Basty bet
Кітаппен дос бол, зейінің ашылады!
«Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» – деп ұлы Абай айтқандай, кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Абай Құнанбаев оқыған кітаптар арасынан батыс шығыстың ең озық әдебиеттері болған. Кітаппен қалың дос болғаны соншалық, бүкіл еңбектері Ислами дүниетанымға негізделгенін білеміз. Шәкәрім Құдайбердіұлы да Стамбул кітапханаларына барып, кітап іздеп шарқ ұрған. Шәкәрімнің халық танитын, құрмет тұтатын дәрежеге жеткені де, кітаппен дос болғанында. Артына отыз томдық мұра қалдырған, Мәшһүр Жүсіп бабамыз да зейінді білімді көп іздеген.
«Ағаштың жемісі бұтақта болса, сөздің жемісі кітапта» – деп ұғынған. Жақсы кітап ақылды адамның әңгімесімен бірдей деген. Тарихымыз бен әдебиетіміз, мәдениетімізді, салт – дәстүрімізді тануда кітаптың маңызы зор. Бүгінгі таңда ауданымызда кітапханалар жүйесі жақсы орныққан. Мұны ауданымыздың озық жетістіктерінің бірі деп санаймын.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 23 ауылдық кітапхананың 20-сында цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылған. Цифрландырылған ақпараттық орталық өз кезегінде еGov қызметін атқарады. Мұнда барлығы 20 қызмет түрі көрсетіледі. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдық округтердің тұрғындары орталыққа келмей-ақ ауылдық кітапханалардағы цифрландырылған ақпараттық орталықтардан анықтамалар, оның ішінде (жеке тұлғаның жылжымайтын мүлкінің болуы немесе болмауы, зейнетақы жинақтары, соттылығының болуы немесе болмауы, медициналық тіркеулер, екпе анықтамасы, тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамалары, заңды тұлғаларды қайта тіркеу) сияқты анықтамалар беріледі.
Аудандық орталық кітапханада да осы мүмкіндіктер қарастырылған.
Қазіргі таңда аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне Қайсар Асылбеков басшылық жасауда. Онда кітапханалар жүйесінің бірыңғай қорларды пайдалану бөлімі, кітапхананы дамыту бөлімі, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі және жіктеу бөлімінде білікті мамандар жұмыс атқарып, оқырмандарға қызмет көрсетуде.
Жас ұрпақты кітап оқуға шақыру арқылы білім нәрімен сусындатып, рухани мол қазынаның және тәлім-тәрбиенің ордасына айналып отырған киелі шаңырақ кітапхананың адамзат өмірінде алар орны орасан зор. еgov саласына кітапхананың әдіскері жауапты. Ауыл тұрғындары қажетті анықтамаларды ауылдық кітапханадан дер уақытында алуға мүмкіндіктері бар.
Мен бұл мамандықта жұмыс істеу үшін болашаққа арман және мақсат қоя білдім. Әріптестерімнің жұмысқа деген жауаптылығы, кәсіби біліктілігі менің бұл мамандыққа деген қызығушылығымды арттыра түсті. Бала кезімнен әдеби кітаптарға ерекше қызығушы едім. Осы мамандықтағы мүмкіншілігімді пайдалана отырып, балаларға, келешек жастарға кітапхананың адам өміріне, мәдениетіміздің дамуына, ұлтымыздың ұлттық құндылығының өркендеуіне кітаптың мол үлесі бар екендігін түсіндіргім келеді. Қазақтың біртуар батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқығанымда байқағаным, ол кісі барлық мамандыққа бірдей көзқараспен қарап, табандылық еңбексүйгіштігімен жеңіп отырған. Мен де өзімнің мамандығымды жетілдіріп, саналы ұрпақты сапалы білімге жетелейік дегім келеді.
Нұрсұлу Жақсыбайқызы,
Бәйтерек ауылдық кітапханасының
кітапханашысы