Basty bet

Ғасырлық тарихы бар байырғы білім ошағы

Мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Мектеп – бар білімнің бастауы, үлкен өмірге деген алғашқы қадам. Көптің есіне ыстық сағыныш пен жылы естелік ұялататын да осы мекен. Тарихы ғасырды еңсерген, іргесі мықты білім ордасына айналған Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылындағы №13 Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектеп талай қиын да күрделі кезеңдерде уақыт сынынан сүрінбей өткен. Мектептің ғасырлық тарихы келешек ұрпаққа өнеге болатындай және жастарды отаншылдыққа, елжандыққа тәрбиелейтіндей құндылықтарға ие.

Мектептің бір ғасырлық тарихына көз жүгіртер болсақ, 1910 жылдары Евгеньевка поселкасының аумағы кеңейе түскен кез еді. Бұл кезде Бурный поселкасы әлі құрылмаған. Ал, 1914 жылы шіркеуге келушілердің “Земская Приходская школа” болып мектебі ашылып, ол 1920 жылы бастауыш мектеп болып қайта құрылады. Осылайша, ауылда балаларға алғашқы білім беріле бастайды.
Білім беру ордасының тарихын кеңейту мақсатында сол тұстағы мұғалімдер ауылдың көнекөз қарияларының айтқан естеліктерін жинап, оны қайта жаңғыртады. Олардың мәліметінше, революцияға дейін балалар шіркеуде және приход мектебінде оқиды. Ал, революциядан кейін ауылда Батрак коммунасы ұйымдастырылып, бір мезгілде олар мектеп ашып, балаларды екі сыныпқа қосады. Сабақтар мұғалімнің үйінде өтеді. Ауыл тұрғындары соғысқа дейін диірмен жанынан алғашқы мектеп ғимаратын салған. Екінші ғимарат соғыстан кейін салынған.
1922 жылы 12 жасында аталған мектептің табылдырығын Батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы аттаған еді. Халқымыздың қаһарман перзенті, әйгілі жазушы Б.Момышұлы “Ұшқан ұя” кітабында: “Мектебіміз мені баяғыдан қоңырау үнімен елеңдетіп жүрген шіркеудің қасында екен. Кәдімгі қам кірпіштен салынған еңселі үй. Мұғалім менен әліппені сұрады. Алфавиттің бәрін айтып бердім. Менің орыс мектебінде алғашқы сабағым осылай басталып еді” деп еске алады. Батыр Бауыржан Момышұлы осы мектепте Василий Гончаровтың үйінде жүріп екі жыл оқып, орыс тілін осында үйренген. Бұл да мектептің тарихында өзіндік орны бар оқиға ретінде жазылған.
Мектеп 1934 жылы арнайы жеті жылдық мектеп болса, 1950 жылдан бастап Аркадий Гайдар атындағы орталау мектеп болып аталады. Мектепті 1968 жылдарға дейін Пак Владимир Савельевич басқарған тұста мектептің жаңа ғимараты бой көтереді. Ал, осы жылдан бастап мектепті Николай Иванович Лавриненко басқарған тұста 450 оқушы білім алады. 1978 жылдан бастап мектеп директорлығына жас маман Савостин Владимир Николаевич тағайындалып, ол жылдары бас ғимараттың шатыры қайта жабылып, мектеп су жылытуға көшеді, жиһаздар толықтай жаңартылады. Оқу-тәрбие жұмысы ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен тәжірибесінің арқасында жоғары деңгейде жүргізіледі. Оқушылары облыстық олимпиадаларда үнемі жүлделі орындар иеленіп, үздік оқушыларға “Артек” пионер лагеріне жолдамалар беріледі. Облыстық жиындарда пионер отряды республикалық байқауда бірнеше рет жүлдегер атанады. Мектептің көркемөнерпаздар ұжымы 20 жылдан астам уақыттан бері облыстық фестивальдерде І орын иеленеді.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары яғни, 1995 жылы Гайдар атындағы орталау мектебіне Әбдімәжит Дәуренов басшылық қызметке тағайындалады. Бұл кезең тәуелсіз еліміздің жаңа қоғамға аяқ басқан, аумалы-төкпелі “өтпелі кезең” болатын. Әрине, айтуға оңай болғанымен бұл кезеңнен мектепті алып шығу оңай болған жоқ. Алда талай түйіні көп, шешілуі қиын істер күтіп тұрды. Бірақ тәжирбелі, көпті көрген іскер азамат табанынан таусылып, маңдай терін төге жүріп, ұжымды соңынан ерте білді. Мектепті жақсы кадрлармен қамтамасыз ету, ғимаратты газдандыру және заманға сай білім беру үшін құрал-жабдықтармен жабдықтау сынды жұмыстарды өз деңгейінде атқарды. Тіпті, мектепке ең алғашқы компьютер де осы тұста алынған болатын. Сол жылдары “Ағылшын тілі пәні жоқ” деп балаларын өзге мектепке ауыстыру жағдайы орын алған кезде де бұл мәселені басшылық оңынан шешеді. Осы жылдары мектепте 386 бала білім алып, 35 мұғалім жұмыс істейді. Әбдімәжит Дәуренов мектепті орта мектепке айналдыру үшін және жаңа ғимаратын тұрғызу үшін де талай есіктерді қағады. Ақырында 2002 жылдан бастап мектеп орта мектеп болып қайта құрылады. Иә, мұның барлығы қазіргі таңда білім беру ошағының өсіп-өркендеу жолындағы жүріп өткен жолы мен тарихына айналды.
