Basty bet

«Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас

Батырдан қалған қасиетті қара шаңырақты ортаншы ұлы Дәулетбек пен келіні Ақылбала қасиеттеп ұстауда

Майдан жолы – ұзақ жол

Ұлы Отан соғысының басты қаһармандарының бірі, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының таспаға жазылып алынған өз даусын ғаламтор желісінен тыңдаған боларсыздар. Онда Баукең қаһарлы даусымен соғыс туралы, онда Отан үшін шейіт болған ерлер туралы: «Мен өзім қырық жыл қырғында тірі қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын мен өзім көзіммен қан майданда көргем. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттердің өліп кеткенін көзіммен көргем. Олардың имандары жолдас болсын. Олар Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жан-тәнін аямастан соғысты, тәуелсіздік үшін жантәсіл етті. Имандары жолдас болсын» деп толғайды. Иә, Отанның тыныштығы мен қалың елдің амандығы, ұрпақ болашағы, сонымен бірге бейбітшілік жолындағы сұрапыл соғыс туралы хас батыр Бауыржан Момышұлынан кейін ешкім жеріне жеткізіп айта алған жоқ…
Баукең айтқандай, Ұлы Отан соғысының зардабын тартпаған біздің елде бірде-бір жанұя жоқ шығар?! Ұлы Отан соғысында «Даңқ» ордендерінің толық иегері атанған Батыр жерлесіміз Тайыр Тастандиевтың де өмір жолы екінші дүниежүзілік соғыспен тікелей байланысты өрбіді. Соғыс өрті тұтанған жылы Тайыр небәрі 17 жастағы бозбала болатын. Қызыларық ауылындағы колхозда еңбек етіп жүрген ол 1942 жылы Сайрам әскери комиссариаты арқылы майданға аттанып кете барды…
Бұл туралы Батыр өзінің бір сұхбатында:
«Мені, Байжан, тағы басқа қатарластарымды Сайрам әскери комиссариаты арқылы (ол кезде Жуалы ауданы Шымкент облысына қарайтын) әскерге алды. Бұл 1942 жылдың тамыз айы еді. Әртүрлі әскери даярлықтан өткізді. Майдан жолы – ұзақ әңгіме. Мен қысқартып, тек орден алу сәттерін ғана айтайын. «1943 жылы қыркүйек айында Днепр өзенінен өту, 5 жауынгермен қарсы беттен тіл әкелу, дзоттың үнін өшіру тапсырмасымен түнде салмен өте бастадық. Күндіз мүмкін емес. Түннің өзінде дария беті ракетамен күндізгідей жап-жарық болып тұрады. Оқ қарша борайды. Күні бойы тығылып жаттық. Қараңғылық түсе дзотқа жылжып жеттік, күзетін өлтіріп, қасына жауынгер қосып, офицерді штабқа жөнелттім. Пулеметті немістерге қарай бұрып, артымыздан тың күш келгенше жауды өз қаруымен өзін күні бойы бет қаратпай атқыладық. Осыным үшін III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым.
Келесі кезекте Тайыр аға Симферополь, Кривой Рог, Воронеж, Донбасс қалаларын азат ету ұрыстарына қатысқанын айтады. «1944 жылғы қараша айында Латвия аумағындағы бір қыратты алу туралы бұйрық алдым. Взвод командирімін, басқарып, жер бауырлап атыса отырып алға ұмтылдық. Басты мақсатымыз, өліспей беріспеу, қалайда дзот үнін өшіру. Аллаға сыйынып, дзотқа тақап келіп, 3 гранатаны бірінен соң бірін лақтырдым. Дзот қақалып-шашалып үні өшті, немістер жайрап жатты. Қырат алынды. Кеудеме ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін тақтым», деп толғанады.
«Содан кейін Шығыс Пруссияда Гельмидмильде поселкесін алудағы көзсіз ерлігімізді командование жоғары бағалап, көптеген жауынгерді орден, медальдармен марапаттады. Солардың қатарында мен де бармын: I дәрежелі «Даңқ» орденін алдым», деп Тайыр Тастандиевтың әңгімені жалғай түскенін көреміз сол сұқбаттан.
Батырдың өзі айтқандай, майдан жолы – ұзақ әңгіме. Қалай десек те, «Даңқ» орденінің толық иегері атанған Тайыр Тастандиев сияқты соғыста көзсіз ерлікке барған Батырлар кемде-кем. Бұл – Отанды сүю мен елге деген патриоттық сезімнің шыңы болса керек.

