Basty bet

Декретке миллионмен шығуға бола ма?

Жүктілік – әйел өміріндегі ең әдемі, ең маңызды кезеңдердің бірі. Жүктілігіне 7 ай толғанда әйел декреттік демалысқа шығады. Ал декреттік демалыс – ата-ананың бірі бала күтіміне бар уақытын арнайтын кезең. Осыған байланысты жұмыстан уақытша босағандықтан жұмыс орны жалақы төлемейді. Мемлекет декреттік демалыста жүргендерге арнайы әлеуметтік жәрдемақы түрінде көмек көрсетеді. Осы орайда материалдық әл-ауқат туралы сұрақтар туындайды. Соңғы жылдары декретке шығатын жүкті аналарға арналған «Декретке миллионмен» деген арнайы курстар көбейіп кетті. Расында, декретке миллион теңгемен шығуға болады ма? Болашақ анаға қандай төлемдер төленеді? Бірнеше жұмыс орнынан декреттік демалыс алуға болады ма? Ең бастысы, бұл заңды ма? Бүгін біз мамандармен сөйлесіп, осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Жалпы елімізде алғашқылардың бірі болып «Декретке миллионмен» курсын Дәулет Мұқаев жүргізді. Қазіргі Мәжіліс депутатының «Dauletten.kz» ақпараттық-танымдық порталында декретке миллионмен шығуға байланысты көптеген мәліметтер топтастырылған. Кейін тіпті осындай онлайн сабақтар көбейіп кетті. Қай қалада болсаңыз да онлайн, офлайн кеңес алып, айтқан тәсілдерін қолданып, сіздің де декретке миллион теңгемен шығуыңыз әбден мүмкін.
Елімізде барлық жүкті әйелге бірдей төленетін жәрдемақылардан бөлек, әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша жәрдемақы да алуға мүмкіндік бар. Декреттік демалысқа миллион теңгемен шығу үшін сіздің әлеуметтік аударымдарыңыз кемінде 7 айлық есептік көрсеткішті құрауы қажет. Бүгінгі күні базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері – 40 567 теңге.
Бүгінде аналардың көбі тұрақты жұмыс істей жүріп қосымша табыс тапқанды жөн көреді. Сондықтан болашақ аналар жүкті екенін білген кезден бастап жеке кәсіпкерлігін ашқаны жөн. Осылайша өз атынан салық төлеп, өзіңізге әлеуметтік төлем мен зейнетақы аударасыз. Декреттік демалысқа шыққан кезде босануға дейінгі жәрдемақы арқылы кеткен шығынды өзіңізге қайтарып ала аласыз. Ал енді жеке кәсіпкерлік ашқысы келмейтіндер басқа адамның дара кәсіпкерлігі арқылы жұмысшы ретінде тіркеліп, зейнетақы қорына табысының 10 пайызын, әлеуметтік сақтандыру қорына 3,5 пайыз және табыс салығы, медициналық сақтандыру бойынша төлем жүргізеді.
– Жұмыс істеп жүрген кезде әлеуметтік сақтандыру қорына ақша төлеп отырсаңыз, жұмысқа қабілетсіз болған кезде, яғни сіз декретке шығып, үйде баламен отырған кезде сақтандыру қоры сізге ақша бөледі. Босануға дейінгі жәрдемақы зейнетақыдан емес, әлеуметтік сақтандыру қорынан есептеледі. Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік төлемді жұмыс істемейтін адам төлей алмайды. Сол үшін үйде отырған, жұмыс істемейтін ата-аналар декретке жақсы ақшамен шығуы үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі немесе басқа бір кәсіпкерге жұмысшы ретінде тіркеліп, төлем жасайды. Әлеуметтік төлем жасалғанда ғана сіз миллион теңге ала аласыз. Сондықтан ертерек әрекет ету керек. Аяғыңыз ауыр екенін білгеннен бастап қимылдасаңыз, әрине, өте жақсы. Егер бес ай салсаңыз, 460 мың теңге аласыз, – дейді экономист маман Айсана Тымбаева.
