Basty bet

Өзекті мәселелер жоспарға сай орындалуда

Сәрсенбі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза Мемлекет басшысының 2022 жылғы 3 наурыздағы “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” №826 Жарлығына сәйкес Б.Момышұлы ауылы және Ақсай, Мыңбұлақ, Қарасаз, Шақпақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің аппарат басшысы Рәтбек Көсембаев және тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Бауыржан Момышұлы ауылы аудан орталығы болғандықтан, тиісінше ауылда мәселелер де көп. Осыны ескерген аудан басшысы кездесуді алдымен Б.Момышұлы ауылынан бастады. Жалғас Әлижанұлы ауданда атқарылып жатқан негізгі жұмыстарға қысқаша тоқталып, ауылдағы мәселелер мен олар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
-Аудандағы ең үлкен мәселелердің бірі – электр жарығы болып отыр. Кешегі қатты дауыл мен бүгінгі қардан 11 ауылда жарық өшіп қалған. Аудандық электр жарығын тарату мекемесінің жұмысшылары уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Мәселе – электр құрылғыларының тозығының жеткендігінде болып тұр,- деді Ж.Мұртаза. – Жақында ауылдарыңызға жаңа әкім сайланды. Әкімге көптеген міндеттер жүктелген. Ең маңыздысы, ауылдағы ауызсу жүйесін жаңғырту.
Ауыл аудан орталығы болғандықтан көшелерді абаттандыру, көгалдандыру мәселесін де қолға алу керек. Бұл мәселе бойынша жоспарлар жасалуда.
Көтерілген барлық мәселелер жоспарға сәйкес өз кезегімен орындалады. Халықпен дер кезінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Халық барлығын көріп отыр, сондықтан түсінеді. Бос сөзбен уәде берудің қажеті жоқ.
Биылғы жыл еліміз үшін жайлы болды. Өнім жақсы болды. Шаруалар жиын-терім жұмыстарын сәтті аяқтады. Керекті мал азығын жинап алды. 9780 гектар жерге күздік бидайымызды егіп алдық.
Таулы аймақтағы ауылдарға газ құбырлары жүргізіліп, дайын болған үйлерге кіргізілуде. Жұмыс әрі қарай да жалғасын табады. Ауызсу мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Ендігі жерде халықтың қыстан қысылмай шығуына тілектеспіз.
Санаулы күндерден кейін ҚР Президентінің сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің даму жоспарын айқындайтын маңызды сайлау болғалы тұр. Сондықтан тұрғындарды саяси науқанға белсенділікпен атсалысуға шақырамын,- деді аудан басшысы.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов ауылға кіреберістегі “Жастар аллеясы”, “Құрметті азаматтар” тақтасы назарға алынса деген ұсынысын айтты. Яғни, “Құрметті азаматтар” тақтасына 2016 жылдан бері осы атақты алған азаматтардың есімі жазылмағанын және абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын, жалпы күтімді қажет ететінін жеткізді. Сонымен бірге таулы аймақ Қошқарата бағытындағы жол бойына орнатылған қар тоқтату қондырғыларының тұрғындарға көп көмегі тиіп отырғанын айтып, алдағы уақытта әрі қарай да орнатылса деген халықтың ұсынысын жеткізді.
Ардагер ұстаз Байжан Төрехан аудан басшысына еркін форматта кездесу ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, Диқан ауылы мен Қайрат ауылының ортасындағы су ұңғымасының жанынан минералды су шығаратын кәсіпкерлік нысан соғылып жатқанын, бұл су ұңғымасының суын пайдаланып отырған тұрғындар онсыз да жаз бойы су тапшылығын көріп отырғанын, алдағы уақытта аудан жоспары бойынша ол аймаққа аудандық аурухана, тағы да басқа әлеуметтік нысандар салынатын болса, су мүлдем болмай қалу қаупі барын айтып, жанынан басқа су ұңғымасын жасау керектігін, бұл мәселені қатаң бақылауға алуын сұранды. Ертең күрделі мәселеге айналатын бұл мәселенің салдарымен емес, алдын алып, себебімен айналысу қажеттігін айтты.
Ал, Мұратқали Рахметов ақсақал ауылдың төменгі жағындағы бейітті қоршауға қаржы бөлініп, тендер ойнатылып, мердігер анықталғанын, алайда мердігердің әлі күнге дейін жұмысын бастамай отырғанан айтты. Ауыл әкімі Керімхан Төреқұлов мердігермен күнде хабарласып отырғанын, мердігер жұмысты төмен бағаға ұтып алғанын, яғни қаржысы қажетті материалға жетпейтінін айтып, уақытты созып жүргенін баяндады. Аудан әкімі Керімхан Төреқұловқа мердігерді шақыруды тапсырды және бұл мәселені өзі бақылауға алатынын жеткізді. Ал, қар тоқтататын қондырғылар бойынша жерге қатысты мәселелер бар екенін айта келіп, осы мәселелер оң шешілетін болса, әрі қарай орнатуға сұраныс жасалатынын, жалпы көтерілген мәселелер назарға алынатынын түсіндірді.

