Basty bet

Олар от пен оқтың ортасынан елге аман оралғандар

Ауған соғысы 1979 жылы басталып 10 жылға созылды. Айтуға оңай болғанымен, бұл сұрапыл зобалаң қаншама тағдырды жалмады десеңші?

Ауған соғысы жазылмайтын жан жарасына айналған ұмытылмас қасірет. Қасиетті Жамбыл өңірінде қазіргі таңда бір мыңға жуық Ауған соғысына қатысқан ардагер азаматтар бар десек, оның 49-ы біздің Жуалы ауданында тұрады. Олардың барлығы Отан алдындағы әскери борыштарын Ауғанстан жерінде өтегендер. Бүгінде ардагерлердің алдыңғылары 60 жастан асқан кісілер. Кейінгілері елу жасты еңсерген ел ағалары. Ардагерлер өмірден өз орындарын тауып, қазір олар әр салада еңбек ету арқылы өңірдің дамуына атсалысып келеді. Біз көбінесе Ауған соғысының ардагерлерін қоғамдық іс-шаралардан және кездесулерден көбірек көреміз. Өйткені, олардың жас ұрпаққа айтар ақыл-кеңесі мен өмірден көрген-түйгендері өте көп. Ардагерлердің жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру ісінде де рөлі өте зор. Ал олардың соғыста көрген қиыншылықтары мен ауыр азаптары өз алдына бөлек әңгіме.
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай өңірде тұратын Ауған соғысы ардагерлерінің бірқатары ауданда орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 91678 әскери бөлімінде, ҚР ҰҚК-ның Шекара қызметіне қарасты «Ақсуат» және «Бауыржан Момышұлы атындағы» шекара бөлімшелерінде болып, жас сарбаздармен және сардарлармен кездесулер өткізді. Патриоттық іс-шараның өтуіне ауданның басшылығы ұйытқы болғанын да айта кеткіміз келеді.
Ауған соғысы ардагерлерімен болған алғашқы кездесу 91678 әскери бөлімінде өткізіліп, ардагерлерге ең бірінші кезекте әскери бөлімдегі сарбаздардың хал-ахуалы және күнделікті атқаратын қызметі таныстырылды. Бұл туралы бөлім командирі, подполковник Арман Сабыров айтып берді. Бөлім командирінің айтуынша, қазіргі таңда бөлімде барлығы 98 сарбаз Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеу үстінде. Ардагерлер казармаларды аралап, сарбаздармен тілдесті.
Іс-шараның аясындағы негізгі кездесу барысында Ауған соғысының ардагерлері сарбаздарға өздері туралы, соғыста болған оқиғалар және ел мен жерді қорғаудағы бабалардың ерлік істерін кеңінен сөз етті.
Кездесуге аудандағы «Ауған соғысы және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері шақырылды. Атап айтсақ, аталған бірлестіктің төрағасы Пердебай Оспанов, Қосмұрат Имахаев, Байғали Тәңірбергенов, Орынғали Сатыбалдиев, Әлімхан Әсібеков, Хази Тасымбетов және Асылхан Әбдіқасымов сарбаздармен кездесуге арнайы шақырылған ардагерлер.
Кездесуге сарбаздармен қатар, бөлімде келісімшарт негізінде қызмет ететін әскери қызметшілер де қатысты. Патриоттық іс-шараның барысында аудандағы «Ауған соғысы және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Пердебай Оспанов сөз сөйлеп, ұйымның және ардашерлердің тыныс-тіршілігін кеңінен әңгімелеп берді.
-Құрметті сарбаздар және сардарлар. Осындай патриоттық іс-шара ұйымдастырып, бізді шақырғандарыңызға ардагерлер атынан алғыс білдіремін. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толып отыр. Біз бұл күнді жыл сайын атап өтіп, соғыста қаза болған қарулас достарымызды еске алып, рухына Құран бағыштап отыруды әдетке айналдырғанбыз.
Сол тұстағы замандастарымыз сияқты, біз де азаматтық борышымызды Ауған жерінде өтедік. Тағдыр солай болды. Онда біз от пен оқтың арасында болып, көптеген қиыншылықтарды басымыздан өткергенбіз. Ауған жерінде біз күн сайын, тіпті, сәт сайын қауіп-қатермен бетпе бет келдік. Бірақ біздің қаруластарымыз оның ешқайсысына мойымай, намысты алға қойып, борышымызды адал атқардық. Соғыста қаншама қаруластарымыздан айырылдық. Қаза болғандардың жаны жәннатта болсын.
Ауған соғысына Жуалы ауданынан қатысқан үш жерлесіміз – Жұмабек Оразбаев, Нұрлыбек Замбаев және Виктор Латикант сонда ерлікпен қаза болды. Олардың ерліктері ұрпақтар жадынан өшпейді. Қазір ардагерлердің барлығы әртүрлі кәсіппен айналысып, елдің дамуына және өңірдің көркеюіне атсалысып келеміз. Сарбаздарға айтарым, Сіздер ата-ананың, елдің үкілі үмітін ақтап, Отанның күзетінде тұрсыздар. Тек абырой жолдас болсын. Аман болыңыздар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деді ол.
Кездесу барысында ардагерлер сарбаздардың сұрақтарына жауап беріп, бастарынан өткен естеліктерімен бөлісті. 91678 әскери бөлімінің командирі, подполковник Арман Сабыров өз сөзінде, Ауған соғысының ардагерлері жастарды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі екенін айта келіп, игі тілегін де қоса жеткізді.
Ардагерлер ары қарай ҚР ҰҚК-ның Шекара қызметіне қарасты «Ақсуат» және «Бауыржан Момышұлы атындағы» шекара бөлімшелеріне барып, жас сарбаздармен кездесіп, әңгімелесті. Барлық кездесуде аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары Отан, туған жер, қазақтың батыр жігіттері туралы патриоттық әндерді тарту етіп, іс-шараны әрлей түсті.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close