Бүгінде жеке кәсіпкерлікті үйден шықпай-ақ банк қосымшалары («Halyk Bank» немесе «Kaspi.kz») арқылы-ақ ашуға болады. Немесе онлайн түрде Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ЭЦҚ кілтін алып, e-gov.kz арқылы тіркей аласыз. Сондай-ақ салық органдарына өтініш жазып, жеке кәсіпкерлікті бір күнде тіркейсіз. Тіркей салысымен салық режимін таңдайсыз.
Алайда енді декретке миллион теңгемен шығу қиындайды. Бұған дейін декретке миллионмен шығу үшін 7 000 теңге зейнетақы қорына, 17 150 теңге әлеуметтік сақтандыруға аударатын. Енді 49 000 теңге зейнетақы қорына, 17 150 теңге әлеуметтік сақтандыруға аударасыз. Яғни жалпы сома шілдеден бастап 67 мың теңгеден асады. Өйткені 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді.
Осы жылдан бастап максималды декреттік төлем көлемі – 1 852 200 теңге. Декреттік демалыс пен әлеуметтік төлемді алу үшін жүктіліктің отызыншы аптасында, ядролық сынақ жүргізілген аумақтарда немесе егіз, үшем, төртемдерде 27 аптадан бастап шығады. Декреттік демалыс 126 күнге созылады. Жүкті әйел босануға дейінгі әлеуметтік көмекті, босанғаннан кейінгі баланың 1,5 жасқа дейінгі төлем және бала санына байланысты біржолғы жәрдемақыны алуға құқылы. Бастапқыда айтқандай, жеке кәсіпкерлігі жоқ, жұмыс істемейтін аналар босануға дейінгі ақшаны алмайды.
Биылғы жылдың жақсы жаңалығының бірі – бала күтімінде отырған аналардың жәрдемақысы бала бір жарым жасқа толғанша созылды. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты жәрдемақы өсіп отырады. Нақты айтсақ, 4 балалы анаға – 55 304 теңге, 5 балалы анаға – 69 138 теңге. Биыл «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталған аналардың жаңа статусы енгізілді. Соның аясында марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке жетті.
Жүкті әйелдердің барлығына негізсіз кәсіпкерлік ашуына болмайды. Тек шын мәнінде қолынан іс келетін аналар ғана өз кәсібін ашып, декретке табысты шығуы үшін төлем жасауы керек. Үйде бос отырып, ешнәрсемен айналыспайтын аналарға бірыңғай жиынтық төлеудің мүлде қажеті жоқ. Бұл жөнінде Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының маманы Меруерт Сәлменова былай дейді:
– Төлем тағайындау кезінде кімнің қай салада жұмыс істегені, қалай ақша тауып отырғаны, бәрі-бәрі тексеріледі. Сондықтан кез келген кәсіпті белгілеп, жеке кәсіпкерлікті аша салысымен төлем жасай беруге болмайды. Дұрыс төленбеген жағдайда қайта қайтарамыз. Тек іскер әйелдер, тұрақты жұмысымен қатар жеке кәсібін де дөңгелетіп отырғандар қомақты сома алады, – дейді Меруерт Ошқанқызы.
Осылайша, қарапайым есеп-қисапқа жүгіну арқылы сіз миллионер ана атана аласыз. Алайда тегін миллионды сізге ешкім бермейді. Сол үшін сырттан тон пішпей, ішкі атмосфераға кіріп, барлығын ой елегінен өткізген абзал. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлік ашатын кезде түсінбегеніңізді сала мамандарынан сұрап, ақыл-кеңесіне жүгінгеніңіз дұрыс. Қаржы мамандарынан да кеңес алып, айтылған ақыл-кеңесті бұлжытпай орындасаңыз – миллион теңге сіздікі!

arainfo.kz

Таңдаулы материалдар

Close