Basty bet
БІЗДІҢ АЛПАҢ ДОСЫМЫЗ
«Біз де бала болғанбыз» демекші, балалық бақытты шақты, шаттықты кезеңді бастан кештік. Сонда ертерек есейгіміз келетін. Үлкен адам болсақ дейтін едік. Арман құшағына еніп, қиял қанатында алысқа шарықтап кететінбіз.
Зымыраған уақыт-ай десеңші! Оған ешқашан тоқтам болмайды екен. Әйтпесе, алпыстың асқарына келгеніміз кеше ғана емес пе еді, енді міне, жетпісті жағалаппыз. Арамызда бірер жас үлкен қыз-жігіттер де оқыған. Олар мерейтойларын бізден бұрынырақ атап өтіп еді. Міне, Алпысбай досымыздың да жетпісі келіпті…
Адам есейген сайын арт жағына қарайлағыш келеді екен. Өткенін көбірек сағынады. Кезінде қадірін білмеппіз ғой, еркелігіміз де көп болыпты дейтіндер ұшырасады. Қанша ақылдымын дегенмен, балалық өз дегенін жасамай қоймайды, білемін. Ұстаздарымызды ренжіткен сәттеріміз де еске түседі. Дегенмен соншалықты сотқарлық жасап, үлкендерді ығыр етпедік. Кеңестік тәрбие тезі бізді оған жібермеді. Сондықтан ба, біз бір-бірлерімізді көп іздейміз. Мектепке деген, аяулы ұстаздарымызға деген ықыласымыз да өзгеше.
Алтын ұядан алыстағанымызға жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, арамызда қай класта қанша бала оқығанын, олардың аты-жөндерін ұмытпай жадында сақтап жүрген Мұхтар досыма кей-кейде қайран қаламын. Қайсысы қай ауылдан екенін, тіпті туған күндеріне дейін дәл айтады. Менің жадымды сынап көргісі келді ме, бір күні:
– Нұрмахан, біз сегізінші класты бітіргенде қаншау едік, солардың қаншасы тоғызыншыға келді, соны білесің бе? – дейді күле қарап. Шыны керек, тосыннан қойған сауалына не деп жауап берерімді білмей тосылып тұрып қалдым.
– Әйтеуір, арамызда Әзім Әлімқожаев сегізден соң колхозда жылқышы болғанын білемін, – дедім.
– Иә, солай болды. Біз, бірге біраз едік. Ол уақытта жалпыға бірдей орта мектеп талабы ене қоймаған. Сегізіншіден соң ары қарай оқу, оқымау өз еркіңде. Сондықтан орта білім аламыз дегендеріміз іріктеліп, тоғызыншыға бардық. Көрші Қызтоған ауылындағы сегізжылдық мектептен он бала келді. Сөйтіп жиырма екі болдық, – дейді ол тура ұстаздың алдында үй сабағын айтып тұрғандай.
Расында, дәл солай болған. Баймахан Нұрбеков сол көрші ауылдың баласы еді. Алтыншы кластан бастап бізде оқыды. Сол себепті ол келгендердің бәрін жақсы танитын. Енді ғана таныса бастаған біз олармен қашан үйреніскенше онша жақындаса қоймадық. Араласа келе әрқайсысын тани түстік. Біреуі көпшіл болса, екіншісі сабырлы, көп сөзге жоқ, үшіншісі әзілқой деген секілді. Әркімнің ерекшелігі өстіп таныла берді. Солардың ішінде Алпысбай тіпті өзгеше көрінді. Өте ойлы, мінезі тұйықтау, бала сияқты ойынға көп араласа бермейді, есесіне оқуына мығым екенін бірден байқатты. Газеттерге мақала жазып, «Қазақстан пионерінің» белсенді жас тілшісі ретінде «Артекке» барғанын жақсы білетін едік. Көп өтпей оның арамызда жүріп жазған мақалаларын әртүрлі газеттерден жиі оқитын болдық. Мектептің қабырға газетіне де үзбей жазады. Редколлегия мүшесі де сол. Оның үстіне сурет салатын да қабілеті бар екен.
