Basty bet

Қарсаңдағы қарбалас…

жаңа оқу жылына орай аудан активі оқушыларға демеушілік жасады

Әдетте, жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңы қарбаласқа толы болатыны белгілі. Жаңа оқу жылына орай балаларды мектепке дайындау мәселесі өте маңызды. Бұл әсіресе мектепте бала оқытатын көпбалалы ата-аналардың қабырғасына қатты батады.

Олай болатыны, аз қамтылған отбасыларға көп баланы мектеп формасымен, сөмке, оқу құралдары, т.б. толып жатқан керек-жарақтармен толықтай қамтамасыз ету қиынға соғатыны анық. Отандық нарықта баға қымбатшылығы қалыптасып отырған дәл осындай қиын кезеңде бір баланы мектепке толықтай дайындаудың өзі оңай емес. Мұндай кезеңде қамкөңіл жандарға қол ұшын созып, көмек беретін жаны мейірім мен қайырымға толы жанашыр жандардың болғаны көңіл қуантпай қоймайды…
Осыған орай, апта ішінде 2025-2026 жаңа оқу жылының қарсаңында бастау алған дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясының аясында аудан әкімдігінің бастамасымен және аудан активінің демеушілігімен Б.Момышұлы ауылындағы орталық базарда жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда оқушыларға қажетті мектеп формасы, сөмке, мектепке күнделікті қажетті оқу құралдары, сонымен қатар, облыс орталығынан келген «ТаразКожОбувь» ЖШС-ында өндірілген сапалы былғары аяқ киімдер жеңілдікпен саудаланды.
Базардың кіреберіс жолына жәрмеңке сатушыларына арнайы шатыр тігіліп, сатып алушыларға да қолайлы жағдай жасалған. Онда негізінен жеке кәсіпкерлер оқушыларға қажетті дәптер, қаламсап, түрлі түсті қарындаштар, күнделік, қалың дәптер, сурет салуға арналған дәптер, қаламсалғыш, сөмке, т.б. құралдарды жеңілдікпен саудалады. Сонымен қатар, қазақстандық тігіншілердің қолынан шыққан мектеп формалары, спорттық үлгідегі формалар, сондай-ақ, Қырғызстан Республикасында өндірілген мектеп формалары, спорттық киімдер сатып алушыларға қолжетімді бағада саудаланды деп айтуға болады.
Жәрмеңкедегі тауар бағасына келсек, мектеп формаларының бағасы 10-15 мың теңгенің аралығында, ал оқушылардың мектеп сөмкесінің орташа бағасы 3000-5000 теңгенің аралығында сатылды. Ал оқушы дәптерінің бағасы – 23 теңге. Материалының қатты және жұмсақтығына қарай оқушының күнделік дәптері 250-550 теңгенің аралығында.
Жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылған орталық базарда жәрмеңкенің барысын біз де көзбен көріп, тауар сатушы жеке кәсіпкерлермен және алушылармен де сөйлестік. Өзін Бибігүл Кеулімжаева деп таныстырған жеке кәсіпкер келіншек оқу құралдарының базар бағасынан төмен саудалап жатқанын айтса, сатып алушы азаматтар да жәрмеңке бағасына көңілдері толатынын айтуда.
Ал облыс орталығынан осында арнайы келген «ТаразКожОбувь» ЖШС-ның тауарларына сұраныс өте жоғары болды. Серіктестікте өндірілген сапалы былғары аяқ киімдер 8000-15 000 теңгенің аралығында жеңілдікпен сатылды. Онда аудан тұрғындарына классикалық үлгідегі әртүрлі өлшемдегі туфлиден бастап, оқушыларға арналған спорттық үлгідегі аяқ киімдердің кең ассортименті ұсынылғанын айта кеткен жөн.
«Мектепке жол» республикалық акциясының басты мақсаты – әлеуметтік мәртебеге ие отбасылардан шыққан және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға материалдық тұрғыда көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу болып табылатынын баса айтқан абзал.
Қайырымдылық – халқымыздың бойындағы ең ізгі әрі абзал қасиеттерінің бірі екеніне ешбір дау жоқ. «Жанашырлыққа – жан риза!» демекші, тұл жетім, аз қамтылған, көп балалы, жартылай жетім, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, оларға аялы алақан жылуын тосып, онымен қоса мейірбан жүректің жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбірімізге азаматтық парыз болып қала бермек…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close