Basty bet

Қаламгерлерге құрмет – Ұлт руханиятына құрмет!

Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген қанатты сөзі бар. Баспасөз – қай заман, қай кезеңде де халықтың өміріне қажетті рухани дүниенің бірі болып қала беретіні даусыз. Тәуелсіз ел тарихымен тікелей тамырлас, ертеңі халық өмірімен тағдырлас болып келе жатқан отандық баспасөз бен басылымдардың орны бөлек.

Алаш ардақтысы Ахаңнан аманатқа қалған осынау қанатты сөз елдің рухани мәдениеті мен елдік дәстүр-салттың даму деңгейін бағамдауға басты өлшем болып табылатынын жақсы білеміз. Дәстүрлі баспасөз басылымдардың ішінде – газеттің алар орны ерекше. Қасиетті өңірдің төл басылымы – «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің қалың оқырманға жол тартып, жергілікті халыққа рухани демеуші болып келе жатқанына биыл – 92 жыл толып отыр.
Отандық ақпарат саласында қызмет атқару – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Отандық баспасөз саласының өкілдері елдің тұтастығы мен татулығын нығайтумен бірге, қоғамның береке-бірлігін арттыру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлынан мұраға қалған киелі сөз өнерін қадір-қасиет тұтып, абырой биігінен көрініп жүрген кәсіби журналистер де арамызда аз емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ақордада Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесіне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде:
– Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз.
Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Бірнеше күннен соң, яғни 1 шілдеде Конституциямыз заңды күшіне енеді. Қазақстан түбегейлі жаңа дәуірге қадам басады. Ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды оқиға қарсаңында Парламенттің 8-ші шақырылымы өз жұмысын аяқтайды. Қос палатаның бірлескен отырысына міндетті түрде қатысамын: тарихи кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылап, ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталып өтемін
Медиаиндустрия цифрлық дәуірдің сын-қатерлерімен алғашқылардың бірі болып бетпе-бет келді. Осылайша, цифрлық матрицаның – қоғам өміріндегі жаңа санаттың бір бөлігіне айналды. Мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді,- деп, бұқаралық ақпарат құралдары саласы қызметкерлерінің қоғам дамуындағы маңызды орнын ерекше атап өткені белгілі. Шынында, қоғамның шынайы жанашырлары саналатын қаламгерлер қауымына жасалған сый-құрметті елдің руханиятына жасалған биік құрмет деп қабылдаған жөн.
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген тұжырымы қазір де барынша өзекті. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін сақтау үшін отандық журналистердің Қазақстанда және әлемде болып жатқан жаһандық үдерістер туралы өз көзқарасы болуы керек. Қалам ұстаған қауым қоғамға үлгі-өнеге көрсетіп, мемлекет ісін ілгерілетуге тиіс! Өйткені халықтың сенімін ақтау – азаматтық борыш!
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қара шаңырағы саналатын – Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы» ЖШС-ның ұжымымен кездесіп, осында еңбек ететін қаламгерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар қызметкерге марапат тапсырды.
Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында өткен мерекелік жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөзбен ашты.
– Құрметті аудандық газеттің шығармашылық ұжымы және қаламгер-тілшілер! Сіздерді жыл сайын 28 маусымда атап өтілетін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, денге саулық, отбасының амандығын, ең негізгісі, қалам ұстаған қауымға шығармашылық табыс пен өрлеу тілеймін!
Кейінгі жылдары форматы өзгеріп, мазмұны да мағыналы дүниелермен толығып, тұрақты авторлардың шығармаларымен байып, жаңа заманның талабына сай келбеті де өзгерген «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеті – ауданның тыныс-тіршілігін дәл бейнелеп келе жатқан тарихы терең байырғы басылымдардың бірі.
«Журналистің – арқалағаны алтын, жегені – жантақ» деп қазақ көсемсөзінің көрнекті өкілі, жазушы-публицист, ұлт жанашыры Шерхан Мұртаза айтқандай, жалпы бұқаралық ақпарат құралдары саласында, оның ішінде, әрбір мақаланы, әрбір сөйлемді ой елегінен өткізіп, көз майын тауысып жазатын журналистер қауымының атқарып отырған еңбегі зор. Өңірде болып жатқан жағымды жаңалықтарды, халыққа қажет деген дүниелерді көз сүзгісімен қоса, ой елегінен өткізіп, оны халыққа түсінікті тілмен жеткізіп келе жатқан басылымның тілшілері қандай сый-құрметке де лайықты.
Бұқаралық ақпарат құралдары – биліктің төртінші тармағы саналады. Сондықтан, сала өкілдері Президенттің қойып отырған биік талаптарына сай болуы қажет. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің ел ішіндегі беделі мен рөлі артып, мәртебесі биіктей беретініне сенім білдіремін. БАҚ өкілдеріне мемлекет тарапынан жасалатын көмек-қолдауларды және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиісті саланың жұмысын дамытуға тиімді пайдалана беретін боламыз.
Құрметті, «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы! Сіздерді қалам ұстаған журналистер қауымының кәсіби мерекесі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Өңір халқына сүйіншілеп жеткізетін жағымды жаңалық көп болсын. Шығармашылық ұжымға толайым табыстар тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Осылай деген аудан басшысы аудандық газет редакциясының қызметкерлері мен мерекелік жиынға арнайы шақырылған сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Жалғас Мұртаза редакцияның ұжымына Құттықтаухат табыстады. Сонымен қатар, ардагер журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мейірбек Мәтенді, басылым қызметкерлері – Эльмира Мырзалиева және Баян Оразбаеваны Алғысхаттармен марапаттады.
Сонымен бірге, мерекелік жиында аудандық газеттің ардагері Мейірбек Мәтен, «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті» ЖШС-ның директоры Ақмарал Омарбекова, Бас редактор Нұржан Манасұлы журналистердің кәсіби мерекесіне байланысты ізгі тілек білдіріп, сонымен бірге, шығармашылық ұжымда атқарылып жатқан жұмыстардың да бірқатарын атап өтті.

***
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесінің қарсаңында Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті» ЖШС-ның Бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Нұржан Дербісәлиев Қазақстан Журналистер Одағы Жамбыл облыстық филиалының Алғысхатына және Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.

Таңдаулы материалдар

Close