Basty bet
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮДДЕСІ ҮШІН!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады» деп атап өткені белгілі. Халықтың үніне дер кезінде құлақ асып, мемлекеттік қызметті мемлекет пен азаматтардың мүддесіне сай жаңғырту ісі – барлығымыз үшін маңызды.
Әрбір мемлекеттік қызметшінің халыққа сапалы қызмет етуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, формализмге, имитацияға және қызметтің декларативтілігі элементтеріне жол бермеуінен көрінеді. Саналы жаңғыру жолындағы маңызды қадамның бірі – халыққа адал ниетпен қызмет етуге деген ынта-жігерді арттыру. Бұған қоса ұлттық мүддені басым қою, мемлекеттік сана, әділдік, ашықтық, антқа адал болу – бұлар мемлекеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан жаңғыруына септігін тигізетін ұстанымдар. Осылар мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысынан көрініс тапқанда мемлекеттік аппараттың жаңаша сипатта дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Президент айтқандай, әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек. Мемлекет пен елдік мүдделер – қашанда алдыңғы орында. Бұл – Тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты, жерді сақтау, табиғи ресурстарды, мәдени мұраны қорғау сынды іргелі құндылықтарды қабылдап, олармен біртұтас болуды білдіреді. Мемлекетшіл, мемлекеттік сана деңгейінде ойлайтын тұлғалар халық алдындағы жауапкершілікті сезінеді, ұлттық мүдделерге сәйкес ойлайды және әрекет етеді, елдің бүгіні мен болашағы үшін қам жейді. Елдің қамын ойлау – нағыз мемлекетшіл тұлғаға тән басты сипат.
Мемлекет басшысы өз Үндеуінде: «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» дегенде осы адамдық борыштың өлшемі жайлы айтып отырғанын жақсы білеміз.
Түйіндей келе айтарым, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің мемлекет мүддесі үшін жұмыс істеуі – басты шарт! Ең бастысы, бұл біздің жұмыс тәсіліміздің түбегейлі өзгеруіне жол ашады.
Ғалым Жақыпбеков,
Ақтөбе ауылдық округінің әкімі