2007-2009 жылдары мектеп директорының қызметіне Мадияр Әділбеков тағайындалады. Жалындаған Мадияр Жаңабекұлы өзінің қысқа ғұмырында артынан өшпес із қалдырды. 2007 жылы жаңа мектептің құрылысы басталып, 2009 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген мектептің кірпішін өз қолымен қалаған Мадияр Жаңабекұлы еді. Құрылыс жұмыстары уақтылы аяқталып, сапалы салынуы үшін көз ілмей, болашағын қиялына қондырған ол басшылық еткен жылдары алғаш рет мектептен “Алтын белгі” иегері шықты.
Осылайша, елімізбен бірге дамып, өркендеуге құлаш сермеген білім беру мекемесіне 2009-2014 жылдары Құрыш Сыдығалиев басшылық етеді. Бұл жылдарды мектептің жаңа кезеңімен байланыстыруға болады. Заманауи үлгімен салынған мектептің кабинеттерін жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерге сай жабдықтау, компьютер сыныптарын ашу, интерактивті тақталар алу, лингофонды сыныптар ашу, мұғалімдердің біліктігін арттыру және білімді кадрлар жасақтау сынды шаруалар осы тұста өз шешімін табады. Бұл жылдары 76 мұғалім оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие бере отырып, аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жетістіктерден көрінуге себеп болады.
Қазіргі таңда директор Азамат Абеевтің басшылық етуімен мектепте тың идеялар мен жаңа ұсыныстар келді. 2014 жылы №13 Аркадий Гайдар атындағы орта мектептің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мерейтойда ауылдың қарияларының қолдауымен және кәсіпкерлердің демеушілігімен мектептің алдына “Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы осы мектепте 1922 жылы оқыған” деген ескерткіш белгі қойылды. 2017 жылдың шілде айындағы Жуалы ауданы әкімдігінің №205 қаулысына сәйкес мектеп “Ахмет Байтұрсынов атындағы №13 орта мектеп” коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта ауыстырылып аталды.
Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды, байлығымызды түгендеу, игеру, жас ұрпақтың бойына игі қасиеттерді сіңіру – бүгінгі мұғалімдердің басты борышы. Осындай қасиетті борышты арқалап жүрген 91 мұғалім шәкіртінің ертеңіне жол ашу мақсатында бір ұжымда еңбек етуде. «Білікті ұстаз – білімді ұстаз» демекші, мұнда ұзақ жыл ұстаздық еткен тәжірибелі мамандар жетерлік. Олардың басым бөлігі білім саласындағы үздік жетістігімен танылғандар. Оның ішінде жоғары білімді 88 мұғалім бұл ұжымның 96,7 пайызын түзеді. Үш арнаулы орта білімді мұғалім де ұжымда қалыптасып келеді. Ұжымда жалпы біліктілік санаты бойынша бір педагог-шебер, 31 педагог-зерттеуші, 26 педагог-сарапшы, 20 педагог-модератор және бір бірінші санатты және жеті магистр дәрежесіндегі мұғалім ауызбіршілікпен еңбек етіп отырғанын тілге тиек еткен жөн болар. Білім беру мекемесінде 541 оқушы білім алуда. Оның ішінде 36 оқушы 11 сынып болса, 62 оқушы мектеп табалдырығын аттаған 1 сынып оқушысы және 32 бала мектепалды даярлық тобында оқиды. Биылғы оқу жылында түлектердің ішінде төрт оқушы қызыл аттестатқа үміткер қатарында.
