Basty bet
Дауларды сотқа дейін шешуге мүмкіншілік бар
Аудан тұрғындары дауларды сотқа жеткізбей татуласуға болатынын біледіма?.
Ауданымызда билердің әр-түрлі дауларды бітімгершілікпен шешуде абыройы жоғарылауда.
Аудан тұрғындары тарапынан дауларды билердің көмегімен сотқа дейін жеткізбей тоқтатуы күннен күнге белес алуда. Даулардың ішінде көбінесе жер дауы, қарызды өндіру, отбасы-тұрмыстық даулар, неке бұзу даулары, материалдық шығынды өндіру т.б. тоқтатылып, екі тарап татуласып бір-біріне деген талаптарынан бас тартуда.
Мысалы, ағымдағы жылдың 5 айында аудандық сотта 34 әкімшілік іс, 87 азаматтық дау, 6 қылмыстық іс билердің көмегімен тоқтатылды, сотқа дейін билердің арқасында құқықбұзушылық, 7 азаматтық даулар татуласумен реттелді.
Жуалы ауданымызда бүгінгі таңда жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша, сотқа дейін татуластыру үрдістері билер кеңесінің мүшелері мен аудандық учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыстары жүргізілуде.
Б.Момышұлы әкімшілігі ғимаратында орналасқан «Отбасылық кеңес» кабинетінің мамандары отбасы даулары мен неке бұзуға бет бұрған ерлі-зайыптылармен құқықтық кеңес және психологиялық қолдау жұмыстарын жүргізіп, учаскелік полиция мен билердің қолдауымен екі жақты татуластыруда.
Азаматтық даулар бойынша статистикалық мәліметтерге сай ауданымызда көбінесе жер даулары, қарыз даулары, және неке бұзу даулары татуласумен шешілуде.
Билердің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары туралы аудан азаматтары тарапынан жағымды лебіздерін байқауға болады, әсіресе сотқа дейінгі қарызды өндіру даулары бойынша, дүкендердің егелері өздерінің жылдап жиналған қарыздарын осы билердің көмегіменен қайтарып жатыр, яғни дауды сотқа жеткізбей бітімгершілікпен шешіп, қарызын қайтарып алуда.
Дауды сотқа жеткізбей билердің көмегімен екі жақ келісімге келіп, жауапкер 2 айдың ішінде қарызын бөліп қайтаруға келісіп, арызданушы да жауапкер де дауды шешудің өздеріне ыңғайлы жолын тапты деп айтсақ болады. Бұл бір ғана мысал, айта берсек даудың түрлері көп.
Дауласушы жақтардың ең бірінші мақсаты дауды өздеріне тиімді түрде шешу, бітімгершілік пен татуласу келісімдері осының жолын көрсете алады. Ал Билер болса осы мәселеде қол ұшын беруге күнделікті дайындығын көрсетуде.
Араздасқан азаматтар сотқа дейін бітімге келуге ниеттері бар, оған жол ашатын билер. Мемлекеттің іргетасі тұрақтылықтан басталады, тұрақтылық ол бейбітшілік, сондықтан ағайын сабырлыққа келудің арты жаман болмайды, керісінше тек жақсылыққа апарады.
Атам заманнан билер соты өзінің шынайылығымен халыққа ең жақын, әділ шешімдерімен елді аузына қаратып, дауласқан екі тараптыӊ да көӊілінен шығатын жүйелі билігімен ел құрметіне бөленгендігін айту қажет.
Азаматтардың сотқа дейін бітімгершілікке келуіне аудандық сот, прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімі қолдау жасауға мүдделі.
Қазіргі таңда аудан бойынша билер кеңесінің 42 мүшесі бар, әр ауылдық округта 2-3 биден тіркелген. Азаматтар өздерінің дауларын билер арқылы сотқа дейін шешіп, екі жақты бітімге келулеріне ыңғайлы болуы үшін ауылдық округ әкімдіктерінен билерге жұмыс жасайтын арнайы бөлмелері қарастырылған.