығады екен. Сонымен қатар, Ақсай, Тобышақты, Боралдай, Сүңгі, Құлантау, Бөкейтау, Ақсақалсай, Шымырбайсай, Алмалы, Ботақара айналымдарына да барып, табиғат аясына демалады. Бұл айналымдарда орманшы-қорықшылардың үйлері бар. Орман-қорықшылары айналымдағы аң-құстарын, өсімдіктерін қорғап, табиғатының ластанбауына, өрт қауіпсіздігінің сақталуына жауап береді.
-Демалушылар айналымдарға орман-қорықшылардың рұқсатымен кіргізіледі. Себебі, ол жерлер мемлекет тарапынан қорғалған, ерекше қорғауды, күтуді қажет етеді. Оның табиғатына, қоршаған ортасына жауапкершілікпен қарауы керек. Келушілер арнайы тіркеу журналында аты-жөнімен, келген көлігімен тіркеледі. Оларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, қоқыстарды жинап кету ережелері түсіндіріледі. Орманшы-қорықшылар демалушылардың табиғат аясында зиян келтірмей демалуын қадағалайды.
Жалпы биыл 24 наурыздан 1 қарашаға дейін өрт қауіпті маусымы деп жарияланды. Ең қауіпті кезең 4, 5 сыныпты көрсеткішті көрсететін жаз айлары болып есептеледі. Бұл кезеңде демалушыларға орман қорына кіруге рұқсат етілмейді.
Орман қоры аумақтарында қоршаған ортаны қорғау туралы ақпараттық жұмыстар жүргізіледі. Аншлагтар ілініп, ескертулер қойылады.
Демалушылар орман қоры аймағында демалғанда біріншіден, өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауы керек. Қайтарда отырған жерлерін тазалап кетуі тиіс. Әсіресе, шыны заттарды тастамау керек. Өйткені, шыны ыдыстар күн астында жатып, күн қатты ысығанда өрт шығуы мүмкін. Одан бөлек, санитариялық ережелерді сақтауы тиіс. Егер де бұл ережелер бұзылса, ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылықтар кодексінің 367-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда санитариялық ережелер бұзылса, жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Табиғатты қорғау, оған жанашырлық таныту – баршамыздың міндетіміз. Тамаша көңіл күй сыйлайтын, саф ауа, сыңғырлаған суы бар, тауы бар табиғатты ластамау, оны қорғау азаматтығымызға байланысты. Ендеше, қоршаған ортамызға зиян келтірмей, экологиялық мәдениетімізді қалыптастырайық, – дейді Нұржан Әбіхаев.
Иә, мамандардың айтуы жөн-ақ. Ал, Ақсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев жастарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеудің маңызы зор дейді. Баланы кішкентайынан еңбекке баулып, қоршаған ортаға деген жанашырлығын қалыптастыру керек екенін де тілге тиек етті.
-Жанымыз тауға шығып, таза ауа жұтып, демалғанды жақсы көреді, әрине. Әсіресе, мектеп кезінде тауға көп шығатынбыз. Таудан қозы құйрық теріп, жуа жұлып, ауылға көтеріңкі көңіл күймен қайтатынбыз. Сонда қолымызға бір құты айран алып шығып, айналаны шашу ойымызға да кіріп шықпайтын. Сыныптастарымызбен табиғаттың кереметін тамашалап, ойнап-күліп уақытты өткіземіз. Ал, қазір ше? Көшеде жүрсең де қоқыстар, темекенің қалдығы көптеп шашылып жатады. Қоқыс тастайтын жәшіктер болса да, бәрі бірде айнала ластанып жатады. Өзеннің бойына барсаң, ол жақта бірден бос құтылар көзге түседі. Міне, мұның барлығын сырттан келіп біреу шашып кетпейді. Өзіміздің жерді ластайтын да, шашатын да өзіміз. Неге керісінше, жасыл желекке көмкерілген айналаны, сылдырап аққан өзеннің бойын таза ұстамасқа?!
Одан бөлек, ауданда қызмет етіп жүргенімде ұжыммен бірге аудан көшелерінің бойында сенбілікке шығамыз. Бірлесіп, айналаны тазартып кетеміз. Сол кезде үй иелері біздің сенбілік жасап жатқанымызды көріп, қарап тұра бергені көңілді қынжылтатын.
Міне, жалқаулық, немқұрайдылық деген осы. Оның ауласының таза болуы бізге жүктелген міндет секілді қарап тұрғаны әрине, өкінішті. Бүгінде ауданда аптаның белгіленген күндері әр көшеден қоқыстарды жинап әкету үрдісі қалыптасып келеді. Үй иелері қоқыстарын есік алдына шығарып, жинап қояды.
