Basty bet

Қызылшаның белгілері және екпенің маңызы

Қызылша сырқаттанушылығынан жүйелі түрде әлемнің әртүрлі аймақтарында бұрқетпе жағдайлары орын алатындықтан, аталған ауру осы күнге дейін өзекті болып қалуда.
Қызылша – ауа арқылы таралатын вирусты жұқпалы ауру. Бұл инфекцияның негізгі таратушы көзі – ауру адам. Соңғы кездері бұл ауру тек балаларда ғана емес, сонымен қатар ересектер арасында кездесіп жүр. Көп адамдар қызылшаның бастапқы кезеңін тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциясымен, ал бөртпе шыққан кезде аллергиялық аурулармен шатастырады. Алдымен бұл инфекцияға 100% қабылдағыштық тән, егер бұрын қызылшамен ауырмаған адам науқаспен қарым-қатынаста болса, оның сырқаттану қаупі өте жоғары.
Жұқпаның қоздырғышы көз және жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабаттары арқылы адамнан адамға ауа тамшы жолдарымен беріледі. Қызылша аурудың инкубациялық кезеңін жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін , яғни 7-14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт ауру бөртпе шығудан басталмайды. Ол суық тию белгілерімен басталады; дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейініректе коньюктивиттің (көздің шырышты қабығының қабынуы) пайда болуы. Осы кезде балаға жиі сұйық беріп, аузын шайқап отыру, көзін қайнаған сумен жиі жуу керек. Шамамен бірнеше белгілердің шыққанынан 24 күннен кейін беттің шырышты қабығының (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсап кететін дақтар пайда болады.
Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайында, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді . Жарық көзіне әсер ететіндіктен, бөлменің іші аса жарық болмағаны дұрыс, оны жиі желдетіп отыру керек. Бала таза және жылы бөлмеде болуы тиіс. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7күн сақталады.
Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады. Қабыну балаларда 5 жасқа дейін, ал 20-дан асқандарда жиі дамиды. Ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтардың қабынуы (отит), соқырлық, бронхо пневмониясы, мойын лимфожүйелерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.
Аурудың алғашқы белгілері білінісімен-ақ тездетіп дәрігерге көрініп, оның барлық ұсыныстарын бұлжытпай орындау қажет. Егуден бас тартқан жағдай өте қауіпті, ол жұқпалы індеттердің өршуіне алып келуі мүмкін. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады.
Қызылша қарсы екпе алу вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Кейбір балаларда егуден кейін 6 күннен 20 күнге дейін дене қызуы көтеріліп, кейде конъюктивиттің және бөртпелердің пайда болуы байқалады. Бұл белгілер 2-3 күнге дейін сақталады, содан кейін бәрі жақсы болады. Қорықпаңыздар, бұл жағдайлар болуы мүмкін және олар қауіпті емес. Бірақ сонда да егуден кейін қандай да бір қабыну болса, міндетті түрде дәрігерге көріну қажет. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12 айлығында, содан кейін 6 жаста жасалады. Қосымша иммундау және егу 15 жасқа дейін сенімді қорғануды қамтамасыз етеді.

Марат Искаков,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close