Basty bet

Тоқаев жаңа Конституция жобасы туралы пікір білдірді Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтардан түскен ұсыныстарды жүйелеу және жан-жақты саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылған.

«Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл — ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы комиссия құрамында шетел мамандары жоқ», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін еркін білдіруге толық мүмкіндік берілді. Осы кезеңде eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түскен.

«Комиссия барлық өтінішті мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны атап өту маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылық назарына ұсынылған емес», — деді мемлекет басшысы.

Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында цифрлық платформалар кеңінен қолданылғанын атап өтті. Оның айтуынша, конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс арналары тиімді жұмыс істеп, шын мәнінде жалпыұлттық деңгейдегі талқылау өтті.

«Бұл — Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі», — деді Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Конституциялық комиссияның осы уақытқа дейін он отырысы өткенін еске салды.

«Комиссия мүшелері енгізілуі тиіс түзетулердің көптігін ескере отырып, ортақ шешімге келді. «Ата Заңға жекелеген өзгерістер енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн» деген байлам жасалды. Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды. Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте оң үрдіс деп санаймын», — деді ол.

Мемлекет басшысы азаматтардың Конституция жобасының әртүрлі баптарын белсенді түрде талқылап жатқанын айтып, қоғамның саяси мәдениеті мен белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті.

«Еліміз үшін “Әртүрлі көзқарас — біртұтас ұлт” және “плюрализмге — ашықпыз, экстремизмнен — қашықпыз” қағидаттары өте маңызды. Бұл қоғамдық диалогтің дамуына және еліміздің тұрақты алға басуына жол ашады. Қазірдің өзінде бір нәрсені сенімді түрде айтуға болады: жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсынылып отыр. Ол мемлекетіміздің сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді», — деп түйіндеді Президент.

Таңдаулы материалдар

Close