Basty bet

Өңір спортына үлкен олжа салған…

Нұргелді Темірбеков грэпплингтен өткен ел чемпионатында жүлдегер атанды

Әр күннің, әр айдың, әр жылдың адам өмірінде өзіндік өрнегі бар екені анық. «Бір күн озып бара жатыр, бір күннен» деп ақындар жырлағандай, адамның бір күн бір күнге ұқсамайды. Әр жыл өзінің айшықты оқиғаларымен тарих қойнауына енеді. Былтырғы барыс жылы да ел өмірінде елеулі оқиғалармен есте қалғаны анық. Ел экономикасының дамуында, халықтың әл-ауқатының артуында, спорттың кең қанат жаюында үлкен серпілістер бар. Ауданымызға белгілі кәсіпкер, кейінгі жылдары үлкен спортта да жұлдызы жанып жүрген ардагер балуан Нұргелді Темірбековтың өмірінде өткен жыл өзіндік өрнек қалдырды. Оның алдыңғы жылдары қатысқан беделді жарыстарын айтпағанның өзінде, ол 2022 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында грэпплингтен ардагерлер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында екі дивизион бойынша үшінші орынды жеңіп алды. Бүгінде асқаралы 60 жастан асып отырған ардагер балуан үшін бұл үлкен спорттағы айтулы жетістік екені анық. Негізінен ардагер спортшылар бақ сынаған елдік деңгейдегі айтулы бәсекенің марапаттау рәсімінде Н.Темірбеков Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитетінің арнайы Дипломына ие болды.
Жастайынан спортты жанына серік етіп, саламатты өмір салтын ұстанып келе жатқан ауданға белгілі айтулы азамат қазақ күресімен кәсіби түрде 40 жастан асқаннан кейін айналыса бастаған. Кәсіби дайындықтың арқасында біздің кейіпкеріміз облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, топ жарып жүр. Ендігі кезекте солардың бірқатарына шолу жасасақ, ол 2017 жылы Грекияда өткен әлем чемпионатында III орынның биігінен көрінген. Қостанай қаласында самбо күресінен ардагер балуандар арасында ұйымдастырылған ел чемпионатының жүлдегері атанған. Одан көп уақыт өтпей-ақ ел ордасы Астана қаласында грэпплинг күресінен әлем чемпионатының жалауы желбіреп, онда да ардагер балуан аталған күрестің екі түрінен төрт белдесу өткізіп, үшінші орынға табан тірегенін айтады. Сонымен бірге Талдықорған қаласында қазақ күресінен ардагер спортшылар арасында өткен ел чемпионатында 70 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған Н.Темірбеков Астана қаласында өткен грэпплингтен Қазақстан кубогының аясында II орынға қол жеткізген.
Иә, еңбекпен және спортпен егіз жаратылған ардагер балуан Нұргелді Темірбековтың қатысқан жарыстарының қай-қайсысынан болсын, жүлдесіз қайтқан кезі әсте жоқ. Мұның бәрі әрине жүйелі түрде еңбектенудің арқасы және ащы тердің өтеуі. Жарыстардан жүлделі оралғанда бұл қуанышқа ең алдымен балуанның отбасы мүшелері қуанады. Әсіресе, атасы мен апасын тәтті қылықтарымен қуанышқа бөлеп жүрген немерелерінің ерекше қуанатыны ардагер балуанға күш-қуат беретіндей.
-Біраз жылдан бері елімізде жаңадан спорт түрлерінің айналымына қосылған күрестің жаңа түрі грэпплингпен айналыса бастадым. Бұл спорт түрімен мені Азат Үлеков жаттықтырады. Ауданда күрес түрлерін дамытуға өз үлесін қосып жүрген Азатқа алғысымды жеткіземін. Алдағы жылдары да спорттағы дайындық деңгейімді жоғарылатып, жалпы спорттан қол үзбесем деген ниетім бар,- дейді ардагер спортшы.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close