Basty bet
Мәдениет – халықтың ең үлкен рухани азығы
Өткен жұма күні аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудандағы мәдениет ошақтарында еңбек ететін мамандардың және үйірме жетекшілерінің қатысуымен семинар өткізілді.
«Ауыл мәдениеті – ұлттық идея тынысы» атты семинардың мақсаты – ауыл мәдениеті мен өнерін дамыту, клубтардың жұмысын уақыт талабына сай түрлендіру, үйірме жұмысын жүйелендіру, клуб мамандарының кәсіби деңгейін жетілдіру, клуб жұмысының озық тәжірибедегі жаңа бағыттарын игеру, мамандардың біліктілігін жоғарылату.
Аудандық семинарды аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева ашып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
-Құрметті әріптестер. Бұл семинарды ұйымдастырудың өзінде көп мән-мағына бар. Себебі, мәдениет саласының мамандары халыққа мәдени-рухани қызмет көрсетіп, тұрғындардың көңілін көтеруге атсалысып, өнерге эстетикалық сипат берудеміз. Тұрғындарды өнер арқылы тәрбиелеп, көңіл кірлерін жууға үлкен үлес қосатын да мәдениет қызметкерлері.
Ауылдық мәдениет ошақтарында үйірмелердің жұмысын ұйымдастырудың маңызы зор. Ауданда үйірме жұмысын нақты қолға алғанымызға үш-төрт жылдың көлемі болып қалды. Әрине, жұмыс болған жерде міндетті түрде кемшіліктер де болады. Ал сол ауылдық жерлердегі клуб мамандары мен үйірме жетекшілеріне тиісті бағыт-бағдар беру, жол көрсету, жұмысты бір жүйеге түсіру – біздің тікелей міндетіміз,- деді Ғазиза Тоқсабайқызы.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары Салтанат Мейіржанқызы «Мәдениет үйі және клубтың қазіргі заман талабына сай жұмыс жасауы» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында жеті ай ішінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
Әдістемелік бөлім меңгерушісі Гүлжан Досмұрзаева облыстық халық шығармашылығы орталығының 2024 жылы іс-қағаздарына өзгертулер енгізілуіне байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әрі қарай семинарда мәдениет үйінің әдіскері Аида Көрпетаева «Әлеуметтік желі және клуб» тақырыбында дәріс оқып, әрбір мәдениет үйі және клуб маманының әлеуметтік желі парақшасын қалай жүргізу керек екендігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Өйткені кейбір клуб мамандары өткен іс-шараның суреттерін салған кезде кемшіліктер жіберіп жататындарын ескертті.
Ал әдістемелік бөлім әдіскері Балғын Жеткергенова «Үйірме – өнер бастауы» атты үйірме жұмыстары туралы баяндама жасап, клуб мамандарына үйірме жұмыстары туралы слайд көрсетіп, жалпы аудандағы барлық үйірмелерге тоқталып өтті.
Қазіргі таңда аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының (аудандық мәдениет үйі) құрамында 22 мәдениет нысаны бар. Оның біреуі аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы, тоғыз ауылдық мәдениет үйі және 12 ауылдық клуб.
Мекемеде 5 халықтық атағы бар шығармашылық ұжым құрылған. Олар: «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблі, «Қызғалдақ» ән-би ансамблі, «Жуалы», «Мыңбұлақ» халық театрлары, «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблі.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы бойынша барлық үйірме саны – 89, қатысушылар саны – 868, оның ішінде 49 балалар үйірмесіне 515 бала қатысады.
Семинар барысында «Мәдени іс-шараларда қазіргі заманауи мультимедииялық және озық технологияның мүмкіндіктері», Мәдениет қызметкерлерінің мәдениет ошағына келушілермен қарым-қатынасындағы мәдениеттілік этикасының рөлі немесе мәдениет қызметкерлері қандай болуы керек?, «Қол өнер – еңбектің қайнар көзі», «Үйірме жұмысы туралы», «Би өнері әлемнің рухани елшісі» атты кітапшалар таратылды. Жалпы семинарда ауылдық мәдениет үйі және клуб мамандары өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»