Қасиетті қара шаңырақ

Пулеметші Тайыр Тастандыұлының Ұлы Отан соғысындағы ерліктері өз алдына. Ал оның соғыстан елге аман-есен оралып, бейбіт заманда елдің өркендеуі мен халық тұрмысының көтерілуіне сіңірген еңбегі өз алдына өр төбе. 1946 жылы майдан даласынан елге келген ол бір жылдан кейін отау құрып, Талапты ауылының бойжеткені Үрлікүл Дәуітқызымен шаңырақ көтерген. Қызыларық ауылындағы колхозға кірген ол ұжымшарда қарауыл, қамбашы және партия ұйымының хатшысы сияқты жауапты жұмыстарды атқара жүріп, соғыстан кейінгі елдің тұрмысындағы қиындықтарды еңбекпен еңсеруге өз үлесін қосады. Содан Тайырдың ауыл-аймақ пен ағайын арасындағы абырой-беделін және ұйымдастырушылық қабілетін байқаған сол тұстағы аудан басшылары оны Ақтөбе ауылдық кеңесінің төрағасы етіп тағайындайды. Бұл 1953 жыл болатын.
-Әкем Тайыр Тастандыұлы ескі ауылда дүние есігін ашып, кейіннен ондағы ағайын-туысты қазіргі Қызыларық ауылына көшіріп әкеліп, осында ел-жұрт болып ұйысуға үлкен еңбек сіңірген кісі болатын. Әкемнің соғыстағы ерлік істері туралы аз жазылған жоқ. 1974 жылы совет режиссері Константин Симонов Одақ көлеміндегі «Даңқ» ордендерінің иегерлері туралы «Шел солдат» аталатын деректі фильм түсірген. Соның ішінде менің әкем туралы да кеңінен баяндалған. Одан кейін Т.Тастандиев туралы жуалылық жазушы Мырзахан Ахмет «Шоқ жұлдыз» кітабын жазды.
Ал мен әкемнің еңбек майданындағы ерліктерін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде баяндасам деймін. Онда ауылда мектеп деген атымен жоқ. Менің әкем және оның тұстастары Мақұлбек Қорғанбаев және Тұрғыналы Жүзбаев көршілес Талапты ауылындағы төрт жылдық мектепте оқып, сауат ашқан. Ол тұста автокөлік жоқтың қасы. Ауыл балалары сонда жаяу-жалпылап қатынап оқиды. Кейде Тастанды атам ауыл балаларын ат жеккен шанамен алып қайтады екен. Әкемді өз ауылы ғана емес, Талапты ауылының үлкендерінің: «Тайыр біздің ауылда оқып, білім алған. Ол бізге алыс емес» деп мақтан тұтып отыратынын жас кезде талай естіп, көзбен көргенбіз.
Әкем небәрі 50 жыл өмір сүрсе де ол ауыл-аймаққа сыйлы әрі қадірлі адам бола білді. Мұның барлығы оның басқалардан гөрі елгезектігі мен адам жатырқамайтын ақ жарқын мінезі мен ақ көңілділігі мен кісіге деген жанашырлығында және еңбексүйгіштігінде жатса керек. Әлі есімде, әкем Ақтөбе ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген тұста үйге түн ортасынан аса келіп, таңертең жұмысқа ерте кететін. Ауылдағы кісілер үй тұрғызып жатса, әкем киімін шешіп тастап, жұмысқа кірісіп кете беретінін талай көрдік. Бір жолы Алатау ауылында бір кісі жазда лай кірпіштен үйінің дуалын тұрғызады. Шатырын жабайын десе, шифер жоқ. Онымен жолыққан әкем көмекке мұқтаж азаматқа қол ұшын созып, аудандық тұтынушылар одағы мекемесінен шифер алуға тікелей ықпал етіп, оны ауылына да дейін жүк көлігімен тегін жеткізіп береді. Әкемнің ел-жұртқа жасаған мұндай қайырымды істері өте көп. Оның елге деген мейірімі мен қайырымы мол болатын. Нағыз еңбектің адамы еді. Әкем шаршап-шалдығу дегенді әсте білмейтін,- дейді майдангердің ұлы Дәулетбек Тайырұлы.
