Basty bet

Отандық өндіріс өркендесе

Иә, отандық өндірістің өркендегені, ең алдымен, өзімізге тиімді. Ақиқаты, импорттық тауармен өмір сүре беруге болмайды. Қазақстандық бренд тауарлар ішкі нарықта көбейсе, алдымен өзіміз экспортқа шығара бастаймыз. Бұл халық үшін де тиімді баға болар еді. Осы мәселені түсінген Үкімет отандық өндірісті дамыту және қолдау шараларына қатысты жиын өткізді.
Расында, Үкімет қамсыз отырған жоқ. Қазір қазақстандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілетті болуы үшін олардың өндірістік жүктемесін арттыруға бағытталған елшілік құндылықтарды дамыту тетіктерін іске қосты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылдан бастап өңдеуші сектор өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласын басып озды. Енді бұдан былай қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі қайта жасалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.
– Биылғы заңнамадағы жаңалықтардың бірі — қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру. Бұл — өндірушілер мен олардың өнімі туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік цифрлық жүйе. Тізілімді енгізу жинақталған мәліметтер негізінде «жалған өндірушілерді» анықтауға, ашықтықты арттыруға, жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді,- деді өз сөзінде министр Е.Нағаспаев.
Министрдің айтуынша, бұл тізілімге өндірушілерді енгізу механизмі төрт кезеңде жүргізіледі.
– Біріншіден, ақпараттық жүйе арқылы өтінім беріліп, деректерді өңдеуге рұқсат беру электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Екіншіден, мемлекеттік деректер базасымен цифрлық тексеру арқылы ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы тексеріледі. Үшіншіден, технологиялық операциялардың орындалуы бағаланады, қажет болған жағдайда өндірістік алаңға барып бағалау жүргізіледі. Төртіншіден, тізілімдегі отандық тауар өндірушілерге тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі,- деді министр. Айта кететін бір мәселе, сатып алу конкурсына, мемлекеттік қолдау шараларына қатысқысы келетін кәсіпорындар осы тізілімде міндетті шарт болып бекітілмек.
Өз сөзінде Премьер-министр Олжас Бектенов отандық адал өндірушілер тізілімге автоматты түрде қосылатынын айтты. Ал «жалған өндірушілер» бұл тізілімге ене алмайды.
– Жаңадан өтініш берушілер қарапайым өтініштің және автоматты цифрлық тексеру негізінде ешқандай бюрократиясыз қосыла алады. Сарапшыларды шақыру мен басы артық тексерулерден өтудің және көп қағаз толтырудың қажеті болмайды. Барлығы цифрлық режімде, адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Бұл сапалы бақылауды қамтамасыз етіп, міндетін адал атқармайтын тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тізілім нақты отандық өндірушіні анықтау тетігіне айналады, – деді Олжас Бектенов.
Ол үшін ірі кәсіпорындар өздерінің айналасында шағын және орта бизнес (ШОБ) белдеуін құра отырып, елішілік құндылық бағдарламасын қабылдауы қажет. Тек осы жағдайда ғана бизнес мемлекеттік қолдауға ие болады.
– Елішілік құндылықты дамыту– жаңа өндірістерді құру ғана емес, бұл жаңа технологиялар трансферті, ғылымды дамыту, жаңа жұмыс орындары мен жаңа құзыреттерді қалыптастыру. Мұндай тәсіл еліміздің экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізіп, экономиканы әртараптандыруды, халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етеді, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Жасалып жатқан шараларды дұрыс дейміз, қолдаймыз. Өйткені, ең алдымен, қарапайым халыққа азық-түліктің қымбаттамағаны керек. Бір ғана мысал, жыл басында халық жиі тұтынатын картoптың бағасы 500 теңгеден асқан жағдай орын алды. Мұның себебе неде? Дерекке жүгінсек, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне қарағанда, 2024 жылы елден 545 442,1 тонна картоп экспортталған, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,7 пайызға артық (2023 жылы — 398 978,1 тонна). Әрине, картоптың бағасының қымбаттауы халыққа қиын тиді. Ақыры, ішкі нарықты отандық өндірістегі өніммен қамтамасыз ету және агрессивті экспортқа жол бермеу мақсатында 6 айға картоп экспортына тыйым салынды. Нарықты жедел толықтыру үшін Қытай мен Пәкістаннан картоп әкелінді. Бұл мәселе тұрғындарды алаңдатқаны да рас. Осыған орай қазір делдалдық схемаларды зерттейтін өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Аймақта қазір ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіліп тұр, онда өнім нарықтағы бағадан төмен, өндірушілерден тікелей әкеп сатады. Жыл басынан бері осындай 1500-ден астам жәрмеңке ұйымдастырылған. Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және картоп нарығын тұрақтандыру үшін картоп егістігі алқабы 15 мың гектарға ұлғайтылды.
Дұрысы, өз өнімімізді өндірген жақсы. Бүгінгідей нарықта импорт алмасқан заманда сырттан келетін тауарларға мүлдем шектеу қоя алмаспыз. Бірақ өз өніміңнің ішкі нарықта толтырып тұрғаны жақсы емес пе? Үкіметтің те көздеп отырғаны осы.
«Ana tili» газеті

Таңдаулы материалдар

Close