Қазақ әдебиеті пәнінен Сатыбалды Назарқұлов ағайымыз сабақ беретін. ҚазМУ-дың филология факультетінің түлегі. Диплом жұмысына әйгілі академик Мұхамеджан Қаратаев жетекшілік жасапты. Сол себепті Алматыдағы өзі жақсы білетін ақын-жазушылар туралы көп айтатын. Бәлкім, байқағыштығы шығар, бір күні сабақ үстінде:
– Сендердің араларыңнан екі оқушыма ойым қатты ауып жүр. Қателеспесем, олар болашақта журналист болады, – деді.
Сондағы Сатыбалды ағайымыздың айтқан екі оқушысы – Алпысбай Шымырбаев пен Талғат Өтегенов. Ол кісі қателеспепті, кейін екеуі де ағайымыз оқыған университеттің журналистика факультетін бітірді. Аттары әйгілі қаламгерлерге айналды.
Бұл – кейінгі әңгіме. Оған дейін мектептегі кезімізге қайта оралсам: қоғамдық жұмыстарға белсене араластық, өте бауырмал, ынтымақшыл болып өстік. Арамызда Ұлман әнді жақсы салатын. Соңғы класта жүргенде драматург Шахмет Хұсайыновтың «Есірткен ерке» драмасын сахналадық. Басты рөлде, ерке баланың рөлінде Баймахан ойнады. Әбдімәжит ағайымыз режиссерлік жасады. Қойылымға Қанат Төлендиев ағай мен Зәбира Тілепбаева әпкейіміз қатысты. Қысқы каникул кезінде көрші Көлтоған ауылының клубында өнер көрсеттік. Жиылған ел ризашылықпен қол соғып, өнерімізге разылық білдірді. Елгелдінің баянда сүйемелдеуімен шырқаған әндеріміз де көпшіліктің көңілінен шықты. Осыны қалай ұмытайық?
Мектеп бітірер жылы Қатираның туған күнінде бәріміз біркісідей болып үйіне бардық. Класс жетекшіміз Жолтай Байқожаев ағайды да қалдырмадық. Жаны жайсаң жан еді:
– Әй, балалар дейін, бірақ сендер бірер айдан кейін үлкен өмірге қадам басатын қыз-жігіттерсіңдер. Әрқайсысың ой тоқтаттыңдар. Жаманшылыққа қадам баспайсыңдар, біздің жаман атымызды шығармайсыңдар, – деген толғана сөйлеп. Ағайымыздың көңілін аулай білетін Баймахан алдын алып бір бөтелке шарап алып қойған еді, әйтсе де қалай айтарын білмей біраз қипақтады. Содан кейін біреуміз, «Ағай, сізден кешірім сұрасақ» деп ортақ ойымыздың шетін шығардық. «Әй, қулар, сендер мені қайда бастап барғалы тұрсыңдар?» – деген еді сонда ағайымыз жылы жымиып.
– Жаңа өзіңіз, сендер бала емессіңдер, есейдіңдер дедіңіз ғой, – деді тағы бір кластасымыз.
Біз осылай, Алпысбайша айтқанда, «Жолтай ағай бастаған жиырма екі жас өрен» болып мектеп бітірдік. Он бесіміз – ұл, қалған жетеуі – қыз балалалар. Алтын ұядан қанаттанып шыққан жылы оқуға түсетіндер түсті, жолы болмаған кейбіреуіміз келер жылы қалаған оқу орнымыздың студенті атандық. Ал, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанғандар екі жылдан кейін келіп, қайтадан бақтарын сынады.
Өмірдің әркімге тиесілі қызығы өстіп, өз орайымен жалғаса береді екен. Қыздарымыз ерге шығып, жігіттеріміз өз теңдерін тауып тойларын өткізді. Шетінен кішкентайлы болды. Солардың қуанышын бірге бөлісетінді шығардық. Өстіп достығымыз, байланысымыз бұрынғыдан да бекемделе түсті.
Біздің әрдайым мақтанып еске алатынымыз – мектеп бітіргеніміздің бес, он, жиырма жылдығы. Осы басқосуларымызға он жыл мектеп партасында қатар отырғандардың барлығы дерлік қатысты, қатыса алмаса, алыстан тілектестіктерін білдіріп хабарласты. Алматыдан келетін Алпысбай мен Талғатты ерекше көңіл күймен қарсы алатын едік. Кездескен сайын баяғы мектептегі кездердің қызығын айтып тауыса алмаймыз. Сонда айрықша әңгіме қылатынымыз – Алпысбайдың мөлдір махаббаты.
Алпысбай класымыздағы әдемі қыздардың бірі Несіпбалаға ғашық болды. Бірақ, сол кіршіксіз мөлдір сезімін жеткізе алмай әуреленді. Оны бәріміз іштей жақсы сезетін едік. Кейбіріміз әзілдеген болып шетін шығарып айта бастасақ, Алпаң қызарақтап қатты ұялады. Өзі ұяң адамның ұялғаны да өзгеше ғой.
Ақтасты ауылындағы Мелдебектің үйінде өткен жиырма жылдық кездесу кешімізге Несіпбала жолдасымен келіпті. Жарасып, бақытты құшағында тербелгендей әдемі отырдық. Жанымызды жадыратып, нұрға бөлеген әңгімелерден айтылмай қалғаны жоқ. Жастық шағымыздың әуендерін аспандата шырқадық. Сөйтіп кешкі көлеңкі әбден ұзарған кезде үзіліске шықтық. Аулада топтанып әңгіме соғып тұрғанымызда жігіттердің бірі оған жақындап: «Алпысбай, сені бақшаның төменгі жағына Несіпбала келсін деді», – деп құлағына сыбырлады. Өзі аңғал, айтқан сөзге сенгіш Алпаң жымың ете түсті де, сенер-сенбесін білмей біраз тосылып тұрды. Содан соң қызды күттіріп қойғаным жөн болмас дегендей, арамыздан байқатпай бөлініп үйді айнала берді. Арамызда Несіпбаланың күйеуі Төлен де бар болатын. Өзі сондай қуақы, әзілдескенді ұнататын көңілді жігіт екен. Әлгіндей болатынын Алпысбайға сыбырлаған кластасымыз оған да ескертіп қойыпты. Бәріміз үн шығармай ақырын аяңдап Алпысбайдың кеткен жағына қарай қозғалдық. Ол бақшаның аяқ жағына барып қалыпты. Біз қалтарыстау жерде тұрып, енді не болар екен деп сыртынан бағумен болдық. Ары жүрді, бері жүрді. Несіпбала қайда тұр екен деп көре алмай әр жаққа сүзіле қарайды. Тіпті «Несан, Несан!» деп дауыстаса да, бәрібір көрінетін Несіпбала жоқ. Ол іште, әйелдеріміз бен бірге оқыған қыздардың арасында болатын. Бұл ойынымыздың бәрінен бейхабар. Өзі дауыс көтеріп қатты сөйлеуді білмейтін азамат қой Алпаң. Бір кезде біздің қулығымызды біліп қойды-ау деймін, қолын бір сілтеп, бірдеңелерді күбірлей айтып бізге қарай жүрді. Сол кезде бәріміз ал кеп күлейік!..
Өмір өстіп еске алатын оқиғалардан да тұрады екен. Содан соң арада жылдар жөңкіліп өткенде сол бір қимас күндерді аңсап, сағынады екенсің. Сол қимастық сезім араларымызды одан да жымдастыра жалғайтын көрінеді…
Иә, біздің Алпаң досымыз аман болса, биыл жетпіске толар еді. Ешкімге қабақ шытып көрмеген, кішік көңілінен бір танбаған бала досымыз балаң шағымызда-ақ дараланған-ды. Өзі жүрегімен қалаған қаламгерлік еңбегінің жемісін көрді. Соңында өскелең ұрпақтарымыз сүйсіне оқитын әдеби мұраларын қалдырды. Енді оның екінші – мәңгілік өмірі осылай жалғаса бермек.
Нұрмахан Жүнісәлиев,
сыныптасы