Basty bet

Құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне шағым келтіруге құқығыңыз бар

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік Кодексiнің 106-бабына сәйкес, прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне іс қозғалған сотталушы мен іске қатысты жәбірленушінің шағым келтіруге құқықтары бар.
Мемлекетіміз демократиялық бағытты ұстануда. Бұл – ел азаматтары құқықтарының мүлтіксіз сақталуы және бостандықтарына кепілдік беру деген сөз. Атап айтқанда, бұл тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, оған қоса құқық қорғау органдары тарапынан да тергеу барысындағы қозғалып жатқан қылмыстық, әкімшілік істер бойынша сотталушылар, жәбірленушілер, құқықбұзушылар тарапынан тергеушінің әрекеттеріне және әрекетсіздігіне шағым келтіру мәселесінінің органдар тарапынан қаралуы болып отыр.
Полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және арызды қалай дұрыс жазу керектігі туралы нақты талаптар жоқ. Негізгі критерий өтініш берушінің жеке деректерін толтыру болып табылады. Өйткені анонимді құжаттар қарастырылмайды.
Полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі туралы шағым жоғары тұрған полиция бастығына, сотқа немесе прокуратураға беріледі. Құжат сонымен қатар келесі ақпараттарды қамтуы керек. Жағдайды егжей-тегжейлі сипаттау, өтініш берушінің талаптары, органның атауы, тексеруді бастаған тұлғаның мекенжайы, телефоны, полиция қызметкері бұзды деп ойлайтын заң нормалары, прокуратура органдарына полицияның әрекетсіздігі туралы шағым түссе, онда осы ұйымның орналасқан жері бойынша мекенжайын көрсету талап етіледі. Өтінішке бұзушылықтар фактісін растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс.
Әр азамат өз құқығының шегінде тергеушінің іс-әрекеттеріне және әрекетсіздігіне байланысты прокуратураға шағымдана алады. Қорғаушылар тергеу барысында сотталушылар мен жәбірленушілерге осы бағытты еске салуға толығымен мүмкіншіліктері бар.
Қазіргі таңда аудандағы тұрғылықты тұрып жатқан тұрғындардың арасында бұл туралы білмейтіндері де баршылық. Сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін анықтап қаулы шығарады.
Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілетіндігі немесе жол берілмейтіндігі туралы түйін жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар екенін не жоқ екенін тексереді. Шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды.
ҚР ҚПК-ның 106-бабының 6-бөлігіне сай шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды 10 тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарайды. Олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді.
Тергеу судьясының өкімі бойынша соттың отырысы бейнебайланыс режимінде өткізілуі мүмкін. Сот отырысының барысында хаттама жүргізіледі. Қажет болған кезде тергеу судьясы қосымша материалдарды талап етіп алдырып, тиісті тұлғаларды шақыруға және олардан сұрақ алуға құқылы. Әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым жасалып отырған лауазымды адамдар соттың сұрау салуы бойынша үш тәулік ішінде мұндай әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауға және шешімдерге негіз болған материалдарды сотқа ұсынуға міндетті.
Шағымды қараудың нәтижесiнде шағым жасалған шешiмнің күшін жойып немесе оны өзгертіп, шағымды толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм қабылдануы мүмкiн.

Байжан ЖАМАЛБЕКҰЛЫ,
аудандық соттың судьясы

Таңдаулы материалдар

Close