Basty bet

Қош бол, сүйікті балабақшам!

Жас ұрпақ тәрбиесі – өте маңызды, күрделі мәселе. Балаға негізгі тәрбие отбасында беріледі. Алайда балабақшада балаға тәрбие-білімге негізделген құндылықтар сіңіріледі. Сондықтан да балабақшаға барған бала мен бармайтын үйдегі баланың айырмашылығы көп болады. Себебі, балабақшада бала қатарластарымен бірге ойнап көпшіл болуды, өзінің бойындағы талабын ортаға көрсетуді, тәрбиешілердің жүйелі жұмысы арқылы өнер-білім үйренеді.

Аудан орталығындағы “Нұрлы ұрпақ” жекеменшік балабақшасы 2019 жылы ақпан айында ашылған. Құрылтайшысы жеке кәсіпкер Әсима Шекеева. Балабақша алғашында екі топпен 40 балаға арнап ашылған болатын. Ата-аналар тарапынан сұраныстың көп болуына байланысты 25 баламен тағы бір топ ашылған. Сонымен бірге үш жыл бұрын 20 баламен мектепалды даярлық тобы ашылып, жұмыс істеуде.
Апта басында балабақшаның мектепалды даярлық тобының, яғни балабақшаның алғашқы түлектерінің сүйікті балабақшаларымен қоштасу шарасы өтті.
-Бұл топты ашудағы себебіміз, ауданда балабақшаларда мектепалды даярлық тобы жоқ. Сондықтан жұмыс басты ата-аналар балаларын мектептегі сабағынан кейін қайда қалдырарын білмей, қиналып жатады. Осындай ата-аналар өтініш білдіргеннен кейін, арнайы топ аштық. Топта балалар түске дейін сабақ оқиды. Түс қайта тәрбиешілер балалармен жеке жұмыс жасайды, түрлі үйірмелерге тартады. Қазір топтағы балалар 1 сыныпқа толық дайын,- дейді балабақша құрылтайшысы Әсима Шекеева.
Іс-шара балабақшаның ауласында өтті. Ауланың әсем безендірілуі бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Тәрбиешілер балаларға жеке-жеке мінездеме беріп, құрметпен ортаға шақырды. Бүлдіршіндер қоштасу вальсін билеп, балабақша ұжымына деген алғыстарын өлең шумақтарымен жеткізді. Апайларына гүл шоқтарын ұсынды.
Балалар түрлі би биледі, ән салды. Үлкен топтағы аға-әпкелеріне арнап ортаңғы, кіші топтың бүлдіршіндері де тарту ретінде би биледі.
Шара соңынан тәрбиешілер, балабақша меңгерушісі игі тілектерін жеткізді. Әсима Шекеева құрылтайшы ретінде оқу жылындағы тәрбиешілердің жұмысын қорытындылай келіп, тәрбиешілерге 70, 100 мыңдық сертификаттар тапсырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close