Basty bet
Отбасы тәрбиесі – қоғам негізінің бастауы
Бұл мақалада көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігі бәріне жақсы мәлім. Қазіргі таңда әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық елімізде де басты мәселенің біріне айналып отыр. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептеріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқтры әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндердің басым көпшілігі әйел адамдар. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әсіресе әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес.
Осыған байланысты апта басында «Отбасын қолдау орталығының» ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы – әділетті қоғам» акциясы аясында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды.
Мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, заңдық және писхологиялық көмек түрлерімен таныстыру, қоғам назарын осы өзекті мәселеге аудару.
Орталықтағы әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Ажар Исева қатысушыларға аталған акцияның мақсат-міндетімен таныстырып, ситуациялық сұрақтар қою арқылы, кері байланыс орнатты. Сонымен қатар, шара барысында орталық директоры Жамиля Калимбетовамен отбасылық зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептері, оның құрбандары және оларға көрсетілетін көмек жолдары кеңінен талқыланды.
Мамандар зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық кеңес берудің, психологиялық қолдау көрсетудің қажеттілігін атап өтті. Қатысушылар да өз пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды. Жалпы қоғамда отбасы институты дұрыс қалыптаспаса, онда отбасылық зорлық-зомбылық орын алатыны сөз болып, әрбір ер азамат пен әйелдер қауымы қоғамдағы өз орнын білсе, өзінің міндеті мен парызын өтеп, құқық шеңберінен аспаса, отбасында татулық пен бірлік орнайтыны да назардан тыс қалған жоқ.
“Жаңа өмір”-ақпарат