Basty bet
Өткенді жаңғырту бабалар алдындағы перзенттік парыз
Қалың көпшілікке белгілі болғандай, Ұлттық құрылтай – ұлт болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, оның шешімін іздейтін бірегей маңызды алаңға айналып отыр. Кезінде ел билеген хандар мен билер бас қосқан келелі кеңестерде тұтас елдің тағдыры шешіліп, маңызды шешімдердің қабылданғаны мәлім. Ғасырлар өте Ұлттық құрылтай институты болып қайта жаңғырған алаңда да ел тағдыры, мемлекет болашағына қатысты маңызды мәселелер кеңінен талқылану үстінде.
Жылдың басы саналатын биылғы Наурыз айында шежірелі өңір саналатын Атырау облысында ұйымдастырылып, өткізілген Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуы, мемлекет болашағына қатысты идеологиялық, рухани бағыт-бағдарларды айқындап, жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде өз ойлары мен парасатты пайымдарын ортаға салды. Мемлекетіміздің ертеңі не болмақ? Елімізді жаһандық сын-қатерлерден алып шығудың, тұрақты дамудың жолдары қандай?! Міне, осындай маңызды сұрақтарға Президент нақты жауап берді.
Әрине, тіл, дін, тарих пен мәдениет, салт-дәстүр – әр ұлттың басты байлығы. Сөз жоқ, біздің де тамырымыз тереңде жатыр. Сан ғасырлық шежіреміз тасқа қашалған. Өшкенімізді тірілту, өткенімізді жаңғырту – бабалар алдындағы перзенттік парызымыз. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осыған ерекше назар аударды.
Қазақтың түп-тамыры сонау сақ-ғұндардан басталады десек, бертіндегі Жошы ұлысы мен оның заңды мұрагері саналатын Қазақ хандығының да тарихтан ойып алар орны ерекше. Президент болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұраларды сақтап, оны дәріптеу қажет екенін атап өтті.
Ұлттық бірегейлікті нығайту – негізгі мәселе. Бұл орайда Мемлекет басшысы ұлтымыздың салтында жоқ киім үлгілерінен аулақ болу керек екенін айтты.
«Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақсатбек БАЙБОЛОВ,
Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ардагер ұстаз,
ауданның Құрметті азаматы