Basty bet

Өнерлі ауыл – өнегелі дәстүрдің бастауы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінде «Берекелді ауыл – Ел мерейі» мәдениет және өнер фестивалі аясында «Өнерлі ауыл – өнегелі дәстүр» атты тағылымды мәдени шара ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ауыл өнерпаздарының шығармашылығын насихаттауға бағытталған мереке тұрғындардың басын қосып, ұлттық рухты асқақтатқан мазмұнды кешке айналды.

Шара басталмас бұрын мәдениет үйінің аумағында ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен қолөнер мәдениетінен сыр шертетін түрлі бұйымдар қойылып, шеберлер өз туындыларының жасалу ерекшеліктерімен таныстырды. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар ұсынылып, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, ұлттық спорт ойындары көрсетілді. Бұл өз кезегінде мерекенің мазмұнын байытып, келген қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Салтанатты жиын қазақы дәстүрге сай шашу шашумен басталып, ұлттық би көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жүргізушілер қазақ халқының сан ғасырлық мәдениеті мен өнері, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрдің маңызы жөнінде тағылымды ойлар айтып, мерекенің мән-маңызын айқындай түсті.
Мерекелік кеште ауыл өнерпаздары халық әндері мен күйлерін орындап, ұлттық би өнерінің көркем үлгілерін сахналады. Әжелер ансамблі, жастар мен балалардан құралған би ұжымдары, жас әншілер мен күйшілер өнер көрсетіп, ұлттық өнердің сан қырын паш етті. Әсіресе, халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері сахналық қойылым арқылы көрініс тауып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ауыл тұрғындарын өнер мерекесімен құттықтап, ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сонымен бірге, мұндай мәдени іс-шаралар ел бірлігін нығайтып, жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға зор ықпал ететінін жеткізді.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ұлттық өнер мен салт-дәстүрдің қоғамдағы орнына тоқталып, ата-бабадан аманат болып жеткен рухани мұраны көздің қарашығындай сақтау – кейінгі ұрпақтың парызы екенін айтты.
Мерекелік кештің соңында ұлттық өнер мен қолөнерді дамытуға, ауыл мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып жүрген қолөнер шеберлері мен өнерпаздар арнайы Алғысхатпен марапатталды. Бұл олардың еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын белгісі болды.
«Өнерлі ауыл – өнегелі дәстүр» фестивалі ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, ауыл тұрғындарының рухани өміріне серпін берген мазмұнды мәдени шара ретінде есте қалары сөзсіз. Осындай игі бастамалар халқымыздың бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттап қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие мен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге, ел бірлігі мен рухани құндылықтарды нығайтуға қызмет ете беретіні анық.

Таңдаулы материалдар

Close