Адам табиғаттан жаратылған. Табиғаттың бір бөлшегі. Ал, оны қорғау, аялау қажет. Шөбі шүйгін, жер-суы дуалы қасиетті Жуалының табиғаты керемет емес пе?! Кереметтей туған жерімізді жастарға аялауды үйретуіміз керек. Ол үшін тәрбие әр отбасынан басталғаны жөн. Әр ата-ана баласына экологиялық мәдениетті үйретсе, бойына сіңірсе, еңбекке баулыса, онда жақсы нәтиже болары сөзсіз, – дейді Кәрібай ата.
Көпті көрген қарияның ойымен белсенді жастың бірі, шақпақаталық Ақжан Ахметовтың пікірі ұштасады. Ақжан да баланы ең бірінші, еңбекке баулу керек деген ойын жеткізді.
-Қазіргі таңда тек жастар ғана емес, көпішілік табиғат аясында демалғанды ұнатады. Демалып қана қоймай, ластауды да әдетке айналдырған. Оның барлығы табиғатқа кері әсерін тигізеді. Алайда Шақпақ аймағында ерікті және белсенді жастардың көмегімен Шақпақ әулие мен Шақпақ қалашығында, Т.Дүйсебайұлы және Ынтымақ ауылдарындағы “Ерлік ешқашан ұмытылмайды”, “Ешкім ешқашан ұмытылмақ емес” соғыс және тыл ардагерлеріне арналған монументтердің айналасында экологиялық акциялар мен сенбіліктер жиі ұйымдастырылады.
Табиғатты екінші анамыз деп есептеймін. Анаға деген құрметіміз, сыйластығымыз қандай болса, туған өлкеге деген жанашырлығымыз сондай биік дәржеде болуы тиіс.
Табиғатты қорғау үшін әркім өзінен бастауы керек. Жақсы демала білген адам қоршаған ортаға зиянын тигізбеуді де білуі тиіс.
Мәселен, ауылдың тыныс-тіршілігін әлеуметтік желіде насихаттау мақсатында түрлі суреттер түсіруге барғанда, міндетті түрде өзіммен бірге қоқыс салатын қапшық ала жүремін. Ауылдың қай жерінде қоқыс шашылып жатса, жинап кетеміз. Одан бөлек, отбасымызбен табиғат аясына шыққанда, балаларымызбен табиғатты ластамау туралы сөз қозғаймыз. Табиғат аясында демалған соң, қоқыстарды, құтыларды жинап, алып кетеміз.
“Тәрбие тал бесіктен” демекші, балаға отбасында қандай тәрбие берілсе, ол сонымен қалыптасады. Жақсы тәрбие беру үшін ата-ана перзентіне үлгі бола білуі тиіс. Балаларымен бірге қоқысты жинап, айналаны тазартып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруы керек. Сонда бала көргенін жасап, берген тәрбиенің арқасында қоршаған ортаны таза ұстауды үйренеді.
Жастардың арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталады. Аға буын өкілдерінің әңгімесіне құлақ түрсек, олар мектепте еңбекке баулу жұмысы жақсы қолға алынғанын көп айтады. Біздің кезімізде де мектепте көп сенбіліктерге шығып, айналаны тазарту жұмыстарына араластынбыз. Тал-дарақ, жеміс-жидек ағаштарын бірге егетінбіз.
Міне, осындай жұмыстарды мектепке қайтадан алып келу керек. Сонда баланың бойында табиғатқа деген жанашырлық оянады, – дейді белсенді жас Ақжан Ілиясұлы.
Шын мәнінде, бала отбасында ата-ананың берген тәрбиесімен қалыптасып өседі. Бала күнімізде ата-анамыз бізді еңбекке көп баулыды. Көктем шығысымен айналаны тазартып, әкемізбен бірге тал-дарақтар егетінбіз. Бір әулеттің балаларын көктемде жылына бір рет міндетті түрде тауға демалуға апарып, туған жердің табиғатымен таныстыратын. Бұл, бізге берілген үлкен тәрбие еді. Одан бөлек, мектепте бір күнді айналаға сенбілік жасауға арнайтын. Білім алатын алтын ұя мектебіміздің айналасын бүкіл оқушылар бірге тазалап, жинап қайтатынбыз.
Міне, біз осылайша айналаны таза ұстау, қоршаған ортаны ластамау секілді дүниелерді бала күнімізден біліп өстік. Ендігі өскелең ұрпақты да ата-анамыз берген тәлім-тәрбиемен сусындатып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру керек.
Әр ата-ана баласына табиғатты аялау керектігі жөнінде айтуы тиіс. Сонда ғана жастардың бойында қоршаған ортаға, туған жерге деген жанашырлық қалыптасады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close