Basty bet

Көп жыл күткен қуанышты оқиға

Күреңбел ауылына ауызсу құбыры тартылып, тұрғындар қуанышқа кенелді

Құрылыс қарқын алса, ел экономикасы өркендеумен бірге, өңірлер де дамитыны белгілі. Сайып келгенде, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, өмір сүру сапасы да айтарлықтай артады. Мұның ішінде, қазір аймақтар арасындағы басты қатынас құралы саналатын жолдарды жөндеуге, сол арқылы ел, өңіраралық маңызы бар жолдарды қайта жаңғыртуға мемлекет тарапынан ерекше басымдық беріліп отыр. Ауыл тұрмысын жақсарту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау, сол арқылы инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту жұмыстары ел өңірлерімен қатар, Жуалы ауданына қарасты ауылдарда сәтімен жүзеге асырылып келеді.

Мұның ішінде, биыл ауданға қарасты бірқатар ауылда әбден ескірген ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарқынды атқарылып, 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесінің қарсаңында қасиетті өңірдің Күреңбел ауылында ауызсу жүйесінің ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Айта кету керек, биыл мұнда әбден ескірген ауызсу жүйелері қайта жаңғыртудан өткізіліп, биыл мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары жақында толық аяқталып, ауылдағы тұрғын үйлер мен аулаларға таза ауызсу беріле бастады. Ауылды ауызсумен жабдықтау мақсатында қолға алынған ауқымды жобаның аясында жалпы ұзындығы – 38 шақырымды құрайтын су құбырларына жаңа магистраль тартылды.
Көптен күткен ауызсу жүйесінің ашылуына байланысты су ұңғымасының басында қадірлі қариялар, ауыл ағалары және тұрғындар жиналып, қуанышты оқиғаға куә болды. Алғаш болып құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза қуанышқа құтты болсын айтып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасының жақсарып келе жатқанын атап өтті.
– Құрметті жерлестер және Күреңбел ауылының тұрғындары!
Сіздерді ең алдымен 25 қазанда атап өтілетін Республика күні ұлттық мерекесімен құттықтай отырып, ауылға ауызсудың тартылуына байланысты қуанышқа құтты болсын айтамын. Бүгін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының аясында Күреңбел ауылында жүргізілген ауызсу жүйесін пайдалануға беру мақсатында жиналып отырмыз. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында өңірде орналасқан 49 елдімекеннің барлығы 100 пайыз ауызсу жүйесіне қосылып отыр. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.
Бұл мақсатта 2024 жылы өңірге қарасты алты бірдей елдімекенде (Түктібай, Ақтөбе, Қарасу, Көктас, Күркіреусу және Амансай ауылдарында) ауызсу жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілсе, биыл Күреңбел ауылында ауызсу жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Күреңбел ауылын таза ауызсумен қамту жұмыстарын «ТаразСтрой-2004» ЖШС жүргізіп, ауыл көшелерінде барлығы – 42,7 шақырымға құбыр тартылды. Мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлініп атқарылған жұмыстардың нәтижесінде осында орналасқан 394 ауладағы екі мыңнан астам тұрғын сапалы әрі таза ауызсуды тұтынатын болады.
Атқарылған бұл жұмыс – Президенттің ауыл халқының өмір сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асқаны және Тәуелсіз Қазақстанның игілікке бағытталған игі істерінің заңды жалғасы. Қуаныш құтты болып, жүргізілген ауызсудың қызығын көріңіздер. Әрбір отбасына амандық-саулық тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Ұлттық мерекеге орайластырылған Күреңбел ауылындағы ауызсу жүйесінің ашылу рәсімінде ауылдың қадірлі қариясы, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Жетпіс Көпбаев және осындағы алқабилер төрағасы, ауыл жанашыры Еркебай Нағашбеков құттықтау сөз сөйлеп, мерекеге орай ауылдастарына игі тілек білдірумен бірге, мемлекет қаржысына салынған әлеуметтік нысанның іске қосылуын жақсылыққа балап, жиналғандарға ақ баталарын жаудырды. Нысанның лентасы салтанатты жағдайда қиылып, тәттіден шашу шашылды.
Су мұнарасында сусорғы стансасы және сыйымдылығы 250 кубты құрайтын екі бірдей резервуар орналасқан.
Таза ауызсу 100 метр тереңдіктен сусорғы арқылы резервуарға жіберіліп, мұнда бактерияға қарсы тазалаудан өткен ауызсу магистарльды құбырлар арқылы тұрғын үйлерге жеткізіледі. Жуалы ауданының Күреңбел ауылын ауызсумен жабдықтау жобасының құрылысына тапсырыс беруші мекеме – аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Нысанның жалпы жобалық-сметалық құны – 985 миллион теңге болса, құрылысқа жауапты мердігер мекемемен 916 миллион теңгеге келісім-шарт жасалып, биыл жұмыстар толық атқарылды. Бас мердігер – «ТаразСтрой-2004» ЖШС болса, техникалық қадағалаушы мекеме – «Құрылыс-жоба Инжиниринг» ЖШС.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close