Ұлы Отан соғысында бірнеше рет ерлік көрсетіп, «Даңқ» ордендерінің толық иегері атанған Тайыр Тастандиев елге келгеннен кейін де «Мен Батырмын!» деп қол қусырып қарап жатқан жоқ. Ауыл тұрмысын көтеруге бойындағы күш-жігері мен барлық саналы ғұмырын арнап, жұбайы Үрлікүл Дәуітқызы екеуі құрған құтты шаңырақта үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Үйдің тұңғышы Миллионбек 1948 жылы дүние есігін ашты. Оның мамандығы – инженер-гидротехник. Бар өмірін су шаруашылығының дамуына арнап, ауданның су қоймасында, одан кейінгі жылдары Мойынқұм ауданында, Жамбыл облыстық су шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, кейіннен аудандық су шаруашылығы мекемесін басқарып, зейнетке шыққан. Жұбайы екеуі үш ұл, екі қыз сүйген.
Одан кейін өмірге келген үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздар – Зәуреш, Роза, Дәулетбек (ауылдағы қара шаңырақтың иесі), Дәуренбек және Мира өмірден өз орындарын адаспай тапқан бақытты жандар. Ерлі-зайыптылар Тайыр мен Үрлікүл балаларына қазақи тәлім-тәрбие берумен бірге, оларды адал еңбекке және тура сөйлеуге, шыншылдыққа үйреткені анық. Соның әсері болар, Батырдың кіндігінен тараған ұрпақтың жаман аты шыққан емес. Барлығы Әкелерінің атына кір келтірмей, ел дамуына мол үлестерін қосуда.
Әсіресе қазақ халқы үшін қара шаңырақтың орны бөлек. Алғаш дүние есігін ашып, үлкен өмірге қанаттандырып ұшырған қасиетті табалдырық барлығымыз үшін өте қасиетті саналады. Іргетасын өмірден өтетін жылы Батырдың өзі қолымен қалап кеткен шағын үйді кейіннен балалары үлкен әрі құтты шаңыраққа айналдыра білді. Қазір Тайыр Тастандиевтың кіндік қаны тамған қасиетті Қызыларық ауылындағы бір көше Батырдың есімімен аталады. Дәл сол көшенің бірінші үйінде оның қара шаңырағы орналасқан. Онда Тайырдың ортаншы ұлы Дәулетбек пен келіні Ақылбала екеуі 45 жылдан бері осында түтін түтетумен бірге, саналы ұрпақты өмірге әкеліп, немерелеріне ақылшы әрі сүйікті ата-әже атанып отыр.
Ата-анадан қалған құтты қара шаңырақты қасиеттеп ұстап отырған бұл отбасында да бір ұл, үш қыз тәрбиеленген. Ұлы Азамат «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында су реттеуші болып еңбек етсе, оған қосымша сүйікті ісі ретінде көкпар және бәйге аттарын баптаумен айналысып, ауыл-аймаққа атбегілігімен де танылған бірегей азамат. Келіні Нұргүл ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек етіп, ата-енесіне қызмет көрсетуде. Үлкен қызы Әсел Астана қаласында заңгер болып жұмыс істесе, Алматы қаласында тұратын Нұрсәуленің мамандығы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Кенже қызы Айсәуленің үлкен спорттағы жетістігі көпшілікке жақсы таныс. Ол қыздар арасында бокстан әлем чемпионы. Жастар арасындағы бірқатар халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған Айсәуле қазір де сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ.

