Basty bet

Ботулизмнің алдын алу – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты

Тамақтан улану жағдайлары, әсіресе үй жағдайында дайындалған тағамдармен байланысты қауіп, әлі күнге өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Алдымен, ботулизм деген не? деген сұраққа тоқталып өтейік.
Ботулизм – бұл тағам арқылы жұғатын, адам өміріне аса қауіпті жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы деп аталатын бактерия, ол оттегі жоқ ортада, яғни герметикалық жабылған ыдыстарда, дұрыс дайындалмаған немесе сақталмаған консервілерде көбейіп, өте күшті у-ботулин токсинін бөледі. Бұл токсин адам ағзасына түскен жағдайда жүйке жүйесін зақымдап, сал ауруына дейін, яғни ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Айта кететін маңызды жайт – ботулизм токсині тағамның дәмін де, иісін де өзгертпейді, сондықтан тағам сырттай жақсы көрінгенімен, өте қауіпті болуы мүмкін. Енді қай тағамдар ең қауіпті екеніне тоқталайық. Тәжірибе көрсеткендей, ботулизм көбінесе үй жағдайында дайындалған көкөніс және саңырауқұлақ консервілерінен, тұздалған немесе ысталған ет пен балық өнімдерінен, дұрыс стерилизацияланбаған банкалардағы тағамдардан жұғады. Әсіресе, үй жағдайында дайындалған консервілерді ұзақ уақыт сақтау қауіпті.
Осыған байланысты бірнеше алдын алу шаралары аса маңызды. Бірінші және ең басты ереже – үй жағдайында дайындалған консервілерді пайдаланар алдында міндетті түрде 15-20 минут қайнатып алу қажет. Жоғары температура ботулин токсинін жояды. Екіншіден, қақпағы ісінген, ашыған немесе күмән тудырған банкілердегі тағамдарды мүлде қолданбау керек. Мұндай өнімдерді дәмін татып көруге де болмайды. Үшіншіден, тағам дайындау барысында жеке гигиена талаптарын сақтап, қолданылатын ыдыстардың тазалығына және сақтау температурасына ерекше назар аудару қажет.
Сондай-ақ, тағам өнімдерін тек сенімді, сертификатталған сауда орындарынан сатып алу ұсынылады. Мерзімі өткен немесе сақтау талаптары бұзылған өнімдер адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
Ауру белгілерi сапасыз өнiмдi тұтынғаннан кейiн бiрнеше сағатта, көбiне 2-3 күннен кейiн көрiне бастайды. Бастапқы көрiнiстерi – бас ауыру, ауыздың құрғауы, әлсiздiк. Қызбаның, құсудың, iш өтудiң болмауымен ерекшеленедi. Кейiннен көру қызметiнiң бұзылыстары, көзге қос көрiну («көз алдында торлар», «тұман»), кейде қылилану, көздiң қарашықтарының үлкеюi байқалады. Науқастың ауызы құрғап кетедi, дауысы қырылдап өзгередi, жұту, демалуы қиындайды, қан қысымы төмендейдi. Ботулизмнiң алғашқы көрiнiстерiнен-ақ тез арада ботулинге қарсы сарысу енгiзу үшiн дәрiгердi немесе жедел жәрдемдi шақыру керек, себебi науқастың тыныс алуының тоқтау қаупi бар. Өзін-өзі емдеу – аса қауіпті.
Қорытындылай келе, тамақтан уланудың және ботулизмнің алдын алу – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі екендігін ескертеміз!Тағамды дұрыс дайындау, сақтау және күмәнді өнімдерден бас тарту арқылы біз өзіміздің ғана емес, отбасымыздың да денсаулығын қорғай аламыз. Ботулизмнiң бiрiншi көрiнiстерi пайда болғаннан тез арада дәрігерге көрініңіз, себебi тек уақытылы спецификалық медициналық көмек қана Сiздiң денсаулығыңыз бен өмiрiңiздi сақтап қалады!

Марат Искаков,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close