Соңғы жылдары мектептің білім сапасының көтерілуі ұжымдағы мұғалімдердің біліктілігі мен білімінің айқын көрінісі. Білім сапасы 2023-2024 оқу жылдары 66 пайызды көрсетсе, 2024-2025 жылдары 67,3 пайызды құраған. Ал, биылғы жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында білім сапасы 64,2 пайызды көрсетіп отыр. 2023-2024 оқу жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуден Ерасыл Балташ ең жоғарғы 121 балл жинап, мектептің мәртебесін көтерді. Осы жылы мектеп бітірген 25 оқушының 20-сы жоғары оқу орнына грантқа оқуға түскені де мектеп үшін мәртебе. Ал, өткен жылы мектептің түлегі, “Алтын белгі” төсбелгісінің иегері Гүлім Аманқұл да Ұлттық бірыңғай тестілеуден 116 балл жинап, жоғары көрсеткіш көрсеткені ұжым үшін мақтаныш. Сондай-ақ, 28 оқушының ішінде бір оқушы үздік аттестатпен бітіріп, жоғары оқу орнына 14 бала грантқа оқуға түскені де мұғалімдердің оқушылармен бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар, оқушылары халықаралық, републикалық, облыстық және аудандық байқаулардың жеңімпазы. Одан бөлек, мектептің оқушылары үнемі спорттық жарыстарда да оқ бойы оза шауып, топ жарып жүр.
Саналы ғұмырын шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнаған ұстаздар абыройлы зейнет жасына жетіп, қазіргі таңда зейнетінің бейнетін көруде. Мектеп ұжымы мен оқушылары ардагер ұстаздар Әсемхан Сыдықова, Виктор Ефремов, Гүлайым Каипова, Айман Кенжебаева, Байқадам Ағыбаев, Шарипа Жұмалиева, Майра Маханбетова, Роза Қыдырбаева, Роза Бекбауова, Ораз Әбдіхалықов және Айжан Жаналиеваға әрдайым сый-құрмет көрсетуді ұмытпайды. Ардагер ұстаздардың мектептің қалыптасуы мен білім сапасының жоғары болуына қосқан үлесі зор екенін де әрдайым есте сақтайды. Шәкіртінің жүрегіне жол тапқан бұл ұстаздар талай түлекті бәйгеге қосып, жүзден жүйрік болуына себепші болған жандар екені даусыз.
Жыл сайын оқу жылы аяқталған түста мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл толған түлектер туған жеріне, алтын ұя мектебіне ерекше ықылас білдіріп жатады. Түлектердің кіндік қаны тамған ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы тамаша дәстүрге айналды. А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің жомарт түлектері де алтын ұя мектебінің көркеюіне өз үлестерін қосуда. Мәселен, осы тұста мектеп бітіргендеріне 30 жылдан асқан 1973 жылғылар алтын ұя мектептерінің Рәміздер бұрышын жасап бергенін атап өтуге болады. Бұл істің басы-қасында Айдар Жетпісбаев, Қалижан Сұлтанов, Мәлік Момышев, Рамир Орманалиев және Керімқұл Балтабаев сынды азаматтар жүрді.
Мектеп ұжымының білім берген әр шәкіртімен мақтануы да заңдылық. Алтын ұя білім ошағы қашанда шәкіртімен қадірлі. Сол үшін ұстаз бен шәкірт арасындағы өнегелі байланыс қай кезде де құнды. Бұл мектептің түлектері әр салада жемісті еңбек етуде. Қазақ халқының көк туын жеңіс тұғырында желбіретіп жүрген бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері Әбілхан Аманқұл да осы білім ошағында білім алған. Сонымен қатар, мектепте алғашқылардың бірі болып дарынды оқушы Қанағат Сәбит «IQanat» олимпидасының жеңімпазы атанып, Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Бурабайда орналасқан «IQanat Kazakh-English High School» жаңа мектебіне грант ұтып алған болатын. Қазіргі таңда аталған мектепті “Алтын белгіге” бітірген Қанағат Астана қаласында Назарбаев университетінде білім алуда әрі балаларға математика пәнінің қыр-сырын үйретуде. Одан бөлек, алтын ұя мектебіне жанашырлық танытып, демеушілік жасап жүретін шәкірттері де баршылық. Олардың қатарында Алматы қаласының коньюнити орталығының директоры, Алматы қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі Әкежан Кеңесов, Жамбыл облыстық полиция департаментінде тергеуші болып қызмет атқаратын Дидар Сәбит және Астана қаласында инженер Жұмағали Жақып секілді тағы да басқа түлектер бар.
Міне, осындай ғасырлық тарихы бар білім беру мекемесінде талай түлек түлеп ұшып, өз саласында жемісті еңбек етуде. Ол әрине, әрбір ұстаздың, мектеп ұжымының қажырлы еңбегі мен бірлескен тәрбие жұмысының нәтижесі.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close