Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД Жуалы аудандық ПҚБ бастығы, әділет капитаны Бағлан Бекмолдаев пробация есебінде тұрған азаматпен ашық сұхбат жүргізді. Аталған сұхбаттың мақсаты – пробация есебіндегі жастармен жүйелі жұмыстар жүргізу, кеңес беру, жастарға ой салу және жасаған қылмысты қайталамауына септігін тигізу. Сондай-ақ спортқа деген қызығушылығын арттыру, саламатты өмір салтын насихаттау және өзіне деген сенімін арттыру болып табылады.
–Жалпы өмірбаяныңызға тоқталсақ?
–Мен Б.Ө.Қ 1990 жылы 21 шілдеде Жамбыл облысында туғанмын. Білімім арнайы орта, әскери міндеттелгенмін, үйленбегенмін, бұрын сотты болмағанмын.
– Қылмысқа не себепті бардыңыз?
–2020 жылы 12 желтоқсанда достарым мен спирттік өнімдерді ішіп отырып, ішімдік таусылып қалды. Сатып алайық десек ақша жоқ болды. Содан сол жердегі бір досым бөтеннің қойын ұрлауды ұсынды, жұмыссыз жүрген бізге онай олжа болып көрінді. Сонымен қылмысты жасаған соң ұсталмайтындай сезіндім, осы әрекетті бірнеше рет жасасақ қарыздың бәрінен құтылатындай болып көрінді. Алайда бірнеше рет қылмысты жасаған соң құрықталдық. Жасаған қылмысым үшін, аудандық сотының үкімімен 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сотта кінәмді толық мойындап, істеген қылмысыма өкіндім және жәбірленушілерге келтірілген залалдарды толық өтедім. Сот соны ескеріп маған тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, пробациялық бақылау белгіленді.
–Пробация қызметі, жазаны өтеу тәртібі қалай жүруде?
–2021 жылы сәуір айында Жуалы аудандық пробация қызметіне есепке алынып, мінез-құлқыма бақылау қойылды. Пробация қызметінің есебінде 4 жылдан аса уақыт жүріп, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап келген адамдарды көріп, олармен сөйлесу барысында бас бостандығынан айыру мекемелерінің темірдей тәртіп екендігін, жеке өмірінің бірнеше жылға зая кететіндігін, жастық шағым өтіп кететіндігін түсіндім. Сол себепті, соттың және пробация қызметінің жүктелген міндеттерін орындап, құқық бұзушылықтарға жол бермей түзелу жолына нық тұрдым деуге де болады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы Заңына байланысты аудандық соттың Қаулысымен негізгі жазамның 6 жыл жаза мерзімінің 3/1-не яғни, екі жылым қысқартылды және оған алғысым шексіз. Осы уақыт аралығында түйгенім ішімдік және есірткі өнімдерді пайдалану және үнемі жұмыссыз жүрудің түбі жақсылыққа апармайтынын түсіндім және басқаларға да жақындамауға және қылмысқа бармауға кеңес беремін. Өзімнің жасаған қылмысыма қатты өкінемін. Заңды білмеу, жазадан босатылмайды. Сол себепті – өмірлеріңіздің жастық шағын немесе белгілі уақытын жоғалтқыңыз келмесе қылмыс жасауға жол бермеулеріңізді сұраймын. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке – бағынған құл болмайды».
Сұхбаттасқан
Бағлан БЕКМОЛДАЕВ, Жуалы аудандық ПҚБ-ның бастығы, әділет капитаны