Basty bet
Антына адал аға сержант
Адам баласының өмірінде түрлі қауіп-қатерлер кездеседі. Бірде өрт, бірде табиғи апат, енді бірде тосыннан болатын төтенше жағдайлар. Осындай сын сәтте елдің амандығы үшін қашанда алдыңғы саптан табылатын жандар бар. Олар – төтенше жағдайлар қызметкерлері. Бұл сала – қауіптің алдын алудан бастап, апаттың зардабын жоюға дейінгі барлық жұмыстарды қамтитын күрделі жүйе. Мұнда түрлі мамандық иелері бірігіп жұмыс істейді: құтқарушылар, өрт сөндірушілер, инженерлік-техникалық мамандар, медициналық қызметкерлер және психологтар мен диспетчерлер.
Солардың ішінде өрт сөндіру қызметі – төтенше жағдайлар саласының қауіп-қатерге бірінші болып баратын маңызды буыны. Төтенше жағдайлар қызметі тек өртпен ғана емес, түрлі апаттармен де күреседі. Су тасқыны, жер сілкінісі, дауыл мен сел кезінде де елдің жүгін көтеретін осы жандар. Олар халық сенімін арқалаған, адал еңбегімен абырой тапқан азаматтар.
Бұл сала мамандарының әрбір күні сынаққа толы. Бірақ олар үшін бұл сынақ – қасиетті ел алдындағы борыш. Бүгінде ел тыныштығын күзету – олардың өмірлік ұстанымы.
Өрт – апаттардың ішіндегі ең жиі кездесетін әрі ең қауіпті түрі. Ол бір сәтте-ақ үлкен шығынға ұшыратып, адам өмірін жалмауы мүмкін. Мұндайда өрт сөндірушілер өмірін қатерге тігіп, қызыл жалынның ортасына кіреді. Олар от пен түтін арасынан адам құтқарып, қауіптің алдын алатын нағыз қаһармандар
Осы қаһармандық жолды таңдаған жандардың бірі азаматтық қорғау аға сержанты – Мұхит Кенжебеков. Ол 1991 жылы Қошқарата ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда отбасымен бірге Б.Момышұлы ауылында тұрады. 2009 жылы Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектепті аяқтады. Ал Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы «Түлкібас агробизнес және саяхат» колледжінде білім алып, оны 2010 жылы тәмамдаған. Оқуын аяқтаған соң Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, туған жеріне абыроймен оралды. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, 2015 жылы Тараз қаласында №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қызметке қабылданып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Ал 2018 жылдан бастап Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі қызметін атқарып келеді.
– Мен өрт сөндіру қызметіне 2015 жылы келдім. Алғашқы күннен-ақ бұл саланың қаншалықты жауапты әрі қиын екенін түсіндім. Әр шақырту – бір адамның, тіпті тұтас отбасының тағдыры. Әрбір өрт, әрбір апат бір адамның емес, бүкіл елдің басындағы ауыр жағдай. Ал біз сол сәтте көмекке алғаш болып жететін адамдармыз. Біреулер үшін бұл тек мамандық болуы мүмкін, ал мен үшін бұл тек мамандық емес ел алдындағы борышым. Бүгінгі жастарға айтарым, елге адал қызмет ету – абырой, ал төтенше жағдайлар саласында еңбек ету – ерлік пен сабырдың мектебі. Егер шынымен жүрекпен таңдасаң бұл сала сені нағыз азамат етіп тәрбиелейді.
Мұхит Сапарғалиұлы бүгінде тек елінің ғана емес өз жанұясының да тірегі. Асыл жары Феруза қазіргі таңда аудандық білім бөліміне қарасты Аула клубы мекемесінде оқушыларға білім беріп, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосуда. Бүгінде екеуі үш бірдей перзент өсіріп отыр.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі үшін күн-түн демей еңбек ететін батыл жандар. Бұл сала иелері ерлікке пара-пар, әрбір әрекеті халыққа деген адалдықтың айғағы.
Мұхит Сапарғалиұлы қызметте қайсарлық танытып, жанұясында асыл әке, ардақты жар бола білуімен де өнеге. Осындай азаматтардың еңбегі болашақ ұрпаққа үлгі, ел үшін мақтаныш. Халық амандығы үшін тер төккен әрбір өрт сөндіруші бүгінгі заманның нағыз батырлары.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»