Basty bet
Тәртіп пен тағылым тоғысқан жиын
Өткен аптада аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» қағидатының аясында ауданға қарасты Қарасаз, Билікөл, Мыңбұлақ, Боралдай, Күреңбел, Ақтөбе, Көкбастау, Нұрлыкент және Шақпақ ауылдық округтерінде жастармен тағылымды кездесулер өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын кеңінен түсіндіру.
Кездесуге Ауған соғысының ардагерлері, ауылдық округтердің ардагерлер кеңесінің төрағалары мен аналар кеңесінің төрайымдары шақырылып, олар өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар ел тыныштығы мен бірлігінің, қоғамдық келісімнің негізі – заңға адалдық пен тәртіп екенін атап өтті.
Жиын барысында жастарға құқықтық мәдениеттің мәні, заң талаптарын сақтаудың азаматтық борыш екені, құқық бұзушылықтың қоғамға және жеке тұлғаға тигізер кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, құқықтық мемлекет құру жолында әрбір азаматтың саналы әрекеті мен ішкі жауапкершілігі шешуші рөл атқаратыны айтылды.
Заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, ол – қоғамдағы өзара сыйластықтың, әділдіктің, қауіпсіздіктің кепілі. Тәртіп бар жерде – тұрақтылық бар, тұрақтылық бар жерде – даму бар. Сондықтан жастардың құқықтық санасын қалыптастыру, оларды заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу – болашақтың берік іргетасын қалау деген сөз.
Аудандық Жастар
ресурстық орталығы