Basty bet
Денсаулық пен жауапкершілік – басты орында
15 маусым Адам жанының арашасы – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. 1998 жылы Тұңғыш Президент Жарлығымен бекітілген бұл мереке жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Дегенмен бұл датаның тарихы әріде. Нақтырақ айтсақ, 1980 жылдың 1 қазандағы Жоғарғы Кеңес төралқасының қаулысымен медицина қызметкерлерінің күні ресми бекітілген. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы көптеген мемлекет бұл мерекеден бас тартқан. Бірақ Беларусь, Армения, Молдова, Украина және Ресейде бұл күн әлі де атап өтілуде.
Медицина қызметкерлері халықтың денсаулығын жақсартып, ұлт сапасын арттыруға зор үлес қосып келеді. Сәйкесінше, мемлекет денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп жатқандығы баршаға мәлім. Көптеген заманауи емдеу орындарының салынуы, білікті мамандарды даярлауға бөлінетін грант санының көбеюі және осы сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетілуі – соның айқын дәлелі. Түптеп келгенде, мұның бәрі саламатты қоғам қалыптастыруға оң ықпал етуде.
Осы кәсіби мерекеге орай жауапты міндет арқалаған маманның бірі, аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Ахметбек Исабекпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Ол 1994 жылы Түркістан облысы Ордабас ауданына қарасты Көкарал ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы М.Жұмабаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі атанған. Бала кезден армандаған дәрігер мамандығында жеті жыл білім алған соң 2012 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Жуалы өңіріне табан тірейді. Жалпы медицина саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқанына биыл алты жыл. Атаулы бағдарламаның игілін көріп, баспаналы болған жайы бар. Бүгінде отбасылы. Жары Сүйкім Әбдуәли екеуі отбасында бір ұл тәрбиелеуде. Екеуі де медицина саласының белді қызметкерлері десек артық айтпаймыз. Жас та болса алдына келген пациенттерге сапалы қызмет көрсетіп, өзі жаны қалап таңдаған ұлы мамандықтың білікті иесі атанып отыр. Аталған салаға саналы ғұмырын арнап келе жатқан Ахметбек әрмен қарай білім алып, дамуын тоқтатпаймын дейді әңгіме барысында. Ол биыл резидентураға тапсырып, тиісті мамандық бойынша кәсіби біліктілігін арттыруды жоспарлауда. Тарқатып айтар болсақ, радиолог, яғни медициналық радиология және сәулемен емдеу терапиясы бойынша дайындықтан өткен дәрігер-маман болуды көздеп отыр.
Жас дәрігердің сөзіне сүйенсек, жалпы тәжірибелік дәрігердің бір басында бірнеше міндет бар. Қазіргі заманғы медицина үздіксіз дамуда, ал дәрігерлер үшін білімді жаңарту қажеттілігі артып отыр. Дәлелді медицина – шешім қабылдаудың маңызды негізі болғандықтан ол ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен дәрігердің тәжірибесіне және пациенттің ерекшеліктеріне сүйене отырып, ең тиімді емдеу әдістерін қолдану мүмкіндігін ұсынады.
– Жалпы тәжірибелік дәрігер денсаулық сақтау саласында негізгі рөл атқарады, себебі біз күн сайын түрлі аурумен қатар, ауыр жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Дәлелді медицина қағидаларын қолдану біздің жұмысымызды жеңілдетіп ғана қоймай, медициналық көмек сапасын арттыруға да септігін тигізуде,- дейді Ахметбек Қайырбекұлы.
Ол еңбегінің арқасында бір емес, бірнеше марапаттың иесі атанып үлгерген. Мәселен, 2020 жылы Конституция күніне және «Медицина қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесіне орай аудандық мәслихаттың Алғысхатымен марапатталса, денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосқаны үшін аудан әкімінің Алғысхатына ие болған.
Жыл аяқталар тұста әр салада оза шауып, өз ісінің шеберін анықтайтын игі дәстүр бар екені белгілі. Осы ретте дәрігер Ахметбек Исабек 2022 жылы өз саласында оза шауып «Әулиеата үміті» облыс әкімінің Жастар сыйлығының «Үздік жас медицина қызметкері» номинациясымен марапатталған. Араға бір жыл салып «Жаңа Қазақстан: Жастар саясатының үздігі» атты республикалық байқауға қатысып, I-дәрежелі Диплом мен медаль алу бұйырыпты. Келесі кезекте «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның үздік медицина қызметкері» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, Құрмет грамотамен қатар, медальмен марапатталған, сондай-ақ есімі «Әулиеата жастары» облыстық энциклопедиясына енген.
Қарап тұрсақ, аз уақыттың ішінде еткен еңбегі еленіп, алған марапаттары да аз емес екенін байқаймыз.
Қорыта келе, өз мамандығын сүйетін шын дәрігер үшін атақтың да қажеті шамалы. Дәрігерге басты керегі – адамның денсаулығы, өмірі. Аурудың үмітіне үміт қосып, ұзақ өмірге жолдама беретін әуелі Жаратушы, сосын дәрігер деп білеміз. Ал осындай адам өмірінің арашасы болып жүрген жалпы тәжірибелік дәрігер Ахметбек Қайырбекұлының отбасына амандық, жұмысына табыс тілейміз!
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»