Basty bet

Отанды қорғау – қасиетті де қастерлі борыш!

«Отан үшін отқа түскін, күймейсің», «Ежелден ел тілегі, ер тілегі, Адал ұл ер боп туса, ел тірегі». Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының жас ұрпаққа қалдырған өсиеті осындай. Елге қызмет ету, Отанды қорғау – ұлы іс. Отанды қорғаумен бірге, оған адал қызмет ету – абыройлы борыш және қасиетті де қастерлі борыш. Отан үшін күрес – ерге тиген үлес.
Отанды қорғау, оның әрбір өлкесін, тіпті, түйір тасы мен бір уыс топырағын да көздің қарашығындай қастерлеу – бәріміздің Отан алдындағы қасиетті парызымыз.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл 32 жыл толып отыр. Бұл жылдары Тәуелсіз мемлекеттің қорғаныс саласының құрылымы жан-жақты дамыған, іргесі берік ведомствоға айналып үлгерді. Қазір қазақ әскерлері бірқатар беделді халықаралық оқу-жаттығуларға белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Ер – елінің қорғаны!» атты мерекелік салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталды. Мерекелік жиынның тізгінін қолына алған жүргізушілер қорғаныс саласының құрылу тарихы мен оның маңызы туралы жиналғандарға кеңінен мәлімет берді.
Алғашқы мерекелік құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
-Құрметті Отан қорғаушылар! Қымбатты жерлестер!
Сіздерді ерлік пен қайсарлықтың мерекесі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мемлекет тұрақтылығын басты назарға алып, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және қоғам құндылықтарын құрметтеуде өзіне тиесілі міндеттерін адал атқарып келеді.
Биыл республика көлемінде есімдері ел тарихында мәңгі сақталған, Халық Қаһармандары, қазақ батырлары Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетовтің және «Даңқ» ордендерінің толық иегері, жерлесіміз Тайыр Тастандиевтің 100 жылдығы атап өтілуде. Бұл даңқты тұлғалар Қарулы Күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарып, батырлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Батырлардың ерлігі өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, ұлтжандылық пен Отаншылдық сезімдерін нығайтуда.
Біз қаһарман жерлесіміз, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлымен, сондай-ақ осы өңірден түлеп ұшып, қасиетті Жуалы өңірінің жұлдызын биіктеткен 14 генералмен мақтанамыз. Біз олардың қаһармандық пен ерліктің өшпес үлгісін көрсеткендерін мақтан тұтамыз.
Құрметті жерлестер!
Біздің ең басты құндылығымыз – қасиетті Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Ал Отанды қорғау – қашанда қасиетті де қастерлі парыз.
Баршаңызды қатар келіп отырған Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ел қорғаны болып жүрген азаматтардың дені сау болып, жауынгерлер мен офицерлер Отан күзетінде табысты қызмет ете беруіне тілектеспін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Аудан басшысы мерекелік құттықтаудан кейін әр салада қасиетті өңірдің дамуына атсалысып, өзіне жүктелген міндеттерін адал әрі жемісті атқарып жүрген бір топ еңбек озатын аудан әкімінің Құрмет грамоталары және Алғысхаттармен марапаттады. Айта кету керек, еңбегі еленген азаматтардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, әскерилер, күштік құрылымдардың қызметкерлері, қарапайым еңбек адамдары, т.б. бар.
Отан қорғаушы күні мерекесіне орай жиналған қауымды аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев та құттықтап, бірқатар азаматқа мәслихаттың Алғысхатын салтанатты жағдайда табыстады.
Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шарада аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері патриоттық әндерден шашу шашты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close