Basty bet

Таңқурай өсіруден де табыс көп түседі

өңірдің таулы аймағында орналасқан Тәттібай ауылының маңындағы 10 гектар алқапта таңқурай жидегі күтіп-бапталу үстінде

Жер шарында халық санының артуына байланысты қазір әлемде азық-түлік қауіпсіздігі мен жемшөп дайындау мәселесі өзекті болып отырғаны жасырын емес. Кейінгі жылдары азық-түлік бағасының тым шарықтап кеткенін әрбір тұрғын жақсы білсе керек. Нарықтың қатал заңын ескерсек, жыл өткен сайын бағаның өсу деректері әсіресе, азық-түлік сатылымында анық байқалып отыр. Сондықтан, мұндай стратегиялық маңызды мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын және оны мемлекет деңгейінде қолға алу қажеттігін ұғынатын уақыт жеткен сияқты.

Жалпы азық-түлік пен жемшөп мәселесін оңтайлы шешуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өңірлерде қолға алынып жатқан «Қарапайым заттар экономикасы», «Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту», «Алқаптан сөреге дейін» деп аталатын пилоттық жобалардың тиімділігін атап өту қажет. Әулиеата өңірінде алғашқыда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы болып аталып, кейіннен «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында сәтті жүзеге асырылып жатқан жұмыстар облыс халқының елеулі бөлігін жұмыспен қамтуға және кәсіпті болуына барынша жағдай жасағаны анық. Аталған жобамен Жуалы ауданына қарасты бірқатар ауылдық округтің тұрғындары жеңілдетілген несие қаражатын алып, соның есебінен жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алғанын да жақсы білеміз.
Президенттің халыққа Жолдауында бұл туралы: «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Қ.Тоқаев атап өткендей, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті өте жоғары. Ендігі кезекте ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал болмақ…
Қасиетті Жуалы жерінде экологиялық таза өнім өндірумен тұрақты айналысып, жергілікті нарықты кеңінен қамтып отырған кәсіпорындар мен шағын шаруашылықтар көптеп саналады. Жуалылық диқандар кейінгі жылдары көршілес облыстардың озық тәжірибесінен үйрене отырып, өңірде бау-бақша дақылдарының түрін көптеп өсіріп, жеміс-жидек түрлерін де молынан өндіруге шындап бет бұрып отыр. Солардың бірі – өңірге қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы «Green Products Development» ЖШС бұған дейін жергілікті диқандарға таңсық кәсіп болып келген таңқурай жидегін өсіруді қолға алып, бүгінде оның табысын молынан көруде.
Иә, 2021 жылы басталған бұл кәсіпті жүргізу алғашқыда оңай болған жоқ. Жидектің көшетін егу, оны жергілікті табиғи жағдайға жерсіндіру, одан кейінгі күтіп-баптау жұмыстары біршама уақытты алатыны белгілі. Соған қарамастан, Жуалы ауданының табиғи ерекшелігіне сай Т.Дүйсебайұлы ауылының тау жақ бетіндегі 12 гектар алқап таңдап алынып, оның 10 гектарына таңқурайдың италиялық «Амира» және «Регина» аталатын ремонтантты тұқымы егілді.
Өсімтал жидек дақылының бұл түрін жерсіндіріп, күтіп-баптау да кәсіпкер үшін оңайға түскен жоқ. Олай дейтініміз, алқапқа күнделікті күтім жасау жұмыстарының барлығы дерлік адамның қолымен атқарылады. Жидек атыздарының арасына арық салу, оның айналасын арамшөптен тазарту, қопсыту, дақылды жекелеу жұмыстары көбіне көктем айларында атқарылады. Алқап басындағы науқандық жұмыстар кезінде 25-30 адамға дейін қосымша жұмысшы күшінің тартылатынын да айта кеткен жөн. Таңқурай жидегінің «Амира» және «Регина» аталатын сорттары өте өсімтал болғандықтан, оның өнімділігі де өте жоғары деуге болады. Терін кезінде бір түптен бір маусымда екі-үш келіге, алқаптың кей жерлерінде бес-алты келіге дейін өнім жинауға болады. Ал, оны тұрақты өсірушілер өнеркәсіптік көлемде еккенде алқаптың әр гектарынан – 15-20 тоннаға дейін өнім алуға болатынын айтады.
«Green Products Development» ЖШС таңқурай жидегі алқабының көлемін жылма жыл ұлғайтуды басты мақсат ете отырып, сонымен қатар, өндіріске жаңа технологияларды енгізуді де естен шығарған жоқ. Әзірше таңқурай алқабының 10 гектары тамшылатып суғару әдісімен суландырылу үстінде. Таудың етегіндегі бастау-бұлақтардан жиналған ағын су ең алдымен қолдан қазылған сыйымдылығы жоғары үлкен тоғанға құйылып, одан кейін ғана сусорғылардың көмегімен пластик құбырлар арқылы алқапқа жіберіледі. Алқаптың атыздарына қаншалықты су беріліп жатқанын контейнердің ішіндегі «ақылды» құрылғылардың көмегімен қадағалап отыруға болады. Тамшылатып суғару технологиясында ең біріншіден судың температурасы мен тазалығына мән берілетінін айтады алқапқа күтім жасайтын агроном мамандар. Тағы бір айта кетерлігі, таңқурай жидегінің өндірісін жан-жақты дамытуды көздеген серіктестік басшылары алқаптың бес гектарына жылыжай орнату жұмыстарын бастап, қазір мұнда арнайы мамандар жаңа технологияның негізінде жұмыстар атқаруда.
– Қазір мұнда тұрақты түрде бес-алты адам еңбек етеді. Таңқурай алқабына барынша жаңа технологиялардың батыл енгізіп жатырмыз. Бұл – өз кезегінде адам қолының күшін азайтып, өнімділікті көбейтуге үлкен көмек. Жақында жылыжайдың құрылысын бастадық. Бұл жаңа үрдіс жидектің өнім беру мерзімін барынша ұзартады. Дала едәуір салқын болса да жылыжайдың ішіндегі қолайлы температура таңқурайдың өнім беруіне мүмкіндік жасайды. Сондықтан осы технологияны өндіріске енгізуді жөн санадық. Басты мақсатымыз – отандық өнімді молынан өндіріп, жергілікті нарықты экологиялық таза таңқурай жидегімен қамтамасыз ету,- дейді серіктестік басшысы, іскер азамат Дастан Бақыт.
Айтса айтқандай, өнім алуға өте қолайлы қазіргідей маусым кезінде таңқурай алқабында жұмыс өте қызу жүргізілуде. Жидектерге күнделікті күтім жасау, суғару және басқа да қосымша жұмыстарды үйлестіру міндеті Т.Дүйсебайұлы ауылының еңбекқор азаматы Мәдібек Сәбитовке жүктелген. Ол 2021 жылы көктемде алқапқа таңқурай жидегі егілген күннен бастап осы серіктестіктің науқандық жұмыстарына жауапты маман ретінде жемісті жұмыс атқарып келеді. Жалпы аумағы 12 гектарды алып жатқан таңқурай алқабының екі гектарына алма, алмұрт, т.б. жеміс түрлері орналастырылған. Олардың да күтіміне Мәдібек Сәбитов жауапты.

Таңдаулы материалдар

Close