Basty bet

Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер ұлықталды

Кезекті мерекелік шара өткен аптаның жұмасында шуақты Шақпақ өңірінде жалғасын тапты. Жуалы ауданының 95 жылдық мерейлі тойында ұлттық мәдени құндылықтар дәріптеліп, қонақжайлылық әдет-ғұрпы, ұлттық ат спорты көпшілікке насихатталды.
Шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды жас буынға кеңінен дәріптеуге, салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, ұлттық жәдігерлерге құрметпен қарауға және 95 жылдық тарихы бар құтты мекеннің әсем табиғатын сүюге және оны танып-білуге тәрбиелеу.
Фестивальға ауыл тұрғындарынан алынып, көрмеге қойылған қолөнер бұйымдары және ата-бабалардан қалған жәдігерлер көрген жанның көзін сүйсінтеді. Шақпақ ауылдық округінде әзірбайжан ұлтының өкілдері көптеп шоғырланғандықтан, «Мехрибан» әзербайжан ұлттық орталығының көрмесінде олардың өзіне тән бай мұралары, әдебиеті және тұрмыстық бұйымдары қойылған. Көрменің оң қапталымен сол қапталында №4 Балалар өнер мектебінің сурет көрмесі және қолөнер бұйымдары орналасқан. Әрбір туынды жылы реңімен, түстің үйлесімділігімен, әсем жасалуымен көпшілікті таңдандырмай қоймайды.
Кітапхана қызметкерлері «Туған өлкем – тұнған шежіре» және «Жұлдызы жанған Жуалы» кітап көрмесін халыққа ұсынды. Олар онда «Шақпақата», «Құт мекенім – Жуалы!» айдарлары, «Жуалы-95», «Шақпақ әулие үңгірі» кітап инсталляциясы және ауылдық округтің түлектері, милиция генерал-майоры Тәттібай Дүйсебайұлы және сатира саңлағы Толымбек Әлімбекұлына дайындалған макеттер, ақын Ілияс Ахметовтың «Төрт құбылам» кітаптары қонақтарға таныстырылды.
Сонымен қатар, ауданымыз аграрлы аймақ болғандықтан, мұнда ауыл шаруашылығы техникаларының да көрмесі ұйымдастырылған. «Медеу» және «Дидар» шаруа қожалықтарының жаңа тракторлары да қойылған. Көрмелермен Тәттібай Дүйсебайұлы ауылдық клубының меңгерушісі Мұхит Жамалбеков таныстырды. Осылайша мен мұндалаған көрмелер қатары көрерменді ерекше тамсандырды.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев, аудандық мәслихаттың депутаттары – Қалды Байрамов, Ермек Абдиваитов, Жамбыл Молдабай және «Мехрибан» әзірбайжан этно-мәдени орталығының жетекшісі Эсмира Мамедова қатысып, жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.
Фестиваль қонақтарын күтіп алу рәсімі ерекше ұйымдастырылған. Ұлттық нақышта қазақы кимешектерін киген ақ әжелер күбі пісіп, диірмен тартып, оны жиналған көпшілікке шашу ретінде ұсынса, келіндер қазақы салтпен сәлем салды. Қызыл кілем бойымен қаз-қатарынан тізілген «Шақпақ» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері үлкендерден бата алды. Кимешек киген әжелер қонақтарға ұлттық тағамдардан, оның ішінде, бауырсақ, тары-талқан, жент, құрт, қымызын ұсынып, қонақжайлық белгісін танытты.
Қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп өмірге келер сәбиді асыға күткен. Себебі бала – өмірдің гүлі, ұрпақтың жалғасы саналған. Қазақ баласын ағаш бесікке салып баққан. Ағаш бесік көшпелі өмірге өте қолайлы болғандықтан, қай жерге болса да өздерімен бірге алып жүрген. Бесікті қазақтың құрмет тұтуы соншалық, кейде атасы жатқан бесікке немерелері де жатқан. Қазақтың туған жерді алтын бесікке теңеуі де бесікті ардақтаудан шыққан. Осындай ізгі дәстүрдің жалғасы «Бесікке салу» рәсімі де көпшілікке көрсетілді.
Шақпақ ауылдық округінің спорт ісі нұсқаушысы Ақпан Жанайдарұлының ұйытқы болуымен ауыл жастарына ұлттық және заманауи спорттық ойын түрлері ұйымдастырылған. Мәселен, «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Садақ ату», волейбол және бокс спортына ауыл жастарының ерекше дайындықпен әзірленіп келгені байқалады. Ұлттық ойынды дәріптеп жүрген көкпаршылардың жетістіктері де таныстырылды. Көрсеткіштері жоғары округтің спортшылары көптеген жарыстардан жүлделі оралған.
Жастар ісі инспекторы Ақжан Ахметов «Қымызфест» және «Тоқашfest» сайыстарын ұйымдастырып, онда ауыл жастары белсенділік танытты. Әсіресе, ұлттық сусын қымыз ішуден жарыс басталғанда жиналған жұртшылық ерекше қызығушылық танытты.
Тәттібай Дүйсебайұлы ауылдық клубының кішкентай балақайлары «Қоңыраулы қошақан» «Қолөнер шеберлері» деп аталатын үйірменің жұмыстарын сахнада таныстырды. Ауыл өнерпаздары осылайша өз өнерлерімен барша көрерменді тәнті етті.
Мерекелік іс-шараға қатысқан құрметті қонақтардың ақжарма тілектерімен бірге ауылдық округтің өнерпаздары күмбірлете күй орындап, әншілердің әсем әндеріне кезек берілді. Мың бұрала билеген бишілердің өнері де жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты. Мерекелік шараның соңынан ауыл тұрғындарына ақ дастарқан жайылды.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close