Basty bet
Дін мен дәстүр – ұлт руханиятының қос қанаты
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани болмысында ислам діні мен ұлттық салт-дәстүр өзара сабақтасып, елдің дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Сан ғасырдан бері қазақ даласында имандылық пен адамгершілік, ата-баба аманатына адалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді асыл қасиеттер ұлт тәрбиесінің негізгі өзегін құрап келеді. Бұл құндылықтардың барлығы да ислам дінінің ізгі қағидаларымен үндесіп жатыр.
Ислам – адамзатты тура жолға, мейірім мен рақымға, адалдық пен әділеттілікке бастайтын қасиетті дін. Діннің негізгі мақсаты – адам баласының жүрегіне иман ұялатып, оны жақсы мінезге тәрбиелеу. Ал, қазақ халқы да ежелден «Иманды бол», «Обал болады», «Сауап болады» және «Құдайдан қорық» деген ұғымдарды ұрпақ тәрбиесінің негізіне айналдырған.
Халқымыз үшін имандылық тек құлшылықпен ғана шектелмеген. Иман – адамның мінезінен, ісінен, айналасына деген қарым-қатынасынан көрінетін үлкен қасиет. Адал болу, аманатқа қиянат жасамау, ата-ананы құрметтеу, мұқтаж жанға қол ұшын беру және көршімен тату болу – мұның барлығы мұсылмандық тәрбиенің көрінісі.
Қазақ «Адамның күні адаммен» деп, бір-біріне жанашыр болуды жоғары қойған. Қиындыққа тап болған жанға көмектесу, жоқ-жітікке жәрдем беру, асар жасау, жетім мен жесірді жылатпау – халқымыздың бойындағы мейірім мен қайырымдылықтың айқын белгісі. Бұл қасиеттер де ислам дінінің өзегі саналатын ізгілік пен бауырмалдық ұғымдарымен астасып жатыр.
Ислам дінінде ата-анаға құрмет көрсету – үлкен парыздардың бірі. Қазақ халқы да ата-ананы ардақтауды, олардың разылығын алуды өмірлік қағида санаған. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген нақылдар халқымыздың ата-анаға деген ерекше құрметін аңғартады.
Сондықтан қазақ отбасында үлкеннің батасын алу, ата-ананың разылығын сұрау, қарияның ақылын тыңдау ерекше мәнге ие болған. Бата беру дәстүрі де халқымыздың діни дүниетанымымен сабақтасып жатыр. Ақсақалдардың ақ батасын алу – Алладан жақсылық, береке, амандық тілеудің бір көрінісі.
«Батамен ел көгерер» деген сөз бекер айтылмаған. Қазақ халқы қандай да бір игі істі бастағанда, сапарға шығарда, шаңырақ көтергенде, сәбиге ат қойғанда үлкендердің батасын алуға мән берген. Батаның мазмұнында да Алладан тілек тілеу, ұрпаққа амандық, елге тыныштық, отбасына береке сұрау жатыр.
Әсіресе, отбасы мәселесінде ислам діні мен қазақы тәрбие өзара үндеседі. Шаңырақ – қазақ үшін қасиетті ұғым. Отбасының беріктігі, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы, ата-анаға құрмет, балаға дұрыс тәрбие беру – мұсылман қоғамының да, қазақ халқының да басты құндылықтарының бірі.
Қазақ халқы қыз баланы ерекше тәрбиелеп, оның ар-намысына, ибалы болуына мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз қыз баланы шектеу үшін ғана емес, оның тәрбиесіне бүкіл қоғам жауапты екенін білдіреді. Ал, ұл балаға елдің қорғаны, отбасының тірегі болу міндеті жүктелген. Ұлға – жауапкершілік, қызға – инабаттылық пен көркем мінез сіңіру қазақ тәрбиесінің басты бағыты болды.
Ислам дінінде де ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бала – Алланың аманаты. Сондықтан оған тек дүние-мүлік қалдыру жеткіліксіз. Ең үлкен мұра – дұрыс тәрбие, көркем мінез және жүрекке ұялаған иман. Ұрпаққа адалдықты, сабырлылықты, шүкір етуді, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды үйрету – әрбір ата-ананың жауапкершілігі.
Бүгінгі қоғамда дін мен дәстүрдің сабақтастығын дұрыс түсіндірудің маңызы зор. Кейде дінді ұлттық салт-дәстүрге қарсы қою немесе дәстүрдің барлығын дінмен байланыстыра беру сияқты біржақты түсініктер кездесіп жатады. Шын мәнінде, мәселенің мәніне терең үңіліп, дін талаптарына қайшы келмейтін, ұлттың тәрбиесі мен бірлігіне қызмет ететін дәстүрлердің мәнін түсіне білу қажет.
Қазақ халқы дінді ешқашан тек сыртқы көрініс ретінде қабылдамаған. Халық үшін мұсылман болу – ең алдымен адал болу, біреудің ақысын жемеу, өтірік айтпау, аманатқа қиянат жасамау, ата-ананы құрметтеу, туған-туыс пен көршіге қамқор болу еді.
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген халқымыз ар мен ұятты, адамдық қасиетті бәрінен жоғары қойған. Бұл – мұсылмандық тәрбиенің де басты негіздерінің бірі. Себебі, дін адамды тек құлшылыққа ғана емес, көркем мінезге, тазалыққа сондай-ақ, әділдікке тәрбиелейді.
Бүгінгі таңда жас ұрпаққа дінді дұрыс түсіндіру – аса маңызды мәселе. Дінді терең біліммен, байыппен тану қажет. Әсіресе, жастардың діни мәселелерде сенімді, сауатты ақпарат көздеріне жүгінуі, дінді дәстүрлі рухани құндылықтармен сабақтастыра отырып түсінуі маңызды.
Өйткені дін – алауыздықтың емес, бірліктің; өшпенділіктің емес, мейірімнің; надандықтың емес, білім мен парасаттың жолы. Ислам діні адам баласын татулыққа, кешірімді болуға, өзара құрметке үндейді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келген қонақжайлығы, кеңпейілдігі, жомарттығы мен бауырмалдығы да халықтың рухани дүниесінің байлығын көрсетеді. Дастарқан жаю, қонақ күту, мұқтаж жанға қолдау көрсету – қазақы тәрбиенің ажырамас бөлігі. Бұл дәстүрлердің түпкі мәні де – адамға құрмет көрсету, жақсылық жасау, мейірім таныту.
Дегенмен, дін мен дәстүр мәселесіне келгенде ең бастысы – шынайы білім мен дұрыс түсінік. Дәстүрді де, дінді де сыртқы сипатымен емес, оның қоғам мен адам тәрбиесіндегі мәнімен бағалау қажет. Діннің атын жамылып, алауыздыққа жол бермеу, салт-дәстүрді желеу етіп, ысырапшылдыққа ұрынбау – бүгінгі қоғам үшін маңызды ұстанымдардың бірі.
Дінін қадірлеген, дәстүрін ардақтаған елдің рухы биік болады. Ұрпақтың жүрегіне иман, санасына ізгілік, бойына ұлттық тәрбие сіңіре алсақ, рухани құндылықтарымыз да, елдік болмысымыз да мәңгі жасай бермек.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»