Basty bet
Хадис риуаяты тұрғысынан хз. Омар
Ислам тарихында Хз. Омар ибн Хаттабтың (ө. 23/644) алатын орны ерекше. Ол әділеттілігімен, саяси және әкімшілік қабілетімен ғана емес, сонымен қатар, діни ғылымдарға, әсіресе хадис риуаятына қосқан үлесімен де танымал. Ислам дінінің бастапқы кезеңінде хадистердің дұрыс әрі сенімді түрде жеткізілуі ерекше маңызды болған. Бұл тұрғыдан алғанда Хз. Омар хадис жеткізу ісінде сақтық пен сенімділік қағидатын ұстанған тұлға ретінде көзге түседі. Ол хадис риуаят еткен сахабалардың ең беделді өкілдерінің бірі болды. Хз. Пайғамбардан (с.а.у.) жеткен хадистердің нақты әрі бұрмаланбай жеткізілуі үшін көптеген сақтық шараларын қабылдады. Оның хадис рәуилерінен куә талап етуі, мәліметтің сенімді рауиден келгенін тексеруі – оның бұл мәселеге қаншалықты байыппен қарағанын байқатады.
Хз. Омардың мұндай қатаң ұстанымының себебі – Құран мен хадис мәтіндерінің шынайылығын сақтап қалу қажеттілігі еді. Ислам үмбетінің дұрыс діни түсінігін қалыптастыруы үшін сенімді дерекке сүйенуді талап етті. Сол себепті, кейбір сахабаларды хадис жеткізу барысында асығыстық пен дәлелсіздікке ұрынбауға шақырды. Құран жинақтаудағы рөлі және хадиспен байланысына келер болсақ, Хз. Омардың хадиске деген қатынасын оның Құран жинақтау ісіндегі белсенді қызметімен қатар қарастыру қажет. Ол Құранның әрбір аятын мұқият сақтап, бір кітапқа біріктіру ісінде жетекші рөл атқарған. Бұл жұмыс барысында Құранды түсіндіретін, яғни тәпсірлік сипаттағы хадистердің де маңызын жете түсінді. Бұл да оның хадис риуаятындағы сақтығының тағы бір дәлелі бола алады.
Риуаят еткен хадистер саны
Зерттеулерге сәйкес, Хз. Омар шамамен 539 хадис риуаят еткен. Бұл хадистердің көпшілігі «Кутуб әс-Ситта» атты негізгі хадис жинақтарында кездеседі. Атап айтқанда, оның 81 хадисі Бухари мен Муслимнің «әл-Жәми әс-Сахих» жинағында келтірілген. Оның ішінде 26 хадис екі жинақта да бар болса, 34 хадис тек Бухариде, ал 21 хадис тек Муслимде ғана кездеседі. Бұл хадистердің мазмұны негізінен ғибадат, муамалат, ғуқубат және құқықтық мәселелерге қатысты. Алайда, мақаламыздың ауқым шектеуіне байланысты, бұл хадистердің санын берумен шектелуді жөн санаймыз, Жалпы, Хз. Омардың Ислам фиқһының қалыптасуына да тікелей әсер еткені белгілі. Оның хадис риуаятындағы қызметін терең әрі жан-жақты зерттеу, Ислам ғылымдары үшін бір қажеттілік болып табылады.
Құран мен хадистің бастапқы кезеңдегі жазба дәстүрі
Хадис риуаятына қатысты ұқыптылықтың маңызына Хз. Пайғамбар өнегесі жетекшілік етуде. Мұны байқау үшін жалпылама шолу жасап өтейік. Құран аяттары Хз. Пайғамбардың (с.а.у.) жиырма үш жылға созылған пайғамбарлық қызметі кезеңінде кезең-кезеңімен түсірілді. Алла Тағаладан Жәбірейіл періште арқылы келген бұл аяттарды Ардақты Пайғамбардың өзі жаттап алып, уахи жазушыларға жаздырғаны белгілі. Ол уахидің дұрыс жеткізіліп, сақталуы үшін ерекше мұқияттылық танытқан. Бұл мұқияттылық қасиетті Құранның бірнеше жерде көрініс тапқан (Хижр, 15/9; Таһа, 20/114; Қиямет, 75/17). Осы деректер негізінде Құран мәтінінің дұрыс жеткізілуі тұрғысынан елеулі мәселе туындамағаны аңғарылады. Хадистерді жазу ісі болса, Құраннан біршама өзгеше бағытта дамыды. Исламның алғашқы кезеңдерінде Құран аяттары ерекше сақтықпен жазылып отырса, хадистер дәл сондай дәрежеде жүйелі түрде жазылмады. Керісінше, олар Құранмен араласып кетпеуі үшін жазуға тыйым салынған кездер де болды. Дегенмен, Құраннан тыс қалған кейбір діни мәліметтер, соның ішінде хадис аз көлемде болса да қағазға түсірілген. Уақыт өте келе, Құран мәтінінен хадисті ажырату мәселесі өз шешімін тапқан соң, хадис жазу дәстүрі кең өріс ала бастады.
Исламның алғашқы ғасырларында хадистер көбіне ауызша риуаят арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілді. Осы себепті хадис ғылымы саласында түрлі мәселелер мен пікірталастар туындады. Хадис риуаяты тізбегінде орын алатын әрбір риуаятшының сенімділігі мен нақтылығы ерекше мәнге ие болды. Бұл тұрғыда риуаяттың алғашқы буыны болып табылатын сахабалар, яғни Хз. Пайғамбармен (с.а.у.) тікелей араласқан тұлғалар, Исламның сенімді түрде кейінгі ұрпаққа жетуінде дәнекерлік қызмет атқарды. Ал, Хз. Пайғамбарға (с.а.у.) ең жақын тұлғалардың бірі болған Хз. Омардың (р.а.) Исламның кейінгі буындарға дұрыс жетуіне қосқан үлесі айрықша. Оның әрі сахаба, әрі Ислам тарихындағы екінші халифа ретіндегі рөлі хадис риуаяты саласында елеулі із қалдырған.
Камила Мырзабаева,
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының»
«оңалту» бөлімінің инспекторы