Basty bet
Өңір кәсіпкерлеріне әрдайым қолдау бар
Бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру өңірдің атқарушы билігінің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі. Бұл бағытта өңірдің экономикалық даму жоспары жасалып, алдағы бес жылда атқаратын жұмыстары айқындалған. Соның негізгілерінің бірі өңірге инвестиция тарту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қойылып отырған бағыттың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу. Жалпы өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өткен жылы инвестиция қаржысы 9395,4 миллион теңгеге жеткен.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтың айтуынша, ауданның экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі – өнеркәсіп саласы. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты өнеркәсіп саласында өткен жылы 14,6 миллиард теңгеге жетіп, 100,2 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 6,9 миллиард теңге болып, 100,6 пайызды құраған. Бүгінгі таңда аудан экономикасының даму жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін іске асыруды көздейтін, жалпы құны 20,2 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жоба тізбесі жасалған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда ауданда 330 адамға тұрақты жаңа жұмыс орндары ашылмақ.
-Біздің алдыға қойып отырған жоспарларымыз ауқымды. Барлығы да ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Президентіміз «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңдағы жұмыс барысы да осы бағытта құрылып отыр. Осыған сәйкес ауданда әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 12 инвестициялық жобалардың базасы жасақтадық. Инвестициялық ресурстардың өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау жұмыстары жүргізілетін болады. Жобалардың жалпы құны – 20,2 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында 330 жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда, – дейді ол.
Марат Қасымбековтың айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың аясында ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатары артқан. Атап айтсақ, қазір ауданда шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 5593 субъекті жұмыс істеп тұр. Оның екеуі орта, 214-і жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 2472-і жеке кәсіпкерлер болса, 2905-і шаруа қожалық. Олар 9552 аудан тұрғынын тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Өткен жылы осы аталған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер мемлекет бюджетіне 264 миллион 101 мың теңге салық түсіріпті.
-Президентіміз Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта несиеге қол жеткізген, екінші деңгейлі банктердің сүйемелдеуіне ие болған бизнес өкілдері аз емес. Мәселен, төмен пайызбен несиеге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тағы басқа да қаржы ұйымдары арқылы 123 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтардың қаржы айналымын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін және инвестициялық бағытта 20 миллион теңгеге дейін барлығы 1485,6 миллион теңге қаржы берілген. Сондай-ақ «Ұлттық жоба» аясында 17 кәсіпкер несиеге қол жеткізіп, өз кәсіптерін бастап кетті. Әрбір жобаның іске асырылуы аудан үшін маңызды. Ол біріншіден, аудан халқының әл-ауқаты мен экономикасының артуына мүмкіндік берсе, екіншіден салыққа қосымша қаржы құйылады. Біз кәсіп бастаймын, инвестиция әкелемін, жұмыс орнын ашамын деген кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді бөлім басшысы.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 5 пайызбен кепілсіз несиеге 56 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалық жетекшілері ие болған.
Бұдан бөлек, Жетітөбе ауылдық округі, Кәріқорған ауылындағы «Алатау сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және Шақпақ ауылдық округіндегі «Япоша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жобаны іске асыруда.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жобаларды индустрияландыру картасына және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында іске асырылып жатқан жобалар да бар. Соның бірі Сұрым ауылында «МОЛ ДАМУ» АӨК сүт өнімі цехын біртіндеп іске қосуда. Сондай-ақ Жамбыл облысының кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген «ШақпақДорСервис» ЖШС «Битум зауытын қайта жаңғырту» жобасы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында инфрақұрылым (газ жүйесін) жүргізу үшін тиісті құжаттарын жинақтап, рәсімдеуде.
Ал, туризм саласында ауданда «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысын, «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойынан «Жол сервисі» кешенін салу көзделген. Қазіргі таңда бұл жобалардың біреуі ғана іске асырылу үстінде. Ол – «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы.
Жалпы ауданда 360 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Туристерді қабылдайтын 5 қонақ үй, бір балалар лагері, 11 кафе-мейрамхана мен алты демалыс орталығы жұмыс істеуде.
– Біз ауданда туризмді дамытуға мүдделіміз. Өйткені ауданымыз туризмді дамытуға қолайлы жерде орналасқан. Аумағымыздан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның әлеуетін әлі толық пайдалана алмай келеміз. Жалпы ауданның жағырапиялық орналасуы өте тиімді. Тараз бен Шымкент шаһарлары бізге тиіп тұр. Соған қарап өңірімізде туризм саласы тез дамиды деген ойдамыз, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбеков.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»