Basty bet

Күй күмбірлеп, ән әуелеген әсерлі кеш

Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі аудан сахнасында өнер көрсетті

Асыл өнердің киелі қара шаңырағына айналған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына биыл тоқсан жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт халық өнерін кеңінен дәріптеп келе жатқан қазақтың тұңғыш оркестрі бабадан қалған аманат – дала дарындарының әуелеген сазы мен күмбірлеген күйін көздің қарашығындай сақтап, тыңдаушының жүрегіне жеткізіп, ұлт жадында сақтап келеді.

Қазақ өнерін әлемге әйгілеген ата оркестрдің аудан топырағына келіп, өнер көрсетуі де өңірдің мәдени-рухани әлемінде елеулі жаңалық болғаны рас. Сонымен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 90 жыл толуына орай өнер ұжымы Жамбыл облысына гастрольдік сапармен келіп, қасиетті Әулиеата өңіріне қарасты аудандарды аралап, өнер көрсету үстінде. Әйгілі өнер ұжымының қасиетті Жуалы жеріне келіп, өнер көрсетуі аптаның бейсенбі күнімен тұспа-тұс келді.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде Дүниежүзілік және Халықаралық конкурстардың лауреаты, Халықтар Достығы орденді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің кезекті концерттік бағдарламасы болып, оған көрермен де әдеттегіден көп жиналды.
Халық аспаптары оркестрі концертінің шымылдығы Түркештің күйі «Көңілашармен» ашылды. Келесі кезекте Сүгірдің күйі «Бозінген», сонымен қатар Е.Брусиловскийдің «Алтынай» және Нұрлан Бекеновтың «Орақ батыр» шығармалары орындалды. Өнер ұжымы күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының атындағы оркестр болғандықтан, әйгілі күйшінің шығармалары да көрерменге тарту етілді. Атап айтқанда, Құрманғазының «Балбырауын», «Серпер», «Адай» және «Сарыарқа» сияқты халық арасына кең таралған күйлері орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Одан бөлек, концерт барысында жеке орындаудағы халық композиторларының және басқа да авторлардың шығармалары, танымал қазақ және шетел композиторларының шығармаларын да көрермен ыстық ықыласпен қабылдағаны анық.
Жуалы аспанында күй күмбірлеп, ән әуелеген шығармашылық концерттің соңында ауданның қадірлі қариялары әйгілі өнер ұжымына ақ баталарын берсе, ұжымға аудан әкімі Жалғас Мұртазаның атынан сый-сияпат және ықылас гүлі табыс етілді.
Әлемдік мәдениеттің төрінен орын алған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қай уақытта да ұлт руханиятының көшбасшысы болып қала беретіні даусыз.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close