Basty bet

Селден сақ болыңыз!

Биылғы жылғы сел қауіпті кезеңінің басталуына орай, облыс тұрғындарының назарына бір қатар мағұлматтар мен сақтық шараларын ұсынамыз.
Жалпы «Сел» — таулы аудандарда мұздықтардың, қардың мөлшерден артық еруінен, нөсерлі жауын-шашындардан, жер сілкінуден, тау өзендерінің арнасынан асып тасуынан, яғни климат өзгеруінен пайда болатын табиғаттың жойқын құбылысы.
Тас аралас саз-балшықтардың таудан төмен ағыла құлауымен сипатталатын, кенеттен басталып, барынша қарқынды өтетін мейлінше залалды құбылыс; әдетте нөсер жауындар әсерінен, кейде тау шатқалдарындағы қардың не мұздықтың жаппай еруінен туындап, шағын өзенше аңғарлары мен жылғалар бойын қуалай құлайды. Сел тасқыны құрамына қарай саз-балшықты, тастыбалшықты және сулы-тасты селдер болып үш түрге бөлінеді. Сел жолындағы борпылдақ шөгінділерді шайып, қатты тау жыныстарын бұзып, ағаштарды түбірімен қопарып, салмағы ондаған тонналық үйтастарды ағызып әкетеді. Сел Қазақстанның тауларындағы өзендердің алаптарында жылдың жылы мезгілдерінде (мамыр-қыркүйек айларында) жиі болып тұратын табиғат құбылысы.
Қазақстанда таулы жерлер және тау бөктерінің аумағы селдің, қар көшкіннің, сырғыма мен қопарылманың әсеріне жиі ұшырайды. Олар республика аумағының 13,3% немесе 360000 ш.м. ауданын алып жатыр. Мұнда үлкен ауылшаруашылық жайылымдары, көптеген шаруашылық объектілері мен коммуникация желілері, сондай-ақ халқының жалпы саны 5 миллионға жуық Алматы, Шымкент және Тараз сияқты ірі қалалар мен басқа да елді мекендер орналасқан.
Облыстағы сел қауіпті аймақтарда орналасқан телімдер мен нысандар төлқұжаты бойынша сел қауіпін төндіретін 18 өзен бар. Олар Жуалы ауданында – Ақсай, Көксай өзендері, Рысқұлов ауданында – Мақбал, Шөнгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу және Көкдөнен өзендері, Меркі ауданында – Аспара, Меркі, Молалы, Талды бұлақ, Түзу сұрат, Қордай ауданында – Қарақоңыз, Қақпатас, Рғайты және Қалғұты, Талас ауданында – Тамды өзендері.
Жамбыл облысы бойынша табиғи сипаттағы сел ағындары, қар көшкіні, сырғымадан қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрілігі «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы (бұдан әрі – Филиал) қызмет етеді және осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізуде.
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасының» филиалы облыс тұрғындарының назарына сел қауіпі бойынша бір қатар сақтық шараларын ұсына отырып, ескерту жасайды:

Сел қаупінің белгілері:
– сел қаупі күшті аудандарда қатты нөсердің ұзақ жаууы;
– биіктегі сел қаупі бар өзендерде ауа температурасының күрт көтерілуі, бұл морендік өзендердің суға толып, арнасын бұзып шығуын тудырады;
– өзендегі су деңгейінің күрт төмендеуі немесе оның жоғарғы жағында өзен бөгетінің бұзылуын көрсететін шұңқырдың пайда болуы;
-өзен бөгетінің бұзылуына алып келетін жер сілкінісі.
Сел тасқынының тікелей және жақын қаупінің белгілері:
– морендік-мұздақ кешендегі судың толғандығын айғақтайтын сел қаупі бар арнадағы ағынның тоқтауы немесе күрт бәсеңдеуі;
– биіктегі сел қаупі бар арнадан күшті гуілдің естілуі;
– сел айдаған тастың соққысынан топырақтың дірілдеуі;
– сел толқындарының соққысынан шаңдақ бұлттың пайда болуы;
– судың қатты лайлануын сипаттайтын сел алдындағы тасқынның пайда болуы;
Сел қаупі бар аудандарда болған кездегі қауіпсіздік шаралары:
1. Таудағы жағдай туралы баспасөз хабарларын ұдайы қадағалаңыз.
2. Сел қаупі бар биіктікте қатты нөсер жауа бастаса жылдам кетіңіз.
3. Сел тасқынына 50-70 м артық жақындамаңыз.
4.Тік жартас пен құлама беткейдің жанына тоқтамаңыз, өйткені тасқынның соққысынан сырғыма мен опарылма түсуі мумкін.
5. Сел араларымен жүрген кезде адамдардың арасындағы қашықтық кемінде 20-30 м болға тиіс.
6. Сел қаупі бар арналардың, өзен бөгеттерінің жанына демалуға тоқтамаңыз және шатырлы лагерь құрмаңыз.
7. Сел тасқынының белгісін сезген бойда арнадан қашығырақ кетіп, тау беткейі бойынша мүмкіндігінше жоғары көтеріліңіз.
8. Сел тасқыны өткеннен кейін селдік арнаға түспеңіз, өйткені ол қайталануы мүмкін.
9. Арнаға төмен түскен кезде және онымен жүрген кезде, әсіресе ой-шұңқырдан аса сақ болыңыз.
10. Морендік – мұздақтық кешенде және оның бойымен сел тасқыны қаупі болмайтын немесе өте сирек болатын кезеңде, ең жақсысы, ауа температурасы қалыпты кезде жүру ұсынылады.
11. Үйінділер бей-берекет жатқан, сондай-ақ мұздақтан немесе қар көшкінінен пайда болған кедергілері бар өзен бөгеттерінің жанынан жүрмеңіз.

Қ.О.Хамзин,
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ
«ЖАПБ» филиалының инженер-гидрологы

Таңдаулы материалдар

Close