Basty bet

Қытайлық компания Жамбыл облысында жел қондырғы-бағаналарын шығаратын зауыт салуға ниетті

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қытайлық «China Power International Holding Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.
Қытайлық компания бұған дейін Сарысу ауданында Жаңатас жел электр станциясы, Шоқпар ЖЭС жобаларын сәтті жүзеге асырған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында өткен қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі барысында ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «China Power International Holding Ltd», «SANY Renewable Energy» компаниялары арасында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласында ауқымды жобаны іске асыруға бағытталған келісімге қол қойылған болатын.
Аталған келісімге сәйкес, Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын ірі жел электр станциясын салу жобасы әзірленеді.
Кездесуде тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ оны кеңейтуге қатысты жоспарларын талқылады.
«China Power» компаниясының даму жөніндегі директоры Чен Че жел қондырғы-бағаналары зауытының (жалпы инвестиция 53 миллион АҚШ доллары), жел генераторларына арналған құрылғыларды құрастыру кәсіпорнының ( 25 миллион АҚШ доллары) және жел мұнараларының айналма құрылғыларын шығару бойынша жобалармен таныстырды (70 миллион. АҚШ доллары).
Нұржан Нұржігітов «Тараз» ӘКК және басқа жауапты тұлғаларға жобаларға қолдау көрсетуді, жер қатынастары басқармасына жер телімдерін беру мәселесін уақыт созбай шешуді тапсырды.
Аймақ басшысы инвесторларға мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close