Basty bet

Тазалық жұмыстары көңіл көншітпейді

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазалық айының қорытындысы туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевтың баяндамасы тыңдалды.

Биыл Мемлекет басшысының ұсынысымен елімізде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы өтті. Баяндамашы ауданда аталған акцияның аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
-Республикалық экологиялық акцияның аясында өтетін іс-шаралардың желілік кестесі бекітіліп, жүйелі жұмыс жасалды. Бүгінгі күнге дейін тазалық акциясына 5000-ға жуық адам, яғни аудан тұрғындары мен ерікті жастар және мекеме қызметкерлері атсалысты.
Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтер берген мәлімет бойынша 2024 жылғы көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына жалпы 13 989,0 мың теңге, оның ішінде абаттандыру және көгалдандыруға 11 045,0 мың теңге, ал санитарлық тазарту жұмыстарына 2 944,0 мың теңге қаралған.
Жұмысты өз деңгейінде ұйымдастыру мақсатында Б.Момышұлы ауылы, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігі тарапынан аудандағы барлық мекеме ұжым және ұйымдарға елді мекенінде орналасқан көшелер мен аумақтар бекітіліп, жеті рет сенбілік өтті. Сенбіліктер барысында талдар бұталып, ақталды. Каналдар мен арықтар, көшелер, алаңдар мен ауыл маңдары қоқыстан тазартылды. Қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлердің аулалары мен шағын сәулет нысандарымен қоса ескерткіштердің аумағы жөнделді. Саябақ аумақтарына көркейту жұмыстары жүргізілді. “Жасыл белдеу” бағдарламасы бойынша тал-дарақтар отырғызылды,- деген Қайрат Жатқанбаев жұмыс жоспарының орындалуы туралы мәліметтерге тоқталды.
-2024 жылы жыл басынан бері ҚР Әкімшілік Қылмыстық Кодексінің 505- бабы бойынша: ауылдық округ әкімшілігі тарапынан жалпы 31 факті анықталып, 31 ескерту хаттамасы толтырылды.
Учаскелік полиция тарапынан 299 факті анықталып, 290 ескерту, 9 айыппұл салынды.
Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстары кезінде Б.Момышұлы ауылы және екі ауылдық округте (Ақсай және Көкбастау) белгіленбеген орындарға тасталған күл-қоқыстар анықталып, бүгінгі күнге күл-қоқыстар толықтай жойылып, басқармаға слайд түрінде жауап берілді.
Сонымен қатар, көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары аясында аудан бойынша төрт рет зерделеу жұмыстары жүргізіліп, стихиялық күл-қоқыс орындары анықталып, ауылдық округ әкімдеріне ескертіліп, қоқыс орындары тазаланды.
Сондай-ақ, көшелерді және кездейсоқ күл-қоқыс орындарын тазалау жұмыстары бойынша зерделеу жүргізілді. Нәтижесі көрсеткендей, елді мекендерде тазалық айлары өткізілсе де, кездейсоқ қоқыстардың әлі де шашылып жату фактілері орын алып отыр,- деді Қ.Жатқанбаев. Баяндамашы зерделеу жұмысы аясында ауылдық округтердегі анықталған қоқыс тасталған орындарды атап өтті. Сонымен бірге 2024 жылы ағаш отырғызу жоспарын орындамаған ауылдық округтер мен 2023 жылы “Жасыл белдеу” бағдарламасымен егілген тал-дарақтарды зерделеу нәтижесінде анықталған кемшіліктерге тоқталды.
Асхат Базарбайұлы ауылдық округ әкімдеріне егілген қылқан жапырақты ағаштардың күтімін назарда ұстауды ескертті.
-2023 жылы отырғызылған ағаштардың 10-20 пайызы ғана өнген. Сондықтан Сіздерге осы олқылықтың орнын толтыру туралы тапсырма берілген. Бұл жұмыс аудан және облыс басшыларының жіті бақылауында.
Егілген ағаштардың күтімін мекемелер мен жеке кәсіпкерлерге, ауыл тұрғындарына түсіндіріп, бекітіп беріңіздер. Өз үйінің немесе кәсіпкерлік нысанның, мекеменің маңындағы ағаштардың өніп, жайқалып тұруы үшін күнара су құйып тұру ауыр жұмыс емес. Сіздер жұмыстың көзін тауып, ұйымдастыра білсеңіздер болғаны.
Баяндаманың ішінде бірқатар деректер нақтыланбаған. Жалпылама есеп берудің қажеті жоқ. Әрбір цифрды айтпас бұрын алдымен оны көзбен көріп, нақтылап алу керек.
Өңірдегі тазалық жұмыстары көңіл көншітпейді. Әсіресе, аудан орталығында. Аулалардың тең жартысы қоқыс шығарушы кәсіпкермен келісім-шартқа тұрмаған. Сол себептен, қай ауылда болсын, санитарлық тазалықты сақтамаған азаматтарды тәртіпке шақыру үшін айыппұл салынсын,- деді Асхат Базарбайұлы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close