«Батырдың атындағы бұл көшеде…»

«Батырдың атындағы бұл көшеде,
Тұрақ тауып топас та күн кеше ме?
Тұрғыны санай ма өзін сол көшенің,
Сәдудің кім екенін білмесе де?» деп таластық арқалы ақын Серік Томановтың Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіров есімі Қаратау қаласының бір көшесіне берілгенін жырлап, сол көшенің тұрғындарын Батырдың атындағы көшені барынша қадірлеп, оның кім болғанын есте сақтаудың қажеттігін өлең арқылы ескерткенін жақсы білеміз.
Сол айтқандай, ердің есімі елдің есінде мәңгілік қалатыны анық. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран». 1994 жылы «Даңқ» ордендерінің толық иегері Тайыр Тастандиевтың 70 жылдық мерейтойына орай өзі ұзақ жылдар ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет етіп, еңбек сіңірген қазіргі Бәйтерек ауылындағы бұрынғы №11 Октябрь атындағы орта мектепке Батыр Тайыр Тастандиевтың есімі берілді. Батыр есімін иеленген осынау мектеп аудандағы іргелі білім ошақтарының бірі саналады. Қазіргі таңда мұнда оқитын оқушы балалар білім алумен бірге, патриоттық тәрбиені де бойға сіңіру үстінде. Аталған мектептің ауласында Т.Тастандиевтың бюсті орналасқан.
Батыр өнегесін дәріптеу – жас ұрпақтың міндеті. Бұл ретте Т.Тастандиевтың есімі өзі туып-өскен Қызыларық ауылындағы бір көшеге және аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы бір көшеге берілген. Мына сабақтастықты қарасаңызшы. Көзі тірісінде бір-бірін қадірлеп, ағалы-інілідей болып сыйласып өткен қос Батырдың де ел қорғаудағы және бейбіт өмірдегі ерлік істері өз алдына таусылмайтын тағылым мен өнегенің қайнар көзі іспетті.
-Әкем Батыр Бауыржан Момышұлымен қазақи дәстүрмен аға-іні ретінде жақсы сыйласатын. Әкем ол кісіні туған ағасындай жоғары құрметтеуші еді. Бауыржан аға басқаларға «тым» қатал болса да, менің әкеме келгенде қатқылдық танытқан емес. Батыр туған ауылға келгенде менің әкемді жанына шақыртып алатын. Екеуі түнімен әңгімелесіп, өткен күндерден сыр шертетініне бала болсам да талай куәмін. Әкем арқылы Бауыржан Момышұлымен бірнеше рет кездесіп, ел сыйлаған Батыр ағаның қолын алып, сәлем бергеніме өзімді бақытты санаймын,- дейді Т.Тастандиевтың ортаншы ұлы Дәулетбек аға әңгіме арасында.
«Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» дейді даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Баукеңнің ерлік жолын лайықты жалғастырған Тайыр Тастандиев та соғыс кезінде көзсіз ерліктерге барып, «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Әрине, ол оны бағалау үшін немесе марапат алу үшін жасамағаны белгілі. Оның бойында туған Отанына және оның халқына деген махаббаты мен патриоттық сезімі өте жоғары болатын.
Батырдың атына қанша мадақ айтылса да артық емес. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы батыр інісі Тайырмен бір кездескенінде: «Мына төртпақ денелі қазағың нағыз батырға тән тұлға», деп бағалаған екен. Батыр Т.Тастандиев соғыстағы ерліктерімен қатар, бейбіт заманда да ел мен туған өңірдің дамуына зор еңбек сіңіру арқылы жерлестерінің құрметіне бөленіп, ердің жасы – 50 жасқа жаңа толған кезінде мәңгілік мекеніне аттанып кете барды… Ерлік өлмейді, тұлғаның ел дамуына сіңірген еңбегі де ешқашан өшпек емес.
«Орнында бар оңалар» демекші, Батырдың көзіндей болып, оның артында қалған ұл-қыздары қара орман ұрпағы, алып бәйтеректің саялы бұтақтары сияқты бүгінде Әкелерінен қалған қара шаңырақты қасиеттеп, осында жиі бас қосып, Атаның асыл рухына тағзым етіп, Құран оқытып отыруды дәстүрге айналдырған. Биыл да солай. Тайыр Тастандиевтың 100 жылдық мерейтойы өзінің туған жерінде бірқатар патриоттық іс-шаралармен атап өтілмек. Бұл кезде де Батыр ұрпақтары қасиетті қара шаңыраққа жиналып, Әке рухына тағзым етуді басты ниет етіп отыр. Ерлікке тағзым жасауды азаматтық парыз деп білетін халықтың өкіліміз. Бұған дейін «Даңқ» ордендерінің толық иегері Тайыр Тастандиевтың 70 жылдық және 80 жылдық мерейтойлары атап өтілген.

Сөз соңы

Алаштың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас. Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған, Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас» деп “Батыр Баян” поэмасында толғана жырлағанын жақсы білеміз.
«Ерліктің атаусыз кетуі – халықтың трагедиясы» деп өсиеттейді Бауыржан Момышұлы бір сөзінде. Ер ерлігінің лайықты бағалануы – ең біріншіден оның елге сіңірген ерен еңбегімен өлшенсе керек. Жарты ғасырлық ғұмырында атан түйеге жүк болатын жүкті қайыспай көтеріп, талай істі тындырған Жуалының нар тұлғасы, нағыз қазақтың азаматына лайықты ер Тайыр Тастандиевтың есімі мен жарқын бейнесін туған елі мен қасиетті Жуалы жұртшылығы ұмытпақ емес… Тайыр – жұлдызы биік Жуалы ауданының даңқты перзенті және қасиетті өлкенің жұлдызын биіктеткен тұлға!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close