Basty bet

Түркілер дәуірінің көне мұрасы

Жалпы облысымыздың соның ішінде, Жуалы өлкесінің археологиялық мұрасы: тас дәуірі, қола дәуірі, ерте темір ғасыр дәуірі, ортағасырлық түркілер дәуірі, ортағасырлық қала мәдениеті, Қазақ хандығы сияқты дәуірлерден тұрады. Соның ішіндегі сөз етіп отырғанымыз ертедегі түркілер дәуірінің бізге жеткен тарихи жәдігерлері хақында болмақ.

Тарихта алғаш «түркі» этнонимі туралы дерек 542 жылдардағы қытай жылнамаларында кездеседі. Халықтардың ұлы көші ІІ-V ғасырларда Евразия аймағындағы халықтардың орналасуы мен тектік құрамын айтарлықтай өзгеріске ұшыратты. Бесінші ғасырда көптеген түркілес тайпалар Монғолияның солтүстік аймағынан Шығыс Европаның далалық аймақтарына қоныстанды. Солайша түркілер иелігінің аймағы Орта Азияға жетті.
Түркілер қолбасшысы Бумын қаған 552 жылы Түркі қағанатының негізін салды. Сол кездегі Түркі қағанаты Орталық Азиядағы саяси үстемдіктің ең биік шыңына жетті. Түркілер Орта Азиядағы Ұлы Жібек Жолының едәуір бөлігін бақылауда ұстады. Византиялық Феофилант Симокатт өз жазбаларында: «Түркілерге адам баласының аяғы басқан барлық жерлер, әлемнің жеті бөлігі де бағынған» деп көрсетеді.
Жуалы өлкесінің түркілер дәуірі кезіндегі көзімен көрген сипаттамасын қытай саяхатшысы Сюань-Цзян 630 жылдары жазып қалдырған. «Түркілердің «Мыңбұлақ» аталатын елінің аймағы шамамен 200 шаршы метр болады. Оның оңтүстігін қарлы таулар шектейді. Қалған үш жағы біркелкі жазық көктемде жердің беті масаты кілемдей құлпырады. Бұл жерде кәусар сансыз бұлақтар бастау алады, сол себепті «Мыңбұлақ» аталған» – деп көрсетеді дейді тарихшы Ә.Байбатша «Қазақ даласының ежелгі тарихы» атты кітабында.
Бұл жерде Батыс Түркі қағанатының қағаны Ышбара хан 651 жылы жақсы бекінісі бар Абардадж қаласын салып, өзінің ордасын көшіріп әкелген. Қаланың оған дейінгі атауы «Мыңбұлақ» болған делінеді. (Аталған Мыңбұлақ-Абардадж қалашығы туралы деректер Қазақстан тарихының І-томында және Гумилевтың «Көне Түркілер» атты еңбектерінде де кездеседі.
Түркілердің обалары, петроглифтері, монументалды өнер туындылары ретіндегі тас мүсіндері Жуалы жерінің бірқатар өңірлерінде де кездеседі. Атап айтқанда, Ұлы Жібек Жолының тау етектеп өткен сүрлеулерінің арналарында, Билікөл аймағындағы ірі обалардың маңында және Баркуаб қалашығынан басталып Шаянға қарай өтетін ел Көсегенің көк жоны аталатын аймақтарда кездеседі. Көсегенің көк жоны – ол Жуалының солтүстік шығысында жатқан Бақаты, Құрама, Аралтөбе, Марының сазын көктей өтіп Шаянға дейін созылып жатқан қырқалардың үстіндегі Жібек жолының ескі тармағы. Тарихшылардың айтуынша, бұл жол ортағасырлық Баркуаб қалашығынан басталып Шаян арқылы Түркістанға апаратын қосымша жол болған делінеді.
Қазақстанның жер-су атауларының этимологиясын зерттеген тарихшы Еркебай Қойшыбаевтың «Көсегенің көк жонына» берген анықтамасында: «Көсеге»-сөзінің көнедегі «шымылдық» немесе «қоршау» мәніндегі семантикалық та, логикалық жағынан көптеген қазіргі түркі тілінде сақталып қалған атау дейді. Толық айтқанда, бұл сөздің этимологиясы: «қоршаулы көктің жоны» – деген мағына береді.
Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі қолына ыдыс ұстаған тас мүсіндердің барлығының да түркілердің заңдылықтарына айналған басты идеясы берілген. Онда мәңгіліктің нышаны болып табылатын ыдыста оның өмірлік қуаты жатқандығын айқындайды. Көсегенің көк жоны аймағынан Көлтоған ауылындағы С.Бәйтіков атындағы орта мектептің түлектері тапқан тас мүсін балбалтаста әйел адамның киім детальдары, мойынға таққан әшекейлері өте мұқият етіп этнографиялық дәлдікпен орындалған. Ыдыс ұстаған саусақтарын шебер әсем мәнермен көрсете білген. Шапыраш көздері, шығыңқы жағы, жұқа еріндері, қас пен мұрындары бір бедерлі сызықпен жалғастырылған. Моңғол тектес тас мүсіндердің стилистикалық, жасалу сапасына қарап көркем етіп жасалған сол түркілер заманында өзіндік өнер мектебі болғандығын айқындайды. Осы тектес VI-VIII ғасырларға жататын балбалтас Қаратас ауылындағы бір азаматтың үйінің ауласында тұр.
Ұлы Жібек жолының бойынан табылған және бір балбалтасты біз Шақпақ баба ауылының тұрғыны болған (марқұм) Пускарчуктың ауласынан да көрдік. Биіктігі жағынан бұрынғыларға қарағанда аласалау (65 см) бұл балбалтасты ол кісі Шақпақ асуының жанындағы тау беткейінен тауып алғандығын айтқан болатын. Тараздан шыққан керуен Түркістанға қарай дәл осы Шақпақ асуы арқылы өткендігі өткен тарихымыздан мәлім.
Дәл осы тас мүсінге ұқсас балбалтас Құрама аймағындағы Байұзақ Серкебаевтың шаруа қожалығының жерінен табылған. Ол балбалтасты жер оны өңдеп жүрген механизатор тауып алып, жер қопсытатын культиватордың үстіне салмақ арттырғыш жүк ретінде салып алған. Кезінде осы құрамадан табылған балбалтас жөніндегі мақала аудандық «Жаңа өмір» газетінде суретімен бірге жарық көрген.
Жақында аудандық тарихи-өлкетану музейі тағы бір құнды жәдігермен толықты. Бұл түркілер дәуірінің көне мұрасы Жетітөбе аймағындағы обалардың маңынан табылған. Оны музейге археологтар алып келіп табыстады. Толық аяқталмай қалған бұл балбалтастың да басты идеясы жоғарыдағы айтылған балбалтастарға ұқсас. Қабыршықты көк тасқа қашалған мүсіннің сапасы әлгілерге қарағанда төмен. Оны музейге өткізген Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ерлан Ақымбаев.
Түркі дәуірінің тас мүсіндерінің дәстүрі Х-ХІІ ғғ. тас балбалдардан өз жалғасын тапқан. Қазылған мүрделер мен обалардан табылған жәдігерлер түркі, түргеш қыпшақ ортағасырлық көшпелілердің мұралары аз зерттелген. Бұл археологиялық олжалар осы аймақтардағы түркілердің материалдық мәдениетінің ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік береді.
Адамдар музейге өткен тарихқа үңілуге, бабалардың жүріп өткен жолына, заман мен ұрпақ байланысын сезіну үшін барады. Біздің тарихымыз-өз шежіреміз, болашағымызды қалыптастыратын өткеніміздің тірі тағылымы. Кешегіміздің бүгінгі күн мен мәдениеті бізге қалдырған тамаша туындылары баға жетпес құнды дүние. Сондықтан да халық тағдырын айғақтайтын оның тарихы мен рухани бастауын, мәдениетін танып-білу келешек ұрпақты отансүйгіштікке , еліміздің лайықты азаматы болуға тәрбиелейді.

Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ,
аудандық тарихи-
өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері, ҚР «Үздік өлкетанушысы»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close