***
Ақсай ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында өткен ауылдық округ тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі алдымен ауылдық округке қатысты маңызды мәселелерге тоқталды.
-Қайрат ауылынан мәдениет үйі салынуда. Ауыл тұрғындары көтерген маңызды мәселенің бірі – электр трансформаторын ауыстыру, ауызсу мәселесі бойынша да бірқатар мәселелер орын алды. Ауызсу мәселесі бойынша Б.Момышұлы, Көлбастау, Қайрат ауылдарының ауызсу жүйесін толық жаңартуды жоспаралап отырмыз. Алайда оған екі-үш жыл уақыт керек.
Ауданда интернет мәселесі, әсіресе ұялы байланыс сапасы сын көтермейді.
Жалпы кез келген жұмысты жүзеге асыру үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Әрі қарай қаражат сұралады. Бұл процестердің барлығына уақыт, қаржы керек. Егер жоба мақұлданса, кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Ауылдық оуругтердегі тұрғындардың ұсыныс-тілегін, жағдайды зерделей келіп, алдағы бес жылда атқарылатын жұмыстардың жоспарын жасадық. Жоспарға ең күрделі, маңызды мәселелер міндетті түрде кіргізілген. Мәселен, сіздер көтеріп жүрген Әлия Молдағұлова көшесінің жолы келесі жылы “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы бойынша жөнделеді деп жоспарланған.
Жоғары да айтқан ауызсу жүйесін жаңғыртуға қатысты жоба жүзеге асқанша, амалдай тұрамыз. Оны халық дұрыс түсінуі керек деп ойлаймын,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Ауыл тұрғындары көше жолдарының шұңқырларын жөндеу жұмыстары өте сапасыз жасалатынын, бау-бақша суғаратын ағын су, мал жайылымында мал суғаруға ағын су мәселесін және ауыл маңындағы көкпар алаңындағы кейбір мәселелерге әкімдік тарапынан көмек-қолдау керектігін жеткізді.
Аудан әкімі ауылдық округ “Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын көтеру” пилоттық жобасына енгендіктен ағын су мәселесі шешімін табуы қажеттігін, ол үшін ауыл әкімі, ауыл тұрғындары, ауыл қариялары болып ұйымдасып, кейбір ауылішілік мәселелерді елдікті танытып, ауызбіршілікпен шешу қажеттігін баса айтты. Ал, әкімдікке қатысты мәселелерге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

***
Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімдігінде өткен кездесуде аудан басшысы Жалғас Мұртаза Көлбастау ауылындағы Қонаев көшесін жөндеу жоспарланып, қаржы сұралғанын, қаржы бөлінсе, келесі жылы атқарылатынын, бес көшені жарықтандыру мәселесі де үнемделген қаржы есебінен шешімін табатынын, сонымен бірге басқа мәселелерге де қысқаша тоқталып өтті.
Ауыл тұрғыны Тұрғын Сыздықбаев ауыл көшелерінде бос жүрген иттердің көбейіп кеткенін, олардың оқушыларға шабуыл жасайтынын жеткізді. Аудан әкімі ит асыраудың да тәртібі барын, алайда ауыл тұрғындары оны ескере бермейтінін жеткізді.
-Бұл мәселені екі жақты қарау керек. Ит асыраған тұрғындар көбінде жауапкершілікпен қарамайды. Иті күшіктесе, күшіктерін ауыл сыртына апарып тастайды. Олардың тірі қалғандары өсіп, ауыл ішінде жүреді. Иттерін байламайтын тұрғындар да көп. Соның салдарынан осындай мәселелер туындайды. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін ит атуға тыйым салынған. Енді ережеге өзгерістер енгізіліп, рұқсат берілді. Сондықтан тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бос иттерді атқызу керек,- деді аудан басшысы.
***
Қарасаз ауылдық округіндегі кездесу Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде өтті. Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы алдымен округке қатысты мәселелерге тоқталып өтті.
-Қошқарата бағытындағы облыстық мәндегі жолдан Жұрымбай ауылына дейінгі жол әлі бітпеді. Алайда бұл жол өзімнің бақылауымда. Жалпы жол мәселесінде битумның тапшылығы қолбайлау болды. Оған геосаяси жағдайлар да әсер етуде.
Өткен кездесулерде өздеріңіз айтқандай, Қарасаз ауылына спорт кешені керек. Саябақты заманауи демалыс орталығына айналдыру, балалар ойнайтын ойын алаңын соғу, көшелерді жарықтандыру, жөндеуден өткізу мәселелері бар. Барлығы да ауданның жоспарына енгізілді. Қолдау тауып, қаржы бөлінсе, кезең-кезеңімен орындалатын болады,- деді Ж.Мұртаза.
Ауыл тұрғыны Нұртаза Омаров “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының бойы, оның ішінде Ақбастау ауылы мен Қарасаз ауылының арасы жарықтандырылса деген өтінішін жеткізді. Аудан әкімі халықаралық дәлізге қатысты мәселелер бойынша “ҚазАвтоЖол” мекемесінің басшысына арнайы хат жолдап, хабарласқанын, мекеме басшысы алдағы жылдың жоспарына енгізіп, орындап беруге уәде беріп отырғанын айтты.
Ардагер Есмахан Сеңгірбаев ауылдағы А.Пушкин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілгелі бері интернеттің болмауы, яғни жөндеу жұмыстары жүргізілгенде кабельдердің үзіліп, ол қайта ретке келтірілмеуінен бүгінгі таңда бір ғана кабинетте интернет бар екенін айтып, осы мәселенің шешілуіне көмек беруін сұрады.
Аудан басшысы жалпы аудандық білім бөлімі облысқа қарағалы көптеген мәселелер туындап отырғанын, салдарынан орын алған қиындықтарды жергілікті халық көріп отырғанын, алайда күрделі емес мәселелерді жергілікті жерде жұмысты тиімді ұйымдастыру арқылы да шешуге болатынын айта келіп, білім бөлімінің басшысына бұл мәселені келесі оқу жылына қалдырмай тездетіп шешуді тапсырды.
Ауыл тұрғыны Сағындық Тоқбергенов ауылдағы жеті көшенің төртеуінің жағдай нашар екенін, тіпті асфальт мүлдем төселмеген көшелер де бар екенін айтып, осы көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілсе десе, ақсақал Мәдібек Тұрмаханбетов ауыл мешіті облыстық мәндегі жол бойында орналасқандықтан мешіттің тұсына кедергі қойылса деген ұсынысын жеткізді.
Аудан әкімі ауыл жолдары жоспар бойынша жөнделетінін, ал, мешіт жанына екі жерден кедергі қоюға облысқа сұраныс жасауды аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына тапсырды.
Ал, жеке кәсіпкер, Жұрымбай аулының тұрғыны Нұрғали Кадиров жаңа салған дүкеніне газ кіргізу үшін барлық құжаттарды жасатып қойғанын, бірақ газ мекемесі өзінен заңды тұлға ретінде қомақты қаржы сұрап отырғанын айтып, жеке кәсіпкерге көмек болса деген өтінішін жеткізді.
Аудан әкімі бұл мәселені де аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына тапсырды.
Ауылдық округтің аналар алқасының төрайымы Айгүл Омарова халықтың ойын еркін жеткізуге жағдай жасап, еркін форматта кездесу ұйымдастырғаны үшін аудан әкіміне алғысын білдірді.
-Бұл да Мемлекет басшысының “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының бір жемісі деп білемін. Мен болашағымыздың бұдан да жарқын болатынына сенеміін.
Еліміздің дамуы үшін ауыл қариялары жастарға үлгі болып, дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруымыз керек. Әр басшы өзінің жұмысын немқұрайдылықпен емес, жауапкершілікпен атқарса, әрқайсымыздың бойымызда отаншылдық қасиет болса біз алмайтын асу жоқ,- дей келіп, халықты 20 қараша күнгі Президент сайлауына белсенділікпен қатысуға шақырды.

***
Шақпақ ауылдық округіндегі кездесу Өнер мектебінің акт залында өтті. Кездесуде аудан әкімі ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта келіп тұрғындарға кезек берді.
Ауыл ақсақалы Пернебек Бердімбетов өткен кездесулерде көтерілген халықаралық дәліз бойынан өткел жасау мен ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу мәселелерін сұрады.
Аудан әкімі “ҚазАвтоЖол” мекемесінің басшысы жолға қатысты мәселелерді жоспарға енгізіп, алдағы уақытта орындалатыны туралы уәде бергенін, ал ауылдық мәдениет үйі келесі жылы жөнделетін жеткізді.
Сонымен бірге, ауыл тұрғыны Смайл Көбесовтың жайылым жер туралы мәселесі бойынша жиын соңынан жеке қабылдау жасады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close