Basty bet
Кеңес беру кабинеті іс үстінде
Біз тұғыры биік, егеменді елміз. Қоғамда болып жатқан оқиғалардың барлығы дерлік отбасынан бастау алады. Сол себепті, қоғамда зорлық-зомбылықтың санын емес, зорлық-зомбылықты жою қамын қарастыруымыз керек.
Біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды және отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі ауылдық елді мекендерде сын мен міннен қорқып, құқық қорғау органдарына шағынданудан бас тартып жатады.
Еліміздің қоғамдық өміріне орын алып жатқан түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, адам құқықтарының тапталуының, діни ағымдар зардабының, азаптаулардың алдын алу мақсатында республиканың барлық облыстарында дағдарыс орталықтары ашылып, жұмыс жүргізілуде. Осындай қадамның бірі болып «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамту, үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының» Жуалы аудандық кеңес беру кабинеті 2020 жылдың 17 ақпанынан бастап өз жұмысын атқаруда.
Кабинетте екі маман, яғни, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант Әлия Шәмшиева және әлеуметтік психолог Айгүл Дәрібаева жұмыс атқарады.
Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл әлеуметтік, психологиялық көмек пен қолдау көрсету. Ажырасу сатысында тұрған жанұяны отбасы мен қоғамға әлеуметтендіру және қайта ықпалдастыру процесіне жәрдемдесу. Кеңес алуға келген аналар мен балалардың жеке басының және олардың жеке құпияларын сақтау. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік беру.
Кеңес беру кабинетінің «Сенім» телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Көптеген отбасылар әртүрлі мәселелерімен «Сенім» телефонына хабарласып, бастарынан өткен қиыншылықтарымен бөліседі. Хабарласқан тұрғындарға әлеуметтік және психологиялық кеңестер беріледі.
Орталықтағы мамандар бірін кезекте тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген отбасымен сөйлеседі. Психолог өз көмегін көрсетеді. Ажырасу сатысында тұрған отбасылармен психолог, медиатор, ауыл имамымен бірлесіп түсіндірме және татуластыру жұмыстары жүргізіледі. Кейбір отбасы сотқа дейін татуласып, ал кейбір отбасылар келісімге келмей істері сотқа дейін жетіп жатады.
Көрсетілетін қызметтерді алушыларды әлеуметтік оңалту, олардың азаматтық, мүліктік және де өзге де құқықтарын қайта қалпына келтіру мәселелерін шешу жолында жергілікті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, әділет органдарымен, үкіметтік емес ұйымдарымен, аудан, ауыл бітімгерлерімен, «Бастау» тобымен өзара іс-қимыл жасалуда.
Қиын өмірлік жағдайға түскен және баратын жері болмай жүрген әйелдер (балаларымен) тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары деп танылған жағдайда, «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына алты ай мерзіміне дейін орналастырылады. Тегін тамақ, жататын орын, медициналық, әлеуметтік, психологиялық, құқықтық, мәдени, еңбек, тұрмыстық көмектер көрсетіледі. Орталықта білікті мамандар, яғни, психологтар, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушы (еңбекке баулу мұғалімі), тәрбиеші (балалар болған жағдайда), заңгер, медбике бар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 73-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал, олардың әрекеттерінде қылмыстық, құқықбұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109 (қинау), 131 (қорлау) – баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Зорлық зомбылық көру Сіздің өміріңізге ғана емес, жақындарыңыздың да өміріне қатер төндіреді. Егер отбасыңызда зорлық-зомбылық жасалған болса, Сіздің өміріңіз әлі де қауіп үстінде деп біліңіз. Бұл қылмыстың құрбанына айналмас үшін өз қауіпсіздігіңіз жайында жақсылап ойланыңыз. Зорлық-зомбылық фактісін жасырмаңыз және егер де ондай жағдай орын алса, Жуалы аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету кабинеті мамандарына болмаса полиция бөліміне хабарласыңыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық, сексуалдық (және) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін. Егер де аудандық кеңес беру кабинеті мамандарының көмегі керек болса, мына мекенжайда орналасқан Бауыржан Момышұлы ауылы, Рысбек Батыр көшесі №62 ғимаратқа келіп, кеңес пен көмек алуыңызға болады.
Кеңес беру орталығы тұрғындарды аптаның дүйсенбі және жұма күндері аралығында сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін уақытта қабылдайды.
Егер, Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз, не болмаса туысыңыздың, әріптесіңіздің, құрбыңыздың, көршіңіздің отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшырағанына куә болсаңыз, жағдайды өзгерту үшін мына «Сенім» телефондарына қоңырау шалуға болады. Байланыс телефондары 8-775 892 25 78, 8-702 164 52 95, 8-707 970 89 77, 8-(72635) 2-01 65. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші және әлеуметтік психолог (анонимді, тегін және күндіз-түні қызмет көрсетеді) эл.поч. jualy_2020kc@mail.ru
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде расында да құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау маңызды. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты принциптер басшылыққа алынуы тиімді. Демек тұрмыстық зорлық-зомбылық шара¬ларының себеп салдарына тереңірек үңіліп, алдын алу жұмыстарының арқасында оның деңгейін төмендетудің кешенді шаралары жүргізілуде. Ал, отбасын сақтап қалу әрбір ата-ананың міндеті екенін естен шығармаған абзал.
Аудандық кеңес беру кабинеті