Basty bet
«Сыйластық бар жерде береке болады»
Ер адам үйдің иесі, елдің иесі. Азаматтар – елдің тірегі, қорғаушысы, қалқаны. Тіреуі мықты қараша үйді дауыл құлатпайды. Азаматтарымыз мықты болса, ел азбайды. Бірақ, елді де, ерді де тәрбиелейтін ана.
Әйел өмірге ұрпақ әкеледі. Перзентіне ақ сүтін береді. Тіл үйретеді. Ас-ауқатын пісіреді. Бар мейірімін төгеді. Ең жақсы қасиеттерге баулиды. Сондықтан әйелге ақылды болу парыз. Яғни, ана – бұлақ. Ана ақылды, дана болса, ұрпақтары да өнегелі болады.
Халқымызда парасатты, рухани жандүниесі терең аналар аз болмаған. Қанағатшылдық, төзімділік, сабырлылық, ақылды, ар-ұятын жоғары қоятын тектілік барлығы анадан бастау алады.
Бүгінгі мақаламызда отбасының қазынасы, ұйытқысы, көл-көсірдің тұтқасы болып отырған әжелеріміздің бірі Қайрат ауылының тұрғыны Жанатгүл Құттыбаева жайлы әңгімелемекпіз.
Қарапайым отбасында өмірге келіп, қарапайым өмір сүрген әженің жас ұрпаққа берер өнегесі мол.
Жанатгүл Салықбайқызы 1947 жылы Байзақ ауданында өмірге келген. Әкесі ақ диірмен ұстаған, коммунист болған жан екен. Ал, анасы Жәмилә бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналасқан жан.
-Отбасымызда үш інім, бір сіңілім болды.
Жеті жылдық мектепті бітірдім.
1964 жылы Өсер екеуміз шаңырақ көтердік.
Қайын атам Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бірақ майданнан оралмаған.
Жолдасым төрт ағайынды еді,- дейді жетпістің бесеуіне келген ардақты ана. -Өсер он жыл шопан болып еңбек етті. Мақтаулы шопандардың бірі болды. Ауданда өткен жиындарда еңбегі бағаланып, марапат, сыйлық алып қайтатын.
1968 жылы қатты қыс болды. Шөп таусылып, малдар бір-бірінің жүнін жеп қырылып қалды. Көп шопандар малдарын қырып алып, көктемге таяғын сүйретіп шықты. Біз Аллаға шүкір малдарымызды аман алып шықтық. Мұның бәрі жолдасымның жинаған тәжірибесінің, тынымсыз еңбегінің арқасы.
Мал бағып жүріп көп бейнет көрдік. Малдың соңында жүріп, бала-шағаны да өсірдік. Киіз үйдің ішінде босанып қалған кезім де болды.
Өсердің қолынан көп нәрсе келетін. Теледидар жөндеді, дәнекерлеуші болды. Ағаштан, темірден түйін түйді. Мұның бәрі халықтың тұрмысына өте қажет қызметтер.
Мен фабрикада он жыл тоқымашы болып еңбек еттім. Алты жыл картоп тердім. Қазір Аллаға шүкір, заман жақсы, молшылық. Бірақ адамдарда бір-біріне деген мейірім, сенім жоқ.
Біздің бала кезімізде қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін болмаса да қанағатшыл, мейірімді едік,- дейді Жанатгүл Құттыбаева.
Иә, адамды адам еткен, адамды айналасына сыйлы ететін – адал еңбек.
Ата-ана болсын, ұстаз болсын тек қана өз өмірі арқылы, көрсеткен өнегесі арқылы ғана балаға тәрбие береді. Сондықтан өсек-өтірік айтпау, кісінің көңілін қалдырмау, адал жолмен еңбек ету, кісілік, кішілік, қарапайымдылық сынды қасиеттердің барлығы балаға ата-анасы арқылы, ұстазы арқылы дариды. Кісінің қуанышына шын қуану, кісіге жақсылық жасаудан артық рақат нәрсе жоқ. Ата-анамыздан осындай әңгімені жиі естіп, олардан, замандастарының іс-әрекетінен көріп, өзімізге сіңіріп есейдік. Оны әрі қарай ұрпақтарымызға беру біздің парызымыз.
Мақаламызға арқау болып отырған Жанатгүл әже сөзшең емес, бірақ әңгімесінен жоғарыда айтылған қасиеттердің тұла бойынан табылатыны аңғарылып-ақ тұр.
Жанатгүл әже әрі қарай өмірде көрген бейнеті жайлы әңгімеледі.
-Түрлі ұлт өкілдері араласып еңбек еттік, бәріміз тату едік.
Еңбекқор болдық. Аналар күндіз колхоздың жұмысын, түнде үйдің жұмысын істедік. Түнімен шиеттей бала-шағаның киімін жуып, үй жинап, тамақ істеп кетеміз. Ол кезде барлығы қолмен жасалатын. Қазір барлық жұмыс жеңіл, автоматтандырылған.
Бір үйде қанша кісі бірге тұрдық. Бірақ адамдардың пейілінің кеңдігінен болар барлығымыз сыйласып, тату тұрдық,- дейді Жанатгүл Салықбайқызы.
Ардақты ана бүгінде төрт ұл, бір қызынанан жеті немере, екі шөбере сүйіп отыр.
Үлкен ұлы Марат Ауған соғысына, Ирактағы соғысқа қатысқан. Қанат – жеке кәсіпкер, қызы Салтанат тігінші болса, Болат – дәнекерлеуші. Ал кенжесі Мұхит үйде мал шаруашылығымен айналысады.
Мараттың ұлы Ілияс әке жолын қуып, әскери қызметкер болды. Яғни, Таразда әскери бөлімде бөлім командирі. Қызы Салтанат мектепті Алтын белгімен бітіріп, биыл жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтағалы отыр екен. Әже әрбір немересінің жетістігін қуанышпен жеткізді.
-Үш келінім бар. Үшеуі де жақсы. Сыйластық бар жерде береке болады ғой.
Кез келген әйел келінге ене бола алады, бірақ ана бола алмайды.
Мен келіндеріме барынша жылулық беруге тырысамын.
Жалпы қанша жерден қатал болғанымен, адамның санасында болмаса, ештеңені түзей алмайсың. Барлығы ұшқан ұясынан алған тәрбиесіне байланысты,- дейді Жанатгүл әже.
Иә, иманың жүрегіңде, шындығың тірлігіңде, өнегең балаларыңда қалатындай өмір сүргенге не жетсін!
Жанатгүл әженің отырысынан, сөзінен, қарапайымдылығынан, жүзінен жақсылықтың лебі есіп тұрғандай!
Ұрпағыңызбен мың жасаңыз, асыл әже!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»