Basty bet

Мұқтаж жандарға көмек көрсетуде

Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Ол көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен қол ұшын беру болып табылады. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу керек емес. Ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйласа, екіншілері қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды.
Бүгінде сондай игі істер, түрлі акциялар мен жобаларды қолдап, қайырымдылықты өмірлік мақсат еткен жомарт жандардың саны жылдан-жылға артып келеді. Солардың бірі жастардың бастамасымен құрылған «Жуалы» қайырымдылық қоры. Аталған қордың құрылуы мен бүгінгі таңдағы жұмысы туралы қор ұйымдастырушысы Нұржігіт Жақсыбаймен әңгімелескен болатынбыз.
Нұржігіт Қуанышбекұлы Ақбастау ауылында туған. Ауылдағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің 9 сыныпқа дейін оқып, әрі қарай №16 Жуалы колледжінде «Дәнекерлеуші» мамандығымен білім алады. Бірақ мамандығымен жұмыс істемей, Алматы қаласына барып аспаз мамандығын үйреніп, сонда аспаз болып қызмет атқарады. Қазіргі таңда аудан орталығындағы «Корзинка» супер-маркетінің жанында, чикен, пицца сатумен айналысады.
«Жуалы» қайырымдылық қоры өзінің алғашқы еріктілік қызметін 2023 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істеп келеді. Алғашқыда қорды Нұржігіт Қуанышбекұлы Айнаш деген кісімен бірге бастайды. Бүгінгі күнде қордың штаттық жұмыскерлер саны үш адамнан құралған. Сонымен бірге тұрақты жұмыстар мен жобаларды жүзеге асыру, шешімдер қабылдауда маңызды рөл атқаратын еріктілер жұмыс істеп келеді.
-Қайырымдылық дегеніміз – өзіңдегі бар жақсылықты, бақытты өзгемен шынайы әрі риясыз көңілмен бөлісе алу деп ойлаймын. Ол материалдық немесе моральдық тұрғыда болсын, бастысы, шын ниетпен жасалған әрбір қайырлы амалды қайырымдылық деп білеміз. Біздің ойымызша, бұл игі іс қайтарымсыз негізде көрсетілетін көмекке мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Жастар негізін қалаған қайырымдылық қордың мақсаты – қиын жағдайға тап болған балаларға әлеуметтік және қаржылай көмек көрсету болып табылады. Олардың ішінде: жетімдер, ата-анасының қарауынсыз қалғандар, мүгедектер және емге мұқтаж ауыр сырқатқа шалдыққан балалар бар. Сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж көпбалалы жанұяларға көмектесу мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу де біздің мақсатымыз. Біз әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балалардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін қолымыздан келгенше көмек көрсетіп келеміз,- дейді қор жетекшісі Нұржігіт Жақсыбай.
«Жуалы» қайырымдылық қоры WhatsApp желісінде топ ашып, жұмысты жолға қойған. Алғашқыда 15-20 адаммен ашылған топ, қазіргі таңда 390 адамға жетіпті. Олар жиналған қаражатты мұқтаж отбасыларға азық-түліктей, дәрі-дәрмек және қаржылай береді. Қазіргі таңда қайырымдылық қоры құжаттарын заң жүзінде рәсімдеуде. Олар аудандағы барлық ауылдық округтердегі мұқтаж, ерекше балаларға көмек беруде. Қасиетті Рамазан айының әр жұмасында олар игілікті істер жасауда. Қор ашылғалы 15 отбасына көмек қолын созыпты.
-Алға қойған жоспарымыз көп. Соның бірі қазіргі жобаларды сәтті аяқтап, қордың қайырымды істерінің ауқымы кең болуы үшін демеушілер мен еріктілердің санын арттырып, ізетті ісіміздің сапасын жоғарылату,- дейді қор ұйымдастырушысы.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Қайырымдылық жүректі нұрландырады, өмірге мән дарытады.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close