Basty bet

Ербол Қарашөкеев Қордай ауданының тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Қордай ауданына барып, аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, биылғы бес айда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

Облыс экономикасында тұрақты өсім сақталып отыр. Жыл басынан бері өңірге 254,4 млрд теңге инвестиция тартылып, негізгі салалардың барлығында оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 17,9 пайызға, құрылыс жұмыстары – 22,8 пайызға, көлік саласы – 13,3 пайызға, сауда көлемі – 3,9 пайызға, байланыс қызметтері – 4,5 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2,5 пайызға өсті.

Облыс әкімі тұрғындарды баспанамен қамту және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға ерекше тоқталды.

– Биыл 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 4,9 млрд теңгеге 350 пәтер сатып алынады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстағы 357 елді мекен толықтай сапалы ауыз сумен қамтылған. Бүгінде 284 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, халықты газбен қамту деңгейі 91,8 пайызға жетті, – деді Ербол Қарашөкеев.

Кездесуде Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысы да кеңінен сөз болды. Ауданда инвестиция көлемі ұлғайып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында көктемгі дала жұмыстары уақытылы ұйымдастырылып, мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ аудан аумағында іске асырылып жатқан ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында Соғанды ауылындағы тау-кен өндірісі кешенінің құрылысы, ауыз су жүйелерін жаңғырту, Қордай ауылындағы Достық үйінің құрылысы, Үлкен Сұлутөр ауылындағы спорт кешені мен орталық стадионды жаңарту жобалары бар.

Кездесудің негізгі бөлігі тұрғындармен ашық диалог форматында өтті. Аудан тұрғындары жолдардың жай-күйі, балалар ойын алаңшаларын салу, әлеуметтік саладағы мәселелер және аудандық орталық аурухананы жаңғырту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынатынын айтып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілетінін жеткізді.

Кездесу қорытындысында Ербол Қарашөкеев Қордай ауданының әкіміне инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сәйкес жүргізілуін бақылау, қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ тұрғындардың өтініштері бойынша кері байланысты күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген өтініштерге тиісті түсініктемелер беріп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close