Basty bet

Ұрлық жасаған жазадан құтылмайды

Ұрлықтың қай заманда болсын қоғамға әлеуметтік әсерінен бөлек, саяси салқыны, мәдени зардабы да орасан. Ұрлық – әдетке, әдет әдепті бұзатын ауыр күнәға апарады. Ұрлық, қылмыстық құқықта — мүлікті жасырын жымқыру. Ұрлық қоғамдық немесе жеке меншікке қарсы жасалған қылмыстардың қатарына жатады.
Қазақ атамыз біреудің ақ-адал малын ұрлап, жеке мүлкін рұқсатсыз жымқырған ұры-қарыны, баукеспе-қарақшыны қатты жазалап, қоғам дертін тамырымен жоюға тырысып отырған.
Шариғат заңы бойынша ұрлық – ауыр қылмыс. Бұл күнәні істегендерге дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Ұрлық істеген адам иманынан айрылады.
Ауданымызда мал асырап еңбек етіп жүрген жұрт, ұрылардың кесірінен малдарынан айырылуда, сол тұрғыда мал ұрлығы қылмысы бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып отыр.
ҚР ҚК-нің 187-бабына сай ұсақ-түйек жымқыру, яғни, болмашы мөлшерде жасалған, бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, иемденіп алу немесе талан-таражға салса, елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазасы қарастырылған.
188-бапта болса ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру бойынша ең ауыр жазасы, мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған.
188-1-бабында мал ұрлау яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру бойынша, ең ауыр жазасы мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза қарастырылған.
Бүгінде қоғамда мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отыр. Қыс мезгілі келіп, соғым уақыты таяғанда мал ұрлығының тіпті жиілеп кететіні де рас.
«Ұрлық түбі – қорлық» деген халық даналығының ақиқаттығына ой тастап, ақыл тоқтатар деген ойды айта кеткен дұрыс деп санаймын. Сотқа жеткен қылмыстық iс әдiл шешiмiн табады, соны әрбір азамат аталған қылмысқа бармай-ақ дүниесін таза еңбекпен тапқаны абзал!

Жазира Оралова,
аудандық сот әкімшісінің
бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close