Basty bet

Ауыл – алтын бесік!

Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтері «Жомарт жердің ырысы» атты ауыл еңбеккерлері фестивалін бірлесіп ұйымдастарды

Ауыл – алтын бесік! Қазақтай көңілі кең, дархан халықтың түпқазығы мен қасиетті қара шаңырағы да – дәл осы ауылда. Ауылдай алтын бесікті қадірлеп, оны қасиетті мекен еткен еңбексүйгіш ағайын қазіргі таңда өздері туған және өздері тұратын ауыл, елдімекендерді түлетіп, онда нағыз береке мен бірліктің, татулық пен тірліктің ерен үлгісін танытып келеді. Оған қоса, туған ауылын естен шығармайтын сыртта қызмет атқарып жүрген елжанды азаматтар да туған өлкенің дамуына, көріктеніп-көркеюіне шама-шарқынша өз үлестерін қосып келеді.

Бұған халық та дән риза. Бұл бір жағынан елдің алдындағы перзенттік парыз.
Ауыл – адал еңбектің қайнаған ортасы, ауыл – нағыз еңбеккерлердің мекені. Ауылды түлетіп, оның тамырына қан жүгіртіп отырған да дәл осы ауылдың қарапайым адамдары. Ауылдық аймақтардағы берекелі бірлікті және адал еңбек құндылықтарын ел арасында кеңінен насихаттап, оны қоғамға үлгі-өнеге ету мақсатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Берекелі ауыл – Ел мерейі!» тақырыбында аудандық мәдениет және өнер фестивалін ұйымдастырудың іс-шаралар жоспарына сәйкес, шілде айының соңынан бері ауданға қарасты ауылдық округтерде түрлі жиындар мен мерекелік іс-шаралар өтуде. Бұл жолғы іс-шаралар легі Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінде өтті. Дәлірек айтқанда, аталған екі ауылдық округ бірлесіп Ақтөбе ауылындағы мәдениет үйінің ауласында «Жомарт жердің ырысы» атты тағылымы мол мерекелік іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырды. Фестивальді өткізудегі басты мақсат – еңбек адамдарын ұлықтап, отандық ауыл шаруашылығы саласының маңызын дәріптеу және туған жердің мол ырысын насихаттау.

«Сабантой» мерекесі немесе дала дастарқанының дәмі

Ауылдық мәдениет үйінің ауласында көкөніс, жеміс-жидектерден, т.б. ауыл шаруашылығы өнімдерінен көрме жасалған. Кіреберістегі қырман басында ауылдың еңбексүйгіш қыз-жігіттері жиналып, еңбектің көрігін қыздыру үстінде. Олар «Қырманға кел, қалқатай!» әнін орындап, қонақтарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Одан ары қарай ұйымдастырушылар қонақтар мен ауыл тұрғындарын дала дастарқанынан дәм татқазып, көрмені тамашалауға шақырды. Атап айтқанда, көрменің аясында ауыл шаруашылығы өнімдері мен дәнді дақылдар, көкөніс, жеміс-жидектен көрме жасалған. Онда ауылдық округтерде өндірілген алма, жүзім, бау-бақша өнімдерінен қарбыз, әңгелек, қауын, т.б. көкөністің түрлері қойылған. Оның жанында кітапханашылардың тақырыптық көрмесі орналасқан.
Қонақтар мен ауыл тұрғындарының назары алаңның бір шетіндегі ұлттық тағамдардың көрмесіне ауды. Оған негізінен ас атасы – наннан бастап, нанның түрлеріне бауырсақ, таба нан, қаттама нан, тәтті нан, қымыз, т.б. қолдан дайындалған экологиялық таза өнімдер қойылған. Ауылдық округте сүт өндіріп, одан түрлі дайын өнімдер шығаратын шағын сүт өңдеу цехы жұмыс істейді. Онда сарымай, құрт, айран, ірімшіктің бірнеше түрі шығарылады. Қызыларықтың шаруа азаматы Сұлтан Ахметов басқаратын шағын сүт өңдеу цехының өнімдері де көрмеден көрініс тауып, мақтауға ие болды. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық болмысты айшықтап, қонақжай халық екенімізден хабар беретін ұлттық тағамдар көрмесінің маңызы өте зор. Айта кету керек, ауыл шаруашылығы техникаларының да көрмесі назарға ұсынылды.

«Ауыл – кеші көңілді!» немесе адал еңбек – елдің көркі

Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылындағы мәдениет үйінің ауласында ұйымдастырылған «Жомарт жердің ырысы» атты мерекелік іс-шараның аясында ауылдық округ өнерпаздарының концерттік бағдарламасына көпшілік назарына ұсынылып, ауыл шаруашылығы саласында өнімді еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды. Кешті «Балауса» би тобы «Шашу» биімен ашты. Ары қарай жергілікті әжелерден құралған «Ақ әжелер» ансамблі «Аман ба?» әнін жанды дауыста жүрекке жеткізе орындады.
Ауыл шаруашылығы, ауыл еңбеккерлері, мәдениет пен өнер, руханият кеңінен дәріптелген тағылымды фестивальда алғаш болып құттықтау сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, ауыл – халқымыздың қасиетті қара шаңырағы екенін, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы егемендік жылдарының бедерінде экономикасы өсіп, әл-ауқаты артқан, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі, мәдениеті мен руханияты жоғары деңгейде дамып, әлемдегі өркениетті дамыған елдермен терезе теңестірген іргелі ел екенін баса айтып, іс-шараны ұйымдастырушыларға және ауыл еңбеккерлеріне алғыс білдіріп, еңбекте табыс тілейтінін жеткізді. Сондай-ақ, жиынның ауыл еңбеккерлері мен еңбек дәстүрлерін кеңінен дәріптеуге арналғанын ескерсек, іс-шара барысында Қызыларық ауылдық округінің әкімі Марат Қасымбеков ауылдағы «Вадим», «Байлық», «Берік» т.б. алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтың басшылары мен үлгілі механизаторларына Алғысхат табыстады.
«Жомарт жердің ырысы» атты мерекелік іс-шараның аясында өткен концерттік бағдарламада ауылдық округтің өнерпаздары әуелете шырқаған «Туған жер», «Ауылым», «Ауылға барам», «Қазағым сен» әндері ауыл аспанында қалықтап, «Ақ әжелер» ансамблі мен бишілердің мен бүлдіршіндердің өнері де көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жолғы фестиваль еңбек дәстүрлерін дәріптеп, ұлт руханиятын байытқан іс-шара